«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V Заңы азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқықтарын іске асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. Мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасайды.
Жоғарыда аталған Заңды басшылыққа ала отырып, жұмыс берушілер жұмыскерлердің, оның ішінде мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің аударымдарын және (немесе) жарналарын есептеуді (ұстап қалуды) және аударуды ай сайын жүзеге асырады.
Яғни жұмыс берушілер қызметкерлері үшін жалақының 3% мөлшерінде төлейді. Алайда салық салынатын табыс 10 айлық есептік көрсеткіш (700 000 теңге) аспауы керек, яғни жұмыс берушінің ақша аударымының ең жоғары сомасы 21 000 теңгені құрайды.
Қызметкерлер және Азаматтық-құқықтық ситаттағы шарты бойынша жұмыс істейтіндер табысының 2 %-ын төлейді. Бұл жерде салық салу объектісі 10 ең төменгі жалақыдан аспайды, ақша аударымының ең жоғары сомасы 14 000 теңгені құрайды.
Сондай-ақ бірыңғай төлем төлеушілер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-4-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімдерде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келесідей аударымдар мен жарналар төлейді:
Мысалы: жеке кәсіпкерлер ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы немесе 4 900 теңге төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (Бірыңғай жиыңтық төлем төлеушілер қала тұрғындары үшін Бірыңғай жиынтық төлемнің көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге. Дербес төлеушілер – 1 ең төменгі жалақының 5% немесе 3 500 теңге.
Өзекті мәселелердің бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарды жүйеге тарту болып табылады.
Осы орайда Тараз қаласы әкімінің 2021 жылғы 23 желтоқсандағы №121-ө өкіміне сәйкес «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту мақсатында жұмыс тобы» құрылған.
Үйлестіруші орган ретінде Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бекітілген. Жұмыс тобының негізгі мақсаты – ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Медициналық көмектің қолжетімділігі, сапасы, қаржыландыру және тұрғындарды міндетті әлеуметік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселелері бойынша бекітілген кешенді жоспарға сәйкес халықпен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізу барысында бірыңғай жиынтық төлемді төлеу қажеттігі түсіндірілуде.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар сақтандырылған жағдайда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің толық көлеміне қол жеткізуді, оның ішінде ауруларды уақтылы анықтауды және емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өмір сүру ұзақтығының артуына әсер етеді.
Г.ОЛЖАБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігінің
жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімінің басшысы