Жуырда облыстық денсаулық сақтау басқармасы «Рrimary health Care» Ұлттық қауымдастығымен бірлесіп, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Алматы декларациясының 44 жылдығына және МСАК бойынша Астана декларациясының 4 жылдығына арналған «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектегі инновациялар» тақырыбындағы Халықаралық конгресс өтті.
Басқосудың салтанатты ашылуында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, медицина саласы бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Жолдауда Мемлекет басшысы алдағы екі жылда еліміздің шалғай ауылдарында фельдшерлік және акушерлік пункттер салынып, толық жабдықталатынын атап өткен болатын. Осыған орай биыл облысымызда 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысына 9,3 миллиард теңге, 9 нысанды жөндеуге 496 миллион теңге бөлінді, – деген аймақ басшысы өмір сүру ұзақтығының артуы, өлім-жітімнің төмендеуі сияқты көрсеткіштер алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының тиімділігіне тікелей байланысты екенін де баса айтты.
Сондай-ақ Нұржан Молдиярұлы өңірімізде осындай ауқымды шараны ұйымдастырып отырған «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» ұлттық қауымдастығына ризашылығын білдірді. Бұдан соң Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Азамат Дүйсенов, «Ресей медбикелер қауымдастығы» Бүкілресейлік қоғамдық ұйымының президенті Валентина Саркисова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, Еуразиялық медицина қауымдастығының басқарма төрайымы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрайымы Надежда Петухова, еңбек ардагері, Меркі ауданының Құрметті азаматы Базаркүл Әлмейізова, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Әсет Қалиев, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» ұлттық қауымдастығының президенті, профессор Төлебай Рахыпбеков сөз алып, конгресс жұмысына табыс тіледі. Бұған қоса медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының басшысы Мелитта Якаб, Қырғыз Республикасының денсаулық сақтау министрі Гүлнар Баатырова, Ресей Федерациясы денсаулық министрінің орынбасары Евгений Камкин, Түрікменстан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Мұхаммет Эргешов бейнеқұттықтау жолдады.
Конгрестің екінші күні пленарлық және секциялық отырыстар өтіп, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған негізгі трендтер талқыланды. Жиын соңында арнайы қаулы қабылданды.
Меркідегі тәжірибе орталығының мүмкіндігі мол
Халықаралық конгреске жиналған делегация өкілдері әуелі Меркі ауданында ашылған алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша үздік тәжірибе орталығына аялдады.
Орталық барлық жастағы адамдардың денсаулығы үшін маңызды бағыттарды қамтиды. Атап айтсақ, мамандардың кәсіби құзыреттері мен тұрғындардың денсаулығы үшін жауапкершілігін қалыптастыру, медициналық көмектің және халықтың өмір сүру сапасын арттыру, пациенттердің қанағаттануын жақсарту сынды бағыттар бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл әсіресе COVID-19 пандемиясының өршуі мен таралуына байланысты соңғы жаһандық өзгерістер аясында өзекті болып отыр. Өйткені жақсы денсаулық, медициналық сауаттылық, салауатты өмір салтын ұстану – елдің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығының құнды ресурсы және көзі.
Жедел медициналық көмек көрсету, жүрек-өкпе реанимациясы, жарақаттар мен қан кетулер, жедел ми қан айналымының бұзылыстары мен құрысу кезіндегі алғашқы көмек көрсету бойынша (парамедик) оқыту орталығының ашылуын аудан тұрғындары ұзақ күткен болатын. Сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін шалғай ауылдардағы дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттерде ана мен бала өлімі, жарақаттар кезіндегі өлім-жітімді азайту, бала жасындағы ауруларды ықпалдастыру және өмірге қауіп төнген жағдайдағы кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы, жарақаттар мен қан кетулер кезіндегі шұғыл көмек, жүктілік және босанғаннан кейінгі кезеңдердің асқынуы кезіндегі алғашқы көмек, патронаждың әмбебап прогрессивті моделін жүргізу, отбасын жоспарлау, дені сау ұрпақ тәрбиелеу бойынша жаттықтыру орталығының ашылуы да халық саулығына, аудан тұрғындарының кез келген уақытта білікті және қолжетімді көмек алуы үшін берілген кепілдік екені сөзсіз. Сонымен қатар Меркі ауданындағы үздік тәжірибе орталығының өңір азаматтарына кез келген шұғыл жағдайда алғашқы көмекті көрсете білуі, әлеуметтік жағдайға және дені сау адамның өз саулығын сақтауға бағытталған медицина, сапалы өмір мен өмір сүру жасын ұлғайтуға тигізер септігі орасан.
Қызметі сапалы, жұмысы жүйелі емхана
Бұдан кейін делегация мүшелері Тараз қаласындағы №5 емханаға бас сұқты. Олар алдымен аталмыш емдеу-алдын алу ұйымының ғимаратына экскурсия жасап шықты. Бас дәрігер Динара Сәрсенованың айтуынша, емхана «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеріп және 2010 жылы пайдалануға берілген екен. Бүгінде жалпы ауданы 8368,6 шаршы метрді құрайтын емханаға 65 574 адам тіркелген. Оның ішінде ересектер – 40 485, балалар – 21 996.
Емхана 5 отбасылық денсаулық орталығы, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек, мамандар, диагностикалық, жедел медициналық жәрдем бөлімшелерінен және 50 төсектік күндізгі стационар мен дәріханадан құралған. Нысанның негізгі бағыты – дәрігердің құзыретін кеңейте отырып, 100 пайыз тәжірибелік орынға айналдыру, сондай-ақ орта медициналық буынға өкілеттік бере отырып, дербес мейіргерлік тәжірибені енгізу.
Емханада «Салауатты өмір салты кабинеті» тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар былтыр мұнда «Ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және кері байланыс тетігі» пилоттық жобасы енгізіліп, құрамында 5 адамы бар денсаулық сақтауға қоғамдық сенім комитеті құрылған. Осының нәтижесінде халықтың шағымы 35 пайызға азайып, жоба өз жемісін беруде екен. Бұл медициналық мекеме ретінде негізгі мамандықтар бойынша тәлімгерлермен қамтамасыз етіле отырып, дәрігерлердің жас буынын даярлауға да белсенді қатысуда.
Экскурсия соңында қонақтар емхана басшылығына атқарып отырған жұмысы үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ қонақтар Жамбыл аудандық орталық ауруханасы мен Талас аудандық орталық емханасына да барып, мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысты.
«Jambyl-Taraz» тілшілер тобы