Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сақтықта қорлық жоқ

0 697

Елімізде Қытайдың Ухань қаласында тіркеліп, әлемнің 46 мемлекетіне тарап үлгерген коронавирус инфекциясына қарсы сақтық шаралары күшейтілді. Осыған орай Жамбыл бөлімшелік көліктегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның аймақтағы филиалымен бірлесіп, Жамбыл вагон пайдалану депосының техникалық қызмет көрсету пунктінде инфекцияның алдын алуға бағытталған оқу-жаттығу шарасын өткізді.

Сәндібек Піренов

Күннен-күнге өршіп бара жатқан індеттің іргедегі бізге келмегені қуантады. Мұның себебі елімізде сақтық шараларына байланысты жауапты мамандарға нақты тапсырманың жүктелгенінен болса керек-ті. Қазір жолаушылар пойызында күдікті науқас анықталған жағдайда оқиға орнынан табылатын санитарлық-карантиндік пункт кезекшілері сақадай сайланған. Бұл күні мамандардың оқу-жаттығуға дайындығы ойдан құрастырылған сценарий бойынша өтті. Соған сәйкес «Алматы-Маңғыстау» бағытындағы пойыздың 5-ші вагонын қадағалайтын жолсерік жолаушыдан коронавирустың белгісін анықтап, оны кезекшіге жеткізді. Өз кезегінде кезекші мәліметті пойыз басшылығына хабарлады. Бұл кезде жолсерік науқасты оқшау жерге шығарып, пойыздың барлық есіктері жабылғанына көз жеткізді. Артынша күдіктімен қарым-қатынаста болған жолаушылар да бөлек орынға жеткізіліп, пойыз ішіндегі қозғалыс тоқтаған. Көп ұзамай пойыз Жамбыл темір жол бекетіне аялдады. Бұл кезде жедел медициналық жәрдем қызметкерлері мен қорғаныш киімдерін киген санитарлық қызмет мамандары көмек көрсетуге дайын тұрған. Олар алдымен науқасты арнайы карантиндік боксқа жатқызып, содан кейін ауруханаға алып кетті. Артынша оқиғаны бақылап тұрған санитария мамандары вагон ішіне дезинфекция жұмыстарын жасауға кірісті. Пойыздағы жолаушылардың мекенжайлары алынып, оларды бақылау мақсатында жолаушылардың байланыс нөмірлері облыстық денсаулық сақтау басқармасына беріледі.

– Қазіргі ахуалға байланысты індеттің алдын алуға бағытталған шаралар күшейтіліп, Қытаймен әуе қатынасы тоқтатылды. Десе де, еліміздің әуежайлары арқылы қатынайтын басқа да мемлекеттердің барын ескергеніміз жөн. Осыған қарай ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әуе бағыттарын қатаң бақылауға алды. Қытаймен арадағы экономикалық байланыстың үзілмей, тауар айналымы әлі де тоқтамағандықтан, елге жеткізілетін тауарларды жіті тексеріп, пойыз немесе көлік жүргізушісі шекарадан кірген сәттен бастап 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауына алынады. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяда 34 мыңға жуық Қазақстан азаматы бары ескеріліп, Астана мен Алматы қаласынан Кореяға әуе қатынасы арқылы қатынайтын бір ғана бағыт жұмысын тоқтатпады. Бүгінгі таңда аурудың сипаты елімізде тіркелген жоқ. Апаттың айтып келмейтіні ескеріліп, медицина қызметкерлері де сақтық шараларына үлкен жауапкершілік танытуда, – деді облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Альмир Есенгелдин.

– Бүгінгі таңда өршіген мәселеге байланысты облыс әкімдігінің тапсырмасымен бірқатар ілкімді шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, «Әулиеата» әуежайында оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, әуежай қызметкерлері сақтық шараларында дайындықтарын пысықтаған болатын. Тиісінше Қазақстан темір жолының қаржысы есебінен Жамбыл темір жол қызметіне 28 млн теңге бөлініп, оған арнайы санитарлық жабдықтар алынды, – деді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев.

Осыған қарап, темір жол қатынасындағы жағдай жіті бақылауда екенін білдік. Жалпы бұған оқу-жаттығуға жұмылдырылған мамандардың даярлығында көз жеткіздік.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.