Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сақтансаң – сақтайды

0 320

Адам болған соң өмірде түрлі тәуекелдермен бетпе-бет келетініміз анық. Бірақ сол тәуекелдердің де алдын алуға болатын талай тәсіл бар. Соның бірі – сақтандыру. Жалпы өмірді сақтандыру туралы не білеміз. Олардың ішінде «оның не қажеті бар?» дейтіндер де кездеседі. Әрине, біздің қоғамда өмірді сақтандыру туралы және оның қажеттілігі тұрасында түсінік енді қалыптасып келе жатқаны белгілі. Бірақ бір нәрсе анық: өмірде болатын кездейсоқ оқиғалардан ешкім де сақтандырылмаған. Сондықтан өмірді сақтандыру өте маңызды.

Мамандардың пікірінше Қазақстан халқының тек 10 пайызға жуығы ғана өмірін қауіптен, кез келген келеңсіз жағдайдан сақтандырған екен. Себебі, біздің елде адамның өмірін сақтандыру міндетті қызметке жатпайды, ерікті түрде орындалады. Шетелде адамның өмірін сақтандыру міндетті, әрі ол заң жүзінде орындалады. Әрі дамыған елдерде тұрғындардың сақтандыру полисі болмаса, онда оны банкрот деп есептейді. Сонымен қатар  Еуропалық Одақ дерегі бойынша, 2017 жылы өмірді сақтандыру компанияларының жалпы айналымы 5,16 триллион АҚШ долларын құраған екен. Ал Қазақстанда бұл «мәдениет» қалыптаспаған. Біздің елдің қарапайым тұрғындары күнделікті тірлікті жеке өмірінен жоғары қойса, ауқаттылар ғана өз өмірін сақтандырады. Жалпы қарапайым халық өмірді сақтандыру туралы, оның тиімділігі туралы біле бермейді деуге болады. Содан да болар, соңғы жылдары елімізде сақтандыру компаниялары тарапынан түсіндіру жұмыстары жанданған көрінеді.

Сонымен қатар шет мемлекеттерде танымал адамдар өмірін сақтандырады, футболшылар аяғын, әншілер дауы­сын сақтандырады екен. Қаржыгер Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, сақтандыру біздің елде енді-енді дамып келе жатқан сала. Өйткені сақтандыру мәдениеті өмір сүру салтымызға енбеген.

– Біздің өмірімізге несие алу дендеп кірді. Ал сақтандыру олай ене қой­мады. Азаматтар сақ­тан­дырудың маңызын түсінсе, бұл процесс жедел жүрер еді. Пан­демияға байланысты біршама алға жылжу бар. Себебі коронавирустан көз жұмғандардың тағдыры өзге­лерге өмірді сақтандыру туралы ой салып жатыр, – дейді қаржыгер.

Жалпы өмірді сақтандыру үшін де халықтың төлем қабілеті болуы керек. Сондықтан да ол біз үшін басты қажеттілік емес. Бірінші кезекте біз үшін тамақ, киім-кешек, баспана, көлік, дәрі-дәрмек, білім және несие төлемдері маңызды. Мұның бір дәлелі, S&P Global Ratings мәліметі бойынша, 2018 жылы Қазақстандағы өмірді сақтандыру құны жан басына шаққанда 14 долларды құрады, бұл көрсеткіш 2017 жылы 11 доллар болған екен. Қазақстандағы өмірді сақтандыру шығыны Франция, Италия және Норвегия сияқты дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен, себебі аталған елдерде жан басына шаққанда өмірді сақтандыру шығыны 2 мың доллардан асады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, өмірді сақтандыру компаниялары сақтандырудың екі түрін ұсынады: міндетті және ерікті сақ­тан­дыру. Міндетті сақтандыру екі бағытты қамтиды. Бұлар – қыз­мет­­керді жұмыс кезінде жазата­­йым оқиғалардан сақтандыру және турис­терді сақтандыру. Ерікті сақ­тандыру төрт бағыттан тұра­ды – өмірді сақтандыру, аннуитет­тік сақ­­тандыру, ауырған жағдайда сақ­тан­дыру және жазатайым оқиға­лар­дан сақтандыру. Оның ішінде өмірді сақтандыру мен зейнетақы аннуитеті сұранысқа ие.Аты айтып тұрғандай, өмірді сақтандыру полисі адамды күт­пеген жағдайда болуы мүм­кін қаржылық шығындардан сақ­тау­ға көмектеседі. Күтпеген жағ­­­дай деп отырғанымыз өлім, ең­­бек­ке жарамсыз болып қалу. Сондай-ақ бұл құрал өмірдегі маңызды жоспарларды жүзеге асы­руға қаражат жинауға мүм­кін­дік береді. Ел азаматтары өмірді жи­нақ­таушы сақтандыру құ­ралын бір мезгілде сақтандыру қор­ғауы және сақтандыру төлем­ін­ің кепілдігін ала отырып қара­жат жинақтау үшін пай­далана алады.

«Халық-Life» компаниясының Тараз қаласы  филиалының директоры Лейла Зупинованың айтуынша, өмірді сақтандыру өнімдерінің түрлері, ерекшелігі, маңызы өте зор.

– Өмірді сақтандыру – бұл адамның өмірі мен денсаулығын әртүрлі күтпеген жағдайлардан қорғау үшін жасалатын қаржылық өнім. Оның негізгі мақсаты – сақтандырылған адам қайтыс болған немесе денсаулығына зақым келген жағдайда оның жақындарына немесе өзіне қаржылық көмек көрсету. Өмірді сақтандырудың бірнеше түрлері бар, олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері мен артықшылықтары бар.  Атап айтқанда, уақытша (мерзімді) өмірді сақтандыру. Бұл сақтандыру тек белгіленген уақыт аралығында әрекет етеді (мысалы, 10, 20 немесе 30 жыл). Сақтандырылған адам сол мерзім ішінде қайтыс болған жағдайда сақтандыру сомасы төленеді, ал мерзім өткен соң төлемдер тоқтатылады. Бұл түрі көбінесе ипотека немесе несие алу кезінде пайдаланылады. Ал жинақтаушы өмірді сақтандыру  түрі инвестициялық сипатқа ие. Сақтандыру сомасы белгіленген мерзімнен кейін қайтарылады немесе сақтандырылған адам қайтыс болса, бенефициарларға төленеді. Бұл өнім ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлауда қолданылады. Сонымен қатар бізде балаларға арналған сақтандыру бар. Бұл балалардың өмірін және денсаулығын сақтандыру мақсатында қолданылады. Бұл өнім бала 18 жасқа толған кезде белгілі бір қаржылық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді немесе оның денсаулығына қатысты тәуекелдерді жабады, – дейді филиал директоры.

Сонымен бірге Лейла Сейітқызының сөзінше, өмірді сақтандырудың ерекшеліктері көптеген өнімдер тек сақтандыруды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар инвестициялау және жинақтауға мүмкіндік береді, салықтық жеңілдіктер ұсынады, бұл қаржылық жоспарлаудың тиімді құралына айналады, сақтандыру мерзімдері мен сомалары сақтандырылған адамның қажеттіліктеріне қарай бейімделеді, сақтандырылған адам өз пайда алушыларын (бенефициарларын) еркін таңдай алады,  қайғылы жағдай орын алған кезде отбасы мүшелеріне қаржылық қолдау көрсетіледі, өмірді сақтандыру ұзақ мерзімді жинақ жасауға, балалардың болашағын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қартайғанда қаржылық тәуелсіздікті сақтауға мүмкіндік береді және күтпеген жағдайлар орын алғанда, қаржылық ауыртпалықты азайтады екен.

Сондай-ақ «Халық-Life» компаниясының Тараз қаласы  филиалының бас менеджері Райхан Айжанованың айтуынша, «Bilim-Life» сақтандыру бағдарламасы кез келген ата-анаға балаларының болашағы туралы арманын жүзеге асырады екен.

– Бүгін «Халық-Life» АҚ мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде өмірді сақтандырудың жинақтаушы бағдарламасының аясында нарықта бірінші болып, «Bilim-Life» атты  жаңа өнімді шығарды. Бұл өнім Қазақстанның кез келген азаматына өз баласын біздің елімізде сондай-ақ шетелде жоғарғы оқу орнында оқытуға қажетті соманы жинақтауға мүмкіндік береді. Ата-аналардың болашақта баласына берік іргетасын қалау мақсатында, оған жақсы білім беріп, оның ересек өмірге дайын болуы қаншалықты маңызды екенін бәріміз түсінеміз. Енді міне кез келген қазақстандық ата-ана өз баласын оқытуға «Bilim-Life» сақтандыру бағдарламасының арқасында жинақтау сомасына 5% мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын ала алады, ал көпбалалы ата – аналар жылдық 7%-бен қаражат жинақтай алады.  Әрі «Bilim-Life» өмірді жинақтаушы сақтандыру бағдарламасы – бұл сақтандыру қорғанысын ғана емес, сонымен қатар әрбір ата-анаға өте маңызды қаржылық мақсаттарды жүзеге асыруға көмектесетін бірегей және икемді қаржы құралы екені сөзсіз.  «Bilim-Life» өмірді сақтандырудың басқа өнімдерімен салыстырғанда, атап айтқанда сақтандыру шартының бүкіл қолданылу мерзіміне жоғары кепілдендірілген кірістілік мөлшерлемесімен және мемлекеттен сыйлықақымен бәсекелестік артықшылыққа ие.Сондай-ақ, егер бала білім беру грантын алатын болса, мұндай жинақтарды сақтандыру Компаниясынан инвестициялық табыспен және мемлекет сыйлықақысымен алуға немесе басқа балаға сақтандыруды қайта ресімдеуге болады, –  дейді Райхан Қалдыбекқызы.

Сонымен қатар жоғарыда біз атап өткен «Халық-Қазына» өмірді сақтандырудың жинақтаушы бағдарламасы валютадағы депозиттерге үздік балама болып табылады. «Халық-Life» АҚ Басқарма Төрайымы Жанар Жұбаниязованың айтуынша, енді, «Халық-Қазына» бағдарламасы бойынша өмірді сақтандыру полисін Halyk Homebank қосымшасы арқылы небәрі 5 минут ішінде ресімдеуге болады.

Егер де бұрын клиент сақтандыру шартын жасасу үшін байланыс орталығына немесе компания менеджеріне  қоңырау  шалып, жүгінген болса, бүгінде кез келген адам Halyk Homebank қосымшасы арқылы өмірді сақтандырудың жинақтаушы полисін валютамен тез және оңай ресімдей алады. Бұл қызмет біздің клиенттеріміз үшін қарапайым, пайдалы және тиімді сервистерді ұсыну бойынша іс – шаралар шеңберінде іске асырылды», – дейді Жанар Әділбекқызы.

Сонымен қатар компанияда осыларме қатар  «Амулет-Life», «Тұмар-Life», «Life-Қорғау» өмірді сақтандырудың қысқа мерзімді бағдарламалары, сондай-ақ  «life-Инвест», «LIFE-Персона», «Бәйтерек», «Болашақ», «LIFE-Рента+» зейнетақы аннуитеті сияқты өмірді сақтандырудың ұзақ мерзімді жинақтаушы бағдарламалары бар.

Жалпы өмірді сақтандыру бірінші қажеттіліктегі өнім емес және халық сақтандыру қызметін қалдықты принцип бойынша ғана пайдаланады. Қазақстандықтар алдымен базалық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге шығындарды толтырады. Олар: тамақтану, киім-кешек, тұрғын үйді ұстау, автокөлік, медицина, білім беру және несиені төлейді, содан кейін ғана өмірді сақтандырумен байланысты шығындарға назар аударады. Бұдан басқа, полисті сатып алуға арналған шығындарға салық салынбайды. Сақтандыру шарты бойынша сатып алу сомасын кепілге қою арқылы қарыз ақша да ала алады. Егер клиент белгілі бір ақша сомасына мұқтаж болса, бірақ сақтандыру шартын мерзімінен бұрын бұзғысы келмесе, ол сақтандыру компаниясынан полис бойынша одан қалыптастырылған сатып алу сомасын кепілге алуы мүмкін. Содан кейін ол осы соманы сақтандыру компаниясына өтейді. Ыңғайлылығы – ақшаның жинақталуы, оның сақталуы және инфляция, оқыс оқиғалардан қорғалуы қамтамасыз етіледі.

Өмірді сақтандырудың негізгі әлеуметтік функциясы – клиент пен оның жақындарын Шарттың бүкіл мерзімінде күтпеген жағдайлардың салдарынан материалдық қорғау болып табылады. Мысалы, жазатайым оқиға немесе ауру-сырқау адамның жұмыс істеуіне кедергі келтіруі мүмкін. Бұл отбасы бюджетіне үлкен соққы болады. Төтенше жағдайларда, асыраушы қайтыс болған кезде, отбасы өте қиын қаржылық жағдайда болуы мүмкін. Сақтандыру полисінің міндеті – қолайсыз оқиғалар кезінде отбасына төлем жасау, егер табыс тоқтатылған жағдайда оны ақшамен қамтамасыз ету.

Өмірді сақтандырудың барлық бағдарламалары негізгі маңызды әлеуметтік функцияны орындайды, яғни, сақтандырылған тұлға мен оның жақындарын материалдық тұрғыдан қорғайды. Мысалы, шарттың қолданылу мерзімінде клиент қандай да бір келеңсіз жағдайға тап болса, компания оның жақындарына сақтандыру өтемін төлейді.Қазақстанда өмірді сақтандыру соңғы жылдары, әсіресе, пандемиядан кейін танымал бола бастады. Болашағымызды ойлай отырып, әрқайсымыз өзімізді және отбасымызды кез келген күтпеген жағдайлардан барынша қорғауға тырысамыз. Толық кеңес алу үшін адамдар біздің компанияға жүгінеді, келісім жасасқан соң өз жақындарына ұсынады. Клиенттің әрбір кері байланысы біз үшін өте маңызды.

Сақтандыру саласына шолу жасай отырып, сақтандыру по­лисі­нің ақша жинақтауға тап­тырмас құрал бола алатынын тү­сіндік. Иә, бүгіндері ақша жи­­нақ­­тайтын жалғыз құрал – депозиттер. Егер депозиттердің мөл­шерлемесі төмендеп жатса, өмірді сақтандыру өнімдеріне қаржы құюға болады. Тағы бір деталь – бүгіндері қаржылық қиын­дыққа ұшырағандар несие алуға жүгіреді. Ал егер сақтандыру полисіңіз бар болса, осы полисті берген компаниядан несие алған­да кепіл ретінде пайдалануға болады. Сақтандыру полисіне қатысты жеке ақпарат заң арқылы қорғалған, яғни сақтандырылған сома Азаматтық кодекске сәйкес жария етілмейді, ал құқықтық дау туындаған жағдайда үшінші тұлғалар оны талап ете алмайды. Ең бастысы, әрі ең қызығы, сақ­тан­дыру сомасы тәркілеуге және дек­ларациялауға жатпайды. Осы орайда баршаға өздеріңіз үшін, отбасы, туған туыстарыңыз үшін «қауіпсіздік жастығын» жасап алыңыздар, өмірді сақтандырып қойыңыздар дегім келеді.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Автор туралы мәлімет

Аты-жөні: Жұматай Көксубай

Мекенжайы: Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Баженов көшесі, №175

Телефон: 8 708 841 96 29

Электрондық пошта: zumataj4@gmail.com.

Мамандығы: Журналист

Жұмыс орыны: Жамбыл облысы, Тараз қаласы, «Жамбыл-Тараз» қоғамдық-саяси газеті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.