Өткен аптада Тараз қаласы коронавирус пандемиясының таралуы бойынша «сары аймаққа» енді. Осыған байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен коронавирустың таралуына қарсы күрес жөніндегі штабтың отырысы өтіп, жедел шаралар жоспары қабылданды.
Сәндібек Піренов Суретті түсірген С. АБЖАПАРОВ
Отырыста аймақ басшысы қаладағы мониторингтік топтардың жұмысын күшейтудің маңызы жоғары екенін атап өткен еді. Сондай-ақ ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық көліктерде әлеуметтік қашықтықты сақтаудың маңыздылығын айтқан. Жоспарға сәйкес сақтық әрекеттері күшейтіліп, қала аумағындағы барлық автопарктерде автобустарды залалсыздандыруға ерекше мән беріліп отыр.
Соңғы деректер бойынша вирус жұқтырғандардың басым бөлігі облыс орталығында тіркелген. Ал одан кейінгі қатарда Жамбыл және Т.Рысқұлов аудандарында індеттің таралу деңгейі артыпты. Жалпы вирустың алдын алу және емдеу үшін облыс стационарына 1,2 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек пен қажетті жабдықтар жеткізілген.
Кеше кешкісін қалалық әкімдіктің тұрғын жай-коммуналдық шаруа-шылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің және қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары қаладағы бірқатар жолаушы тасымалдайтын серіктестіктерді аралап, залалсыздандыру жұмыстарының барысымен танысып қайтты. Бүгінгі таңда қала аумағында ең ірі автопарк «Әулиеата Транс-Пасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Сала мамандары автопаркке барғанда, онда серіктестік директоры Рашид Пірманов жұмыс барысын бақылап отыр екен.
– Елдегі жағдайға байланыс-ты сақтық шараларын қатаң сақтау маңызды. Осы ретте қала аумағындағы автобустар санитарлық нормаларға назар аударуы керек. Мәселен, бізде автобустар автопаркке енген бойда залалсыздандырудың бірінші кезеңінен өтеді. Онда қосымша бөлінген екі маман қорғаныш киімдерін киіп, автобустың ішіне хлорлы сұйықтықты шашырата сеуіп өтеді. Ол сұйықтық адам денсаулығына зиянсыз. Осыдан кейін автобус көлік жуатын орынға өтіп, онда 4 маман тағы да дезинфекция жұмысына кіріседі. Осылайша, залалсыздандыру жұмысы күнделікті кешкі уақытта, яғни автобус автопаркке келгенде жүргізіледі. Осыдан кейін автобусты тұраққа кіргізіп, есігін ашып қоямыз, – дейді Рашид Сантөреұлы.
Белгілі болғандай, қала аумағында күніне шамамен 250 автобус қатынайтын болса, соның 100-і аталған автопарктің иелігінде екен. Осыдан кейін қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары автобустардағы санитарлық талаптар және түсіндіру жұмыстарына тоқталды.
– Залалсыздандыру жұмыстарын күніне бір автобус бірнеше рет жүргізеді. Әр автобустың жүргізушісі өзі қатынайтын бағыттағы соңғы аялдамада бір мезгіл тоқтайды, осы кезде қосымша тағы да дезинфекция жасалады. Бұдан бөлек, мамандар жүргізуші мен кондукторларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Яғни автобусқа жолаушылар мінгенде, әрдайым құлақтандырып отыруды ескертеміз, – деді Тараз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Мұхит Бейсенбай.