Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сауапқа толы ұлық мереке

0 627

Рамазан – құлшылық-ғибадаттарымыз арқылы жан-дүниемізді байытып, оразамызбен рухани һәм физикалық саулыққа қол жеткізіп, тарауих арқылы намаздарымызды басқа қырынан танып, Құран оқуымен жүрегімізді нұрландырып, кедейлерге зекет-садақа беру арқылы олардың мұқтаждығына демеу болуға себеп болған ай еді. Міне, осынау сауабы мол, рахметке толы, берекелі де қасиетті Рамазан оразасын артта қалдырып, барша мұсылмандарға қуаныш сыйлайтын ораза айт мейрамына да келіп жеттік.

Рамазан оразасының парыз екендігін баяндаған Бақара сүресінің 182-аятында айтылған «Парыз ораза саналуы әрі белгілі күндерде» дегендей санаулы күндердің өмірі қысқа болып, тез арада өтті де кетті. Осы мейірім мен кешірімге толы күндерде Алланың разылығына қол жеткізетіндей етіп өткізген адам бақытты.
Қуанышқа толы айт мерекесі мұсылмандар арасында бауырмашылдық, сүйіспеншілік пен құрметтің кең етек жаюына себеп болады. Себебі, осындай қуанышты сәттерде мұсылмандар туыс-туған, дос-жаранмен өзара етене араласады. Сол сияқты араларындағы суықтық пен реніштің ұмытылуына себеп болады. Осылайша, мұсылман қоғамы жан-жақты кемелденіп, жеке-жеке адамдар өзара бір-бірімен қайнасып, бірігіп кетеді.
Адамның көңілін табу, қайғырған немесе көңілі түскен адамды бір жылы сөзбен яки іс-әркетпен қуанту, оның жаралы жүрегіне дауа болу мұсылманың даналығынан саналады. Ал, адамның көңілін қалдыру, ренжіту, оған физикалық немесе моральдық тұрғыда зиян беру мұсылманға жат қасиет. Осы себепті пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Нағыз мұсылман жанжалдаспайтын, лағнет айтпайтын, дөрекі сөз сөйлемейтін және тілімен зиян бермейтін адам» деген болатын. Осылайша, шариғатымыз адамның қайғырған көңілінің көтерілуіне ерекше мән берген.
Ислам шариғатында адам ерекше сый-құрметке пен сүйіспеншілікке лайықты құрметті жаратылыс. Осы құрмет пен сүйіспеншілікте әлбетте, жүрек пен ниеттің орны ерекші. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
إِنَّ اللّهَ لا يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَجْسَادِكُمْ، وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ
«Шын мәнінде, Алла сендердің сыртқы келбеттерің мен дене бітімдеріңізге қарамайды. Керісінше, жүректеріңіз бен істеген амалдарыңызға қарайды»,- деген болатын. Демек, жүрек ерекше орынға ие болғандықтан өзгенің көңіліне қарау иманымыз бен адамгершілігіміздің көрінісі болмақ. Ал, адамның көңілін табудың бірден-бір жолы оған сүйіспеншілік, құрмет, жанашырлық таныту арқылы болады.
Адамның көңілін табу мен оны қуантудың тағы бір жолы, адам ең әуелі өзінің көңілін рухани аурулардан тазартып алып, айналасына мейірім мен махаббат шашатын бір халге келтіруінде. Осылайша өзгелермен қарым-қатынас құруда жұмсақ, мейірімді, әділ, жанашыр, батыр, сенімді, тура болуы керек болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
المُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيدِهِ، وَالْمُهَاجِرُ مَنْ هَجَر مَانَهى اللّهُ عَنْهُ
«Нағыз мұсылман қолымен де, тілімен де өзге мұсылмандарға зарар келтірмеген адам»,- дей отырып, адамдармен қалай қарым-қатынас құруды үйретті.
Адамның көңілін табу мен оны қуантудың тағы бір жолы, кешірімді болу. Пайғамбар (с.ғ.с) ешқашан өзіне жасалған жамандықтарға қарсы жамандықпен жауап бермеген, керісінше кешірім жолын ұстанған. Ағраф сүресі 199-аятында:
خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَاَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
«(Уа, Мұхаммед!) Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма»,- деп айтып өткен болатын.
Ал, Бақара сүресінің 263-аятында болса:
قَوْلٌ مَعْرُوفٌ وَمَغْفِرَةٌ خَيْرٌ مِنْ صَدَقَةٍ يَتْبَعُهَآ اَذًى وَاللهُ غَنِىٌّ حَلِيمٌ
«Бір ауыз жылы сөз, біреудің айыбын жасыру һәм қатесін кешіру арты (қайыр-садақа алған адамды) ренжітуге ұласатын садақадан әлдеқайда қайырлы. Алла – Ғани (сендердің садақаларыңа да, құлшылықтарыңа да мұқтаж емес), Халим (құлын бірден жазаламайтын өте жұмсақ, кешірімді)», – десе, пайғамбар (с.ғ.с) бір хадисінде:
يَرْحَمُ اللّهُ مَنْ يَرْحَمُ النَّاسَ
«Алла тағала адамдарға мейірімдік танытпағанға мейірімдік танытпайды»,- деген.
Адамның көңілін тауып, оны қуантудың келесі бір жолы, оларға қолұшын созып көмек беру, сыйлық тарату, қолда бармен бөлісу арқылы болмақ. Сол үшін Алла тағала адам баласына берілген нығмет, ризық-несібеден қоғамдағы мұқтаждарға, кедейлерге, жетім-жесірлерге зекет, садақа ретінде беруді бұйырған болатын. Әли Имран сүресі 92-аятта Алла тағала:
لَن تَنَالُواْ الْبِرَّ حَتَّى تُنفِقُواْ مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنفِقُواْ مِن شَيْءٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ
«Жақсы көрген мал-дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілік пен кемелдікке қол жеткізе алмайсыңдар. Сондай-ақ қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, Алла оны біледі»,- деген болатын. Бұдан басқа да көптеген аяттарда өзгелерге садақа беріп, жақсылық жасаудың сауапты амал екендігіне екпін берілген болатын.
Ауырып қалғанның көңілін сұрау, құлағанға демеу болу, аш-жалағаш жанды тодыру да адамның көңілін тауып, оның қуануына себеп болады және Алланың разылығын алуға мүмкіндік береді. Сол сияқты, адамдардың мұқтаждықтарын өтеумен қоса, олардың айыптарын жасырып, олардың ар-намыстарына тимеу, зұлымдық етпеу де өзгенің көңілін тауып, оның қуануына себеп болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің өсиетті бір хадисінде былай деген болатын:
المُسْلِمُ أخُو المُسْلِمِ لاَ يَظْلِمُهُ وَلاَ يُسْلِمُهُ، وَمَنْ كَانَ في حَاجَةِ أخِيهِ كَانَ اللّهُ في حَاجَتِهِ، وَمَنْ فَرَّجَ عَنْ مُسْلِمٍ كُرْبَةً فَرَّجَ اللّهُ عَنْهُ بِهَا كُرْبَةً مِنْ كُرَبِ يَوْمِ الْقِيَامَةِ، وَمَنْ سَتَرَ مُسْلِماً سَتَرَهُ اللّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ.
«Мұсылман мұсылманның бауыры. Сондықтан, оған оған зұлымдық жасамайды һәм оны қауіп-қатерде жалғыз қалдырмайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе Алла оның қажеттілігін өтейді. Кім бір мұсылманды қиындықтан құтқарса, Алла да оны сол себепті қиямет күнінің қиындығынан құтқарады. Кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла да оның қиямет күні айбын жасырады».
Олай болса, һәм өзіміз, һәм бірге өмір сүріп отырған бауырларымыз қуанышты мереке өткізуі үшін, сол күндері қоғам болып бірлікті көрсету; қоғамдағы әлеуметтік аз қамтылған жандарға жәрдем беру; ата-ана, туыс-туған, көрші-қолаң, дос-жарандарға зиярат ету, айттау, сыйлық беру; балаларға көңілді күн сыйлау; сырқат жандардың көңлін сұрау; қайтыс болған марқұмдарға Құран оқып дұға жасау сияқты істерді атқару арқылы болу керек.
Ораза айт мерекесі құтты болсын!

Бейбіт Мырзагелдиев,
Жамбыл облысының бас имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.