Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сарысуда ардагерлер арасында волейболдан республикалық жарыс өтті

0 175

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Сарысу ауданында грек-рим күресінен «КСРО спорт шебері» Серік Ниязовтың 55 жас мерейтойына арналған ардагерлер арасында волейболдан республикалық жарыс өтті.

Ашық біріншілікке аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қатысып, аудaнымыздың ардақ тұтар азаматы, спорт жанашыры Серік Мнажатұлын мерейлі жасымен құттықтап, алғыс хат табыстап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Турнирге «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы мен дене шынықтыру және спорт бөлімі, сондай-ақ Ниязовтар әулеті демеушілік танытты.

Спорттық шараның ашылу салтанатында партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратбек Бұралқыұлы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, қазақтың ұлттық аспабы домбыраны сыйға тартты.

Республикалық жарысқа 8 команда қатысты. Атап айтқанда, Алматы қаласы құрамасынан бөлек, Жамбыл облысынан Меркі, Т. Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл және Сарысу аудандарының ардагерлері жарыс алаңынан табылды.

Бір күнге созылған турнир қорытындысы бойынша, жүлделі I орынды «Nur Otan» – Жаңатас» құрамасы алса, II орынға «Сарысу» волейбол командасы тұрақтады. Ал үздік үштіктен Алматы қаласынан қатысқан ардагерлер табылды. Жүлдегерлерге арнайы кубок пен алтын, күміс және қола медальдары табысталды.

Сондай-ақ, ойында «Үздік қорғаушы» атанған Жорабай Бейімбетов пен «Үздік ойыншы» деп танылған Нұрлыхан Байзалиевке, әрі ең жасы үлкен спортшы, 70 жасар Шәмшібек Имашевке демеушілер тарапынан арнайы сый-сияпаттар табысталды.

Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.