Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сапалы білім алуда жемқорлыққа жол жоқ

0 523

Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық екені белгілі. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Осы мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына үлкен зиянын тигізеді. Сондықтан онымен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе.

Елдің дамуына әділетсіздік танытқандарды өткен ата-бабаларымыз да қатты сынаған. Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп – өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Соның ішінде білім саласын атап айтуға боады. Алайда, халық парақорлық дертімен жиі кездеседі. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік таныту қажет.

Айналамыз таза болса, өзіміздің әсемдігіміз еріксіз байқалады. Қоғам қарсы болса, жай емес, түгел қарсы болғанда ғана бұл індет жойылады. Бұл індетті жою бәріміздің ортақ міндетіміз. Жемқорлық қоғамға ғана залалын тигізіп қоймайды. Адам өмірін құрдымға жіберер кесапат. Тіпті, оның өзі үлкен бір сала болып алғандай. Ішінара тармақтарға да бөлініп кеткен. Білім саласындағы жемқорлық, құқық саласындағы жемқорлық, тағысын-тағы. Кінәлі адамдардың қылмысын әшкере ету де жемқорлықтың алдын алу болып табылады. Заңда көрсетілген жемқорлық жайлы фактілерді оқи отырып, түбегейлі танысып көргеніміз артық болмаса, кемдік етпейді. Өркениетті дамытқысы келетін, ортасын құрметтейтін әр азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі. Ол әр азаматтың басты парызы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұрт болып жұмыла қарсы тұру, оны насихаттау ісі де ұшан-теңіз септігін тигізеді. Әлбетте, бірлесіп жасалатын бұл қылмысқа тосқауыл болуымыз керек. Өркениетті алға жетелейтін бағытты ұстанып, артқа тартатын шырмаудан түрлі бәле – кесапаттан сақтанып, жаман дертті балаққа шығармайтындай халде болашаққа нық сеніммен қадам басайық.

Сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды құруда отбасынан және білім ордаларынан алған тәрбиенің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау қоғамның түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде, әсіресе, білім беру мекемелеріне жүктелетін жауапкершілік аса жоғары. Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал», делінген. Мұнда өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірден бір ықпал ететін фактор болып табылады.

Жалпы айта келгенде, қазіргі қоғамда бала тәрбиесі маңызды болып тұрған кезеңде отбасында балаларды еңбекқорлыққа, қанағатшылдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу дәстүрі әрқашан да күн тәртібінде болуы керек. Сондықтан отбасында ұлттық тәрбиенің негізі, адамгершілік пен іс – әрекеттің өзегі ретінде адал еңбек басым болуы тиіс. Сонда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қоя аламыз. Бұл тосқауыл осы мәселені заңдық реттеуге қарағанда мықтылау, тиімдірек. Сыбайлас жемқорлықпен күресте әрбір адам өзінен бастауы тиіс. Ол қандай қызмет саласында отырса да, сол қызметінде «Мен еліме не беремін, осы қоғамның, мемлекеттің дамуы үшін қандай үлес қосамын», – дейтін болса, өз жұмысына, айналасына әділ қарап, таза жұмыс істегенде ғана осы кеселді толық жеңе алады деп ойлаймын.

 

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Құрылыс және материалдар өндіру»

 кафедрасының аға оқытушысы Сағынтай Тәттібаев

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.