Қалалық қоғамдық-саяси газет

Салық кодексінде не өзгеріс?

0 262

«Өркениетке бастайтын жол салық төлемдерінің түбіртектерінен төселеді» депті еуропалық экономистердің бірі. Бүгінде салық халық пен мемлекет өмірінің барлық саласымен біте қайнасып кеткені рас. Жаңа басталған жылдың да басты жаңалықтарының бірі – осы салаға енгізілген өзгерістер мен олықтырулардың күшіне енуі.

Арайлым Шабденова

2008 жылы қабылданған Салық кодексі осы уақытқа дейін 16 рет өзгертіліп, 3 рет қайта жазылыпты. Әділет министрлігі Заңнама институтының статистикалық талдау деректеріне сүйенсек, 2009 жылдан бастап Салық кодексіне заңмен 130 өзгеріс пен толықтыру енгізілген екен. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» жаңа кодекс күшіне биылғы жылдан енді. Алдымен салықтың түрлерін анықтап алсақ. Тікелей салықтар тікелей табысқа немесе мүлікке салынады. Оларға мүлік, жер, табыс, әлеуметтік, көлік салықтары жатады. Табыс салығы заңды немесе жеке тұлғалардың табысына салынады. Жанама салықтар – тауар бағасына салынған түрі. Оларға қосылған құн салығы мен акциз және кеден, баж салығы жатады. Осы тұста 2019 жылға бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2525 теңге болғанын айта кеткен жөн. Ал жалақының ең төменгі мөлшері – 42500 теңге.

– Енгізілген өзгерістерге келіспегендер салық органдарына хабарласа алады. Жаңа кодекстің ерекшелігі – әр ұйым өзіне қажетті ақпаратты соған қатысты тарауға кіріп біле алады. Заңның бәрін шолып шықпай-ақ, өзіне қажетті мәліметті алуына болады. Ескі Салық кодексінде 798 бап болатын, қазір 773 баптан тұрады. Сонда 25 бапқа қысқартылып отыр, – дейді Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Құлмұханбет Исақов.

Банк карточкаңыз бұғатталып, жалақыдан қағыласыз 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған болсаңыз, бірыңғай жиынтық төлемін төлейсіз. Сонда медициналық әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік төлемді де қазіргіге қарағанда көбірек аласыз. Салық төлеуді ұмытып кетсеңіз немесе төлемесеңіз, ұялы телефоныңызға, электронды поштаңызға салық берешегін өтеу туралы хабарлама жолданады. Егер салық мекемесіне барып, нөміріңіз бен жеке поштаңызды алдын ала тіркетпесеңіз, онда хабарлама келмеуі де мүмкін. Осы хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жеке тұлға салық берешегін өтеу қажет. Көрсетілген мерзімде өтемесе, мемлекеттік кірістер органдары салық бұйрығын шығарады. Одан кейін атқарушылық іс жүргізу мекемелеріне жіберіледі. Салық төлемесеңіз, берешек болып шыға келесіз. Міндетті түрде төлеуіңіз керек. Әйтпесе, банк карточкаңыз бұғатталып, жалақыдан қағыласыз.

Жыл басынан бері салықтық борыштарды орындаудың шаралары мен әдістерін қолдану тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Барлық салық төлеушілер тәуекел дәрежесіне байланысты үш топқа бөлінеді. «Жасыл топ» төмен деңгейдегі салық төлеушілері ретінде жіктеледі. Орташа тәуекел тобына стандартты әкімшілік механизмдер қолданылады, хабарламалар жіберіледі, ал салықтық бақылау шаралары сақталмаған жағдайда жазбаша ескертіледі. Үшінші, «қызыл аймақ» деп аталатын жоғары тәуекел дәрежесі бар салық төлеушілер. Оларға салық міндеттемелерін тиісінше орындамаған жағдайда мұқият қарауға және анықталған кемшіліктерді дереу жою барысында салық заңдылығына сәйкес іс-шаралар қолданылады. Сонымен қатар сенім мен ашықтық қағидаттарына негізделген ірі салық төлеушілермен өзара әрекеттесудің жаңа түрі «Көлденең бақылау» қабылданды. Оның мәні салық төлеушінің ақпараттарға қолжетімділігін ашып, бірқатар артықшылықтарға ие. Біріншіден, салық тексерулер болмайды, салық міндеттемелерін дұрыс орындау бойынша ұсыныстар алу және ұсыныстарды ерікті түрде жүзеге асыру кезінде жауапкершіліктен босату.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 108,1 пайызға орындалды. Өсу қарқыны 105,4 пайызды құрады. Республикалық бюджеттің кірістер бойынша жоспары 108,7 пайызды құраса, жергілікті бюджет 107,8 пайызға орындалды. Ал сыртқы сауда айналымының көлемі 176 млн 062 мың доллар немесе 12,4 пайызға өсті. Жалпы жыл басынан бері кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша туындап жатқан сұрақтар мен оны түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деді департамент басшысы.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелгеніне қарамастан, кедендік баждардың, экспедиторлардың және комиссарлардың ставкаларын төмендететін тауардан әкелінетін тауарларды сататын барлық қосымша құн салығын төлеушілермен бірге шот-фактураларды электронды түрде беру қажет. Сонымен қатар қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеушіге ҚҚС бойынша бақылау шотын ашуға қатысты ерікті негізде сомасы бойынша ақша қозғалысын есепке алу үшін пайдаланылатын жеке банк шотына қатысты нормалар енгізілген. Бөлек есепке алу механизмі Blockchain технологиясымен жүзеге асырылады. ҚҚС бойынша бақылау шоттарын қолданатын экспорттаушылар үшін инспекциялардың қорытындылары бойынша ҚҚС қайтару мерзімдері 55-тен 15 жұмыс күніне қысқартылады.

Бірыңғай жинақтық төлем енгізілді.Елімізде азаматтардың құқығын қорғау бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Алайда әлеуметтік және еңбек құқығының толық пакетін ұсыну үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды формализациялау қажет. 2010 жылдан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі азайып келеді. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін формалды емес жұмыспен қамтылған халыққа, яғни қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етушілерге ұйымдастырушылық, құқықтық мүмкіндік беруге бағытталған арнайы механизм жасалған болатын.Ол – Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) механизмі. БЖТ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға зейнетақы жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. БЖТ жаңа салық түрі емес, бұл төлемнің төрт түрін, яғни жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға жағдай туғызады. Қазіргі жағдай көрсетіп отырғандай, формалды емес жұмыспен қамтылуға салық органдарына тіркелу мен есептен алудың процедураларының күрделілігі, көптеген төлем жүйелерінің болуы және салық режимін айқындаудың қиындығы тәрізді факторлар ықпалын тигізеді. Мәселен, Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу салық органдарында тіркелудің жеңілдетілген тәртібін қарастырады, бұл формалды емес жұмыспен қамтылғандарды заңдастыруды жылдамдатады. Осылайша, БЖТ енгізу азаматтардың өздерінің еңбек қызметін тіркеуіне ықпал етеді. Жалпы алғанда, БЖТ азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, сондай-ақ олардың кірістерінің деңгейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бақылау-касса машинасын қолдану тәртібі
Жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу барысындағы басты талап – фискалдық жұмысқа қатысты. Егер кәсіпкер тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін жүзеге асырылатын есеп айырысуларды қолма-қол ақша және төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы жүргізетін болса, әдеттегі немесе деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдану қажет. Бұл машиналардың айырмашылығы неде? Осы уақытқа дейін пайдаланып келген бақылау-касса машиналары, бір ауысымда ұрылған барлық чектердің қорытынды сомасын жазатын фискалды жадымен жарақтандырылған болатын. Мұндай деректерді кәсіпкер қолма-қол ақшаны есепке алу кітабын және тауар чектерінің кітабында да көрсетеді. Деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналары басқа тәртіппен жұмыс жасайды. Олардың модификациясында беруші құрылғы, модемі бар. Аталған модемнің көмегімен, әр ұрылған чек туралы барлық ақпарат фискалдық деректер операторына, яғни «Қазақтелеком» АҚ-ына, әрі қарай салық органдарына жедел беріледі. БКМ жаңа түрлері 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап әртүрлі отынның (бензин, дизельді отын), алкоголь өнімін сатушылармен қолданыла бастады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап заң негізінде деректерді тіркеу және беру функциясы бар БКМ-ды қолдану келесі тұлғаларға жүктелді, атап айтқанда, шаштараздар мен сұлулық салондары, қонақ үйлері мен мейрамханалар, ағаш материалдарын, құрылыс материалдарын және сантехникалық жабдықтарды, металл бұйымдарын, су құбырын және жылыту жабдықтары мен мүкәммалын көтерме саудада сатумен айналысатын кәсіпкерлер. Сәйкесінше, компьютерлерді, перифериялық жабдықтар, аудио және бейнетехниканы, тұрмыстық электр аспаптарын, жиһазды, жарықтандыру жабдықтары мен өзге де тұрмыстық керек-жарақтарды бөлшек саудада сатумен айналысатын кәсіпкерлер. Тізбеде тамақ өнімдерін жеткізу бойынша және кинофильмдер көрсету жөніндегі қызметтер де бар. Биылғы жылы 633 қызмет түрі БКМ жаңа тәртібіне көшу рәсімдері жүргізілуде.

Жалпы жаңа жүйе 2019 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін енгізілмек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.