Түрлі төтенше жағдайларға жедел әрекет ету, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіру мақсатында Тараз қаласының орталық алаңында «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында жедел әрекет ету жасағының саптық байқауы өтті.
Саптық байқау барысында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков тиісті қызмет басшыларынан жеке құрамның, техника мен жабдықтардың қазіргі жай-күйі туралы есептерін тыңдап, табиғи апаттардың алдын алуда бұндай шаралардың маңыздылығы зор екенін айтып, оқу -жаттығуға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар материалдық-техникалық ресурстардың, авариялық-құтқару жабдықтарының, байланыс құралдары мен көлік құралдарының бар-жоғы туралы мәліметтер ұсынылды. Жалпы байқауға 88 маман мен 32 бірлік арнайы техника жұмылдырылған болса, бұл техника мен құралдар күрделі ауа райы жағдайларында жұмыс істеуге арналған.
Сондай-ақ іс-шара барысында түрлі жедел қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен бірге «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында Тараз қаласы әкімдігінің ғимаратында жер сілкінісі жағдайында эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу іс-шарасы өтті.
Іс-шараға Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының мамандары қатысты.
Жаттығу барысында қатысушылар дабыл сигналы бойынша үйлесімді әрекеттерді пысықтап ұйымдасқан эвакуация, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Сонымен қатар сала мамандары табиғи апаттар мен түрлі жағдайлар кезіндегі дайындық барысымен кеңінен таныстырды.
Аталған оқу-жаттығу еліміздің барлық өңірін қамтып, төтенше жағдайлар кезіндегі дайындықты арттыруға бағытталды.
Карина КАРТАШОВА,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі,
азаматтық қорғау аға лейтенанты