Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сапалы білім – саналы ұрпақ

0 333

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар білім беру нысандарын аралады. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырова және Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев сапар барысында мектептердің жай-күйімен таныстырды.

Бәтес Шапағат

Алдымен «Білім-инновация» дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатына ат басын бұрған өңір басшысы ондағы оқу кабинеттері, жатақханалар, акт және спорт залдарымен танысты. Оқу ордасында үш жүзге жуық оқушы білім алуда. Олардың білім көрсеткіштері үнемі жақсы деңгейде. Түлектердің көпшілігі Қазақстанның жоғары оқу орындарында және шетелде грант бойынша білім алуда.
– Лицейде оқыту ісі тиісті деңгейге қойылғаны белгілі. Мұндай оқу орындарын кеңейтіп, оқушылар санатын арттырып, балалардың санын 400-ге дейін жеткізуіміз керек. Лицейдің Назарбаев Зияткерлік мектебінің баламасы болуға әлеуеті жетеді. Ол үшін бәсекеге қабілетті болу, материалдық-техникалық базаны жақсарту, оқу процесін жетілдіру қажет, – деді Бердібек Сапарбаев лицей директоры Нұрбақыт Болтаевқа.
Бұдан соң аймақ басшысы Тараз қаласындағы №2 орта мектептің жай-күйімен танысты. Оқу ордасының негізгі ғимараты 1924 жылы бой көтерген десек, бүгінде оның әбден тозығы жеткен. Бердібек Сапарбаев бұл орайда қала әкіміне жаңа мектеп ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды уақыт созбай әзірлеуді тапсырды.
– Құрылысты тез арада бастап, осы жылы аяқтау керек. Дизайн мен қала құрылысының заманауи талаптарына сай келетін мектеп салу керек. Құрылыс кезінде іргелес аумақтағы барлық ағаштарды сақтап қалу маңызды, – деді облыс әкімі.
Мектеп директоры Светлана Гурскаямен әңгіме барысында облыс әкімі мектеп түлектерімен жақсы байланыс орнату, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде ата-аналар комитетінің рөлін күшейту қажеттігіне назар аударды. Осы орайда облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатыроваға да бірқатар тапсырма жүктелді. Қазір оқушылар қашықтан білім алып жатқандықтан, облыс мектептерінде жөндеу жұмыстарын алдын ала бастай беру мүмкіндігі ескерілді.
Сондай-ақ өңір басшысы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған мектепте болды. Мектеп директоры Зәуре Тұзақова оқу кабинеттерімен таныстырып, білім ордасының қызметі туралы әңгімеледі. Қазіргі уақытта мұнда 7-сыныптан бастап оқитын 490 бала білім алуда. Негізінен олардың көбі – Тараз қаласының тұрғындары.
Өңір басшысы мектеп директорына облыс аудандарының да оқушыларын қабылдауға баса мән беру керектігін ескертті. Ал оқу үрдісінде уақыт талабына сай техникалық мамандандыруға айрықша назар аударудың маңыздылығын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.