Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сапасыз құрылыс сан соқтырады

0 425

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Әуелі шаһар басшысы «Арай» алқабында бой көтерген №63 орта мектепке арнайы барып, жаңа білім ордасының алдағы оқу жылына дайындығын көрді. 600 орындық оқу ошағы Білім күніне орай салтанатты түрде пайдалануға берілмек. Мектептің оқу кабинеттерін, асханасы мен спорт зал кешенін аралап, материалдық-техникалық базасымен танысқан шаһар басшысы білім ошағының әзірлігін жеделдету керектігін баса айтты.

– Оқу ордасының құрылысы аяқталғанымен, әлі алда оқушыларды, педагогтар мен техникалық қызметкерлерді қабылдау жұмыстары бар. Бұл тұрғыда бос орындарға ең әуелі жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға басымдық берілгені жөн. Балалардың сапалы білім, саналы тәрбиемен қамтылуы үшін ұйымдастыру процесі жүйелі түрде жүзеге асуы керек. Осы мектепті алқап тұрғындары талай жылдан бері күтті. Ендеше, оның сапасы да соған сай болуға тиіс. Сондай-ақ балалардың тегін ыстық тамақпен қамтылуы назардан түспесін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан кейін қала әкімі «Казарма» алқабында жаңа оқу жылының қарсаңында есігін айқара ашатын 180 орындық білім ордасына да бас сұқты.
Мұнда да құрылыс сапасымен, оқу ордасының жағдайымен жіті танысқан шаһар басшысы мектептің балаларды қабылдауға тас-түйін дайын болуы қажеттігін тағы да еске салды.
Келесі кезекте «Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма», «28 саяжай» алқаптарындағы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты. Халықты таза ауызсумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы Тараз қаласында да жіті бақылауда. Әсіресе шалғай алқаптарға ерекше екпін түсірілген. Нәтижесінде, 2022 жылы аталған алқаптарда ауқымды жұмыстар басталған еді. Біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселенің шешімін табу үшін қазынадан тиісті қаржы қаралып, су құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, ауызсудың пайдалануға жарамды, тұрғындар денсаулығына қауіп төндірмейтіні туралы сараптама қорытындылары алынған. Жалпы бұл аумақта 7 300-ге жуық үй бар. Онда 29 мыңнан астам адам тұрады. Яғни осынша тұрғын мөлдір суға кедергісіз қосылуға мүмкіндік алып отыр.
– Еліміздің барлық елді мекенінде таза ауызсу қолжетімді болуға тиіс. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сондықтан бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені ауызсудың сапасы ел тұрғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Ал биыл «Шалғай Қарасу-1, 2, 3, 4, 5, 6, 7», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптарын ауызсумен қамту көзделіп отыр. Нәтижесінде, Тараз қаласында орталықтандырылған ауызсумен қамтылған халықтың үлесі 100 пайызды құрамақ. Бастысы, тұрғындар таза судың игілігін көру үшін абоненттеу жұмыстарын жеделдету қажет. Бұл бойынша қолға алынған жұмыстар да өз нәтижесін беріп келеді. Сондай-ақ қала тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленген. Сонымен қатар аталған алқаптарда жол жөндеу жұмыстары да басталды. Ағымдағы жылы бірқатар көшеге шағал тас төселсе, келер жылы асфальт салуды көздеп отырмыз. Барлығы кезең-кезеңімен, жоспарға сай өз шешімін табады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бірнеше үйге арнайы кіріп, тұрғындармен тілдесті. Тұрғындар да өз кезегінде қала басшылығына ризашылығын жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Бұдан соң шаһар басшысы «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы №6, 10 үйлердің маңындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды көрді. Жалпы биыл қалаішілік жолдарды жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Әсіресе ықшамаудандардағы тұрғын үй аулаларына кіретін жолдарға да ерекше екпін түсірілген.
Айталық, ағымдағы жылы орташа жөндеуге қазынадан тиісті қаражат қаралып, ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 41 жобаны, одан бөлек, 18,1 шақырымдық 7 жаяу жүргінші жолын (тротуар) және 73,8 шақырымдық шағал жолды жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күнге межеленген 41 жобаның жартысынан астамында асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, жаяу жүргіншілер жолдары да ел игілігіне берілуде.
– Ықшамаудандар халық көп қоныстанған аумақ болғандықтан, мұнда көлік қозғалысы қалың. Сондықтан жолдарының сапалы болуы маңызды. Осы мақсатта бірқатар ілкімді жоба қолға алынып, жоспарға сай жүзеге асуда. Бұл жерде тұрғындар тарапынан бақылау да болуы қажет. Сонда ғана құрылыс сапалы орындалады, – деген шаһар басшысы тұрғындармен тілдесіп, аулалардың тазалығына назар аударды.
– Биыл аулаларды абаттандыруға да көңіл бөліп отырмыз. Сәтін салса, жоспарды толықтай орындаймыз. Алайда осы салынған дүниелерді күтіп-ұстау деген мәселе бар. Бұған тұрғындар жауапкершілік танытуы керек. Сондықтан әрбір аумақта мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) құру маңызды. Алдағы уақытта мұндай бірлестіктер құрылмаған аумақтардың аулаларына ойын және спорт алаңшаларын салу қарастырылмайды. Бұл, бір жағынан, тұрғындардың ортақ мүлкіне немқұрайлы қарамауы үшін де қажет. Бұрын аулаларды тазалау қоғамдық жұмысшылардың мойнына жүктелген еді. Бірақ соңғы бір-екі жылдың бедерінде бұл жұмыстар тоқтатылды. Сондықтан тұрғындар да тазалық әуелі өздеріне керек екенін жете түсінуі керек. Сонда ғана тәртіп орнайды. Өз тұрғын үйінің ауласын күнделікті тазалап, айнадай жарқыратып отыру жергілікті биіліктің міндеті емес. Мемлекет тек сол аулаларды абаттандырып, шырайын келтірумен ғана айналысады, – деген қала әкімі тазалық тек таза ұстаған жерде ғана орнайтынын тағы да еске салды.
Шаһар басшысының келесі аялдаған нысаны – Төле би-Қойгелді көшелерінің бойындағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстары. Бүгінде жоба аясында 4 372 метр немесе 95 пайыз лоток және құбыр жүйесіне демонтаждау жұмыстары жүргізілген. Осы орайда айта кетерлігі, жалпы 6 138 метр жылу құбырының биыл 4 602 метр бөлігін қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бірер күннен бері мұнда құрылыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, асфальт жабындысы төселуде.
Осы күні қала әкімі «Барысхан» алқабындағы жол салу жұмыстарымен де танысты.
Осы ретте айта кетерлігі, көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А, Б, В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің былтыр 13 көшесі асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді. Ал «Барысхан» алқабында биыл 8 көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарланған. Бұған қоса, Жамбыл облыстық онкологиялық орталығы мен дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатына апаратын жол салу жұмыстарын да көрген Бақытжан Әмірбекұлы құрылысты сапалы әрі межеленген мерзімде аяқтау керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.