Қалалық қоғамдық-саяси газет

Салаға серпін берген спорт кешендері

0 1  792

Талай тарланның жұлдызын жағып, тасын өрге домалатқан Таразды бүкіл әлем таниды бұл күнде. Жақсылық, Бақтияр, Бейбіт сынды баһадүрлер облыс түгілі еліміздің атын жер жүзіне паш етіп, Әнұранымызды сан мәрте шарықтатты. Олардың ерен ерлігі бүгінгі өскелең ұрпаққа таусылмас тағылым, мол үлгі. Бүгінде өңірде спортпен тұрақты түрде шұғылданатын азаматтардың саны жалпы халық санының 32 пайызын құрайтындығы осы саланың қанатының кеңге жайылғандығын көрсетсе керек. Әрине, бұған облыс орталығында бой көтеріп жатқан еңселі спорт кешендерінің септігі мол. Біз бүгін осындай нысандар туралы кеңінен айтпақпыз.

«Ұланның» ұландары ұлтқа мақтан

Тура осыдан 21 жыл бұрын, нақтырақ айтқанда, 2001 жылы керегесін керіп, уығын шаншыған Қойгелді мен Байзақ батыр көшелерінің қиылысында орналасқан «Ұлан» спорт кешені – талай дарынды түлеткен алтын ұя. 2020 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған нысанда бір мезетте 100-ден аса адам спортпен шұғылдана алады. Мұндағы әкімшілік ғимарат, үлкен футбол алаңы, 838 көрерменге арналған трибуна, 3 кіші футбол алаңы және жүгіру жолағы заман талабына сай жаңаша кейіпке енді. Осылардан бөлек, бұл кешеннің теңгеріміне 3 кіші футбол алаңы, 1 күрес, 1 бокс, 1 каратэ, 1 армрестлинг залдары және «Шалғай Қарасу» алқабындағы 1 кіші футбол, 1 волейбол, 1 баскетбол алаңдары кіреді.
Мұнда келгендер жеңіл атлетика, еркін күрес, қазақ күресі, каратэ, дзюдо, футбол, каратэ-до шотокан және кикбоксинг сынды 8 спорт түрінен жаттығып, оларға 75 адам қызмет көрсетеді. Болашақ чемпиондарды 5 жоғары, 3 бірінші, 11 екінші санатты жалпы саны 39 жаттықтырушы тәрбиелеуде.
Орталық директоры Бахытжан Сапашевтің айтуынша, мұнда келетіндердің қатары күн сайын артып келеді екен.
– Бұрын нысанның іші де, сырты да әбден ескіріп, жаттығу жасауға қолайсыздық тудыратын. Кейін мемлекет тарапынан 185 миллион теңге қаражат бөлініп, нысан толықтай жөнделді. Бұл спортшылар мен тұрғындарды да қуантып отыр. Жаңа әрі кең жерде жаттығу кімге болса ыңғайлы. Біздің шәкірттеріміздің арасынан әлемдік аренаны бағындыратын саңлақтардың түлеп ұшарына сенімім мол. Қазірдің өзінде нормативтік спорттық талаптарды орындап, ҚР спорт шеберіне кандидат атанған 3 спортшымыз бар. Орталықтың базасы заманауи құралдармен толықтай жабдықталған. Енді бұл жерде республикалық деңгейдегі жарыстар мен жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік туып отыр, – дейді Бахытжан Жақсылықұлы.
«Ұланның» ұландары Ұлттық құрама сапында жарқырап өнер көрсетуде. Олардың ішінде есімі жалпақ жұртқа танымал футболдан ел құрама командасының ойыншысы Бахтиёр Зайнутдинов пен Елдос Ахметовтің жөні бөлек. Сондай-ақ «Ұланнан» түлеп ұшқан Мақсат Амирханов футболдан Тараз командасының капитаны атанды. Сол сияқты Жақып Қожамберді мен Жұмабек Абылайхан да Тараздың туын желбіретсе, Бауыржан Байтана Ақтөбе командасында өзіндік ойын өрнегімен ерекшеленуде.
Алдыңғы толқын ағаларының ізін басып келе жатқан болашақ футбол жұлдыздарының құлшынысы да көңілге қуат. Атап айтсақ, 2008 жылы туған жасөспірімдер командасы 2021 жылдың 06-15 маусым аралығында Тараз қаласында өткен футболдан Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз атанып, биылғы спорт мектептері арасындағы ел біріншілігінде де топ жарды. Сонымен қатар аладоптан ағымдығы жылдың қыркүйек айында 2009 жылы туған жасөспірімдер арасында Николай Муратовты еске алуға арналған ашық облыстық турнирде «Ұлан-2009» командасы 3-орынды еншіледі. Сонымен қатар Әулиеатаның мақтанышына айналған Әлімби Әли есімді елдің туын көтеретін азамат та осы жерде шыңдалуда. Сондай-ақ Қызылорда қаласында өткен ел чемпионатында Гүлдана Марлен дзюдодан күміспен күптелсе, Түркия төріне кикбоксингтен Қазақстан намысын қорғаған «Ұлан» мектебінің ұландары – Ильяс Галимов 1-орын, Маянху Ислам 2-орын, Болат Заңғар 3-орын олжалады. Бұдан бөлек, әлемдік, құрлықтық додаларда атой салған ұландарды зор мақтанышпен айта аламыз.
Міне, осылайша аз ғана жылдың бедерінде «Ұлан» спорт кешені көптеген белесті бағындырып үлгерді. Алдағы уақытта да жұлдызы биік жампоздардың қатары көбейе түсеріне сенім мол.

Суда жүзу саңлақтарының ұстаханасы

Тарихы сонау б.з.д. 4 мыңжылдықта басталған суда жүзу бүгінде адам денсаулығына зор пайдасын тигізумен қатар, ел абыройын аспандататын үлкен спорт түріне айналды.
2001 жылы шаһар төріндегі №4 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында ашылған Тараздағы ірі бассейндердің бірі «Дельфин» суда жүзуден табысты спортшылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Көптеген тәрбиеленушілері Қазақстанның ұлттық құрамаларында өнер көрсетеді. Мұнда мыңнан астам жас спортшы шұғылдануда. Спорт мектебі жаттықтырушылар, киім ауыстыратын бөлмелермен, душ кабиналарымен, асхана, техникалық кабинеттер, заманауи тренажерлері мен спорт жабдықтары бар үлкен спорт залымен қамтылған. Мұнда жүзу, су добы және велоспорт, триатлон, бессайыс және үлкен теннистен спортшылар жаттығуда.
Көлемі 25х50 метрді алып жатқан, 2 750 тонна су сыйымдылығы бар бассейннің сағатына 120 адам қабылдауға мүмкіндігі бар екен. 399 орындық мінбелері бар ауданы 237,6 шаршы метр спорт залдар орналасқан орталық барлық талаптарға сай. Аталған орталықта 34 жаттықтырушы 1 092 баланы шынықтыруда. Бұл жерден велоспорт, жеңіл атлетика, жүзу, су добы, қазіргі бессайыс бойынша ҚР құрамасының сапына өткен жылы 73 адам енген болса, биыл 94 спортшы қабылданыпты.
Бассейн басшысы Жанат Бабаев балалар үшін мұнда барлық жағдайдың жасалғанын айтады.
– Суда жүзу адамның бұлшық еттерін, буын қимылын, қозғалыс координациясын жетілдіреді, жүйке жүйесін реттеп, зат алмасуын, тыныс алу және жүрек-тамыр жүйелерінің функциялық жұмысын жақсартады. Жүзумен үзбей, жүйелі түрде шұғылдану – ағзаны шынықтырып, оның физиологиялық жетілуіне ықпал жасайды. Жаз шығып, күн ысығанда суға жүгіретініміз жасырын емес. Сондай кезде, өкінішке орай, ойламаған жағдайлар орын алып жатады. «Дельфин» жүзу бассейнінің жоғары санаттағы жаттықтырушылары суда жүзудің сан түрлі әдіс-тәсілін меңгертуде. Сол арқылы суда болатын күтпеген жағдайлардың алдын алуға өз көмегін тигізеді. Біздің мақтаныштарымыз аз емес. Әлі де талай белесті бағындыратын болашақ чемпиондар шығады деп сенемін, – деді Жанат Кәрімұлы.
Әрине, «Дельфин» жүзу бассейнінің бапкерлерінің арқасында әлемдік додада көрінген қаракөздер жетерлік. Айталық, қазіргі бессайыс түрінен Дария Кузмина 2018 жылғы Азия және Әлем чемпионатында алтыннан алқа тақса, сол жылы Темирлан Абдраимов әлем чемпионы атанған болатын. Сонымен қатар оның 2002 жылғы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ҚР чемпионаты атанғаны әлі есімізде. Алашқа мақтан Алтай Алтаев пен ҚР спорт шебері Әділ Қасқабай 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен ересектер арасында Азия ойындарында топ жарды. Ал 2019 жылы Алматы қаласында өткен Т.Досымбетовті еске алуға арналған федерация кубогында Ислам Алиев, Богдан Доброволски, Дария Кузмина тұғыр биігіне көтерілді.
Бүгінде өңір атағын асқақтатып, жүзу спортымен кәсіби деңгейде айналысып жүрген өрендер баршылық. Олар болашақта бәсі жоғары бәсекелерде топ жаруды көздейді. Аталмыш мектептің оқушылары да ұстаздарының үмітін ақтап, ел чемпионатында жүлде алатынына үміт басым.

Олимп шыңын бағындырар оғландардың ордасы

Жоғарыда айтқанымыздай, Әулиеата Олимп шыңын бағындырған оғландарға кенде емес. Алғашқы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтен басталған тізім бозкілем шебері Елдос Сметовпен түйінделеді. Әрине, оларды көріп өскен жас буынның спортқа құштар болмауы әсте мүмкін емес. Таразда 2003 жылы бой көтерген Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы – осы сөзіміздің жарқын мысалы.
Орталыққа спортшыларға арналған жатақхана, асхана, үлкен әмбебап залы, кіші жаттығу және тренажер залдары мен бассейнмен жасақталған.
Бізбен тілдескен орталық директорың орынбасары Малик Сабеков кешеннің негізгі мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталды.
– Негізгі мақсатымыз – жыл бойы ҚР құрама командаларына ену үшін спортшыларды іріктеу мен дайындау, олардың шеберлігін арттыру және республикалық, халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетуіне ықпал ету, оқу-жаттығу үдерісін ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету, оның нәтижелерін, физикалық қасиетіндегі жеке даму көрсеткішінің өсу динамикасын, тактика-техникалық дайындық деңгейінің талдауын жүзеге асыру. Осы мақсатта мұнда бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі, жеңіл атлетика және жүзу сынды 9 олимпиадалық спорт түрімен жұмыс жүргізіледі, – деді ол.
Орталықта 20 жаттықтырушы бапкерлік жасауда. Олардың 16-сы жоғары, 4-і бірінші санатты. Араларында «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген жаттықтырушысы» атағына ие болғандары да бар. Ал спортшылар саны өткен жылы 176 болса, биыл 212-ге жетті. Осылайша спортшылардың саны 36 адамға артқан. Жастардың ешқайсысы да осал емес. Мәселен, олардың 3-і Қазақстанның халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, 22-сі спорт шеберi, 178-і спорт шеберлігіне кандидат, 9-ы 1-ші разрядты спортшы атағын иеленген.
Орталық құрылған 20 жылға таяу уақыт ішінде көп белестерді бағындыр- ды. Тек осы жылдың өзінде орталық оғландары республикалық және халық- аралық жарыстарда жеңімпаз бен жүлдегер атануда. Атап айтқанда, бокстан Иорданияның Амман қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Виктория Байдукова 54 келі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанса, осы салмақтан Токубай Карина, Елдос Шәріпбек күміс олжалады. Ал 80 келі салмақта Сұлтанбек Айбарұлы екінші орынды еншіледі. III орын 48 келі салмақ дәрежесі бойынша Боранбек Бексұлтанға бұйырды. Сондай-ақ маусым айының басында Бахрейннің Манама қаласында өткен U-15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында грек-рим күресінен Жақсылықбек Диас және еркін күрестен Тұрдалы Нұрмұхамед топ жарды. Маусым айында Қырғыз астанасы Бішкек қаласында шымылдығын түрген U-23 жас спортшылар арасындағы Азия чемпионатында тағы да грек-рим күресінен орталықтың спортшысы Жарылқасын Ержет 63 келі салмақта қол медальді қоржынға салды. Сонымен қатар тамыз айының соңғы күндері Вьетнамның Хошемин қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында спортшы Жұмабек Нұрайым 44 келі салмақ дәрежесі бойынша қола жүлдені қанжығасына байлады. Бұған қоса жеңіл атлетикадан 13-17 қазан аралығында U-18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында спортшы Кулыгин Рниат 2000 метр кедергімен жүгіру бағдарламасы бойынша күміс жүлдегер атанса, заманауи бессайыстан Бурабайда жас ерекшеліктері бойынша өткен Азия чемпионатында 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медальдарға ие болды. Алматы облысында өткен Азия чемионатында 3 күміс, 1 қола медальдарға қол жеткізіп, жұртшылықты қуанышқа бөледі. Күздің алғашқы айында грек-рим күресінен Түркияның Самсун қаласында өткен Әлем Кубогында Сұлтан Әсетұлы 67 келі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанды. Сонымен қатар спортшыларымыз ел чемпионаттары мен кубоктарында, басқа да халықаралық және республикалық турнирлерде жеңімпаз, жүлдегерлер сапынан көрінуде.
Орталық спортшыларының Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында, халықаралық турнирлерде және Әлем, Азия чемпионаттары мен кубоктары сынды ресми жарыстарда қол жеткен жоғары спорттық жетістіктеріне санамалар болсақ, барлығы 202 медальға ие болыпты. Сапасы бойынша 77 алтын, 61 күміс және 64 қола бар.
Орталық қазіргі таңда алда өтетін дүбірлі додаларға тыңғылықты дайындалып жатқан көрінеді. Ендігі меже – ҚР құрама командасы сапында спортшыларымыз Азия, Әлем чемпионаттарына қатысып, 2023 жылы өтетін Азия ойындары мен 2024 жылы өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға лицензияларды ұтып алу екен. Бұл мақсатта үміткерлеріміз рейтингтік ұпай беретін іріктеу турнирлеріне және тиянақты дайындалу үшін оқу-жаттығу жиындарына қатысулары тиіс. 2022 жылы жас ерекшеліктер бойынша ҚР құрама командасы сапына 73 спортшы еніп, былтырмен салыстырғанда 47 атлетке артқан.
Мекемеде жаттықтырушылар кеңесі айына бір рет өткізіліп тұрады. Аталған басқосу отырысында оқу-жаттығу және тәрбие жұмысы, спортшыларды даярлаудың жеке жоспарлары, жарыстарға қатысу мәселелері қаралады, жаттықтырушылардың баяндамалары мен есептері тыңдалады екен.
Жамбылдың болашақ спорт саңлақтарына барлық жағдайды жасаған Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы да алда талай белестерді бағындырады деп сенеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.