Қалалық қоғамдық-саяси газет

Санитарлық сапта – сарбаздар

0 206

Қала аумағында коронавирус пандемиясымен күрес жұмыстары жүргізілуде. Оған арнайы комиссия құрылып, 13 мобильдік топ жасақталған. Дезинфекция жұмыстарына жасақталған топпен қоса «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилері де жұмылдырылған.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Сәкен Абжапаров

Наурыз айының 16-сынан дезинфекция жұмыстары алдымен аялдамалардан басталып, қазіргі уақытта барлық ықшам аудандарда жалғасуда. Әрине, арнайы топ тек күнделікті жоспарға сәйкес жұмыс атқарады. Бұл жолы дезинфекция жұмыстарының барысымен танысуға қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай барды. Ол алдымен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 28903 байланыс әскері бөлімінің санитарлық жұмыстарға дайындығын бақылады.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларының халық көп қатынайтын орындарын дезинфекциялау жұмыстары қолға алынды. Соған сәйкес әскерилер коронавирус пандемиясының оңтүстік аймаққа таралмауы үшін күш біріктіруге дайын екендерін көрсетті. Соның ішінде қала аумағында санитарлық жұмыстарға күн сайын 250-ден астам әскери қызметкер жұмылдырылады. Осыған дейін сарбаздар күнделікті атқаратын жұмыстарына сәйкес залалсыздандыруға міндетті аймақтардың арнайы тізімін де дайындаған. Соған сәйкес «Mart», «Small» сауда орталықтары, «Ауыл Береке», «Қайқармет» базарлары, темір жол вокзалы, әуежай, автобекет және басқа да халық көп қатынайтын орындарды залалсыздандыру жұмыстары қолға алынды.

Ал дезинфекция жұмыстарына әзірге құрамында хлор ерітіндісі бар сұйықтықты пайдаланбақ. Сондықтан да әскерилер химиялық заттарды өткізбейтін резеңкеден жасалған қорғаныш киімін (ОЗК) киеді. Сосын сарбаздар жауынгерлік дайындықтағыдай бірлесіп жұмыс атқарады. Бір жауынгер дезинфекция жұмыстарына арналған сұйықтықты себумен айналысса, екіншісі 20 литрлік канистраны тиісті орынға жеткізіп отырады. Ондағы 2 литр сұйықтық бір шаршы метрге жетеді. Ол канистраны үздіксіз толтырып отыру үшін арнайы «АРС-14» техникасын пайдалануда. Әскерилердің қала аумағында атқарып жатқан санитарлық жұмыстарына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері бастығының міндетін атқарушы, майор Мұхтар Сатаев жауапты болды. Ол әскерилердің өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып жатқанын айтты. Індетті ауыздықтау мақсатында таң атқаннан сапқа тұрып, арнайы техникаларды сақадай сайлаған соң жұмысқа кірісетін сарбаздардың істерінде жүйе бар. Олар халықты үйден шықпауға шақырып, «Біз халықпен біргеміз!» деген ұранды ұстанып жүр. Жауынгерлердің қатарындағы 28903 әскери бөлімінің прапорщигі Ғабит Тастанов төтенше жағдай кезінде өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаратынын айтты.

– Осы байланыс әскері бес топқа бөлініп, жеке құрамнан жасақталған 100 қызметкер сағат 10:00-ден бастап, кешкі сағат 18:00-ге дейін жұмыс атқарады. Қазір әлем елдерін алаңдатып отырған ахуалға байланысты қала тұрғындарын үйде отыруға шақырамыз, – деді ол.

Дезинфекция жұмыстарына жасақталған әскерилердің дайындығын бақылаған соң, 9 және 10-шы мөлтек аудандарына барып, төрт бірдей арнайы топтың санитарлық жұмыстарға бел сыбана кіріскенін көрдік. Байқағанымыздай, вирустың алдын алу шараларына күніне 60-тан астам адам жұмылдырылады екен. Көп ұзамай, «Халықтың денсаулық орталығы» ЖШС-нен 11 адам, бір техника, Ұлттық сараптама орталығынан 18 адам, 6 техника, радиологиялық бақылау орталығынан 5 адам, обаға қарсы күрес станциясынан 22 адам, 3 техника жұмылдырылғаны белгілі болды. Осыдан кейін полиция қызметкерлері қос мөлтек ауданды аралап, тұрғындарға екі сағатқа дейін сыртқа шықпауын дабыл қағып ескертті. Байқағанымыздай, төтенше жағдай кезінде мекемелер бірігіп жұмыс жасауда. Яғни арнайы дезинфекциялық құралдары мен техникалары бар мекемелер қол қусырып отырған жоқ.

Санитарлық жұмыстарға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 22534 әскери бөлімінің жеке құрамы да сақадай сайланғанын «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде жүргізілген дезинфекция жұмыстары кезінде көрдік. Жүктелген міндетке сәйкес радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері халық көп жиналатын орынды тазарту үшін құрамында бактерияға қарсы хлор қоспасы бар сұйықтықты пайдалануда. Сондай-ақ көбікпен жуу әдісімен де жұмыс жасауда. Халық көп жиналатын орындарда атқарылатын жұмыстардың барлығы адам денсаулығына еш зиянсыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.