Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сүт безінің қатерлі ісігінен қалай сақтанамыз?

0 1  486

Бүгінде елімізде Сүт безі қатерлі ісігінен хабардар болудың бүкіләлемдік күні шеңберінде арнайы айлық өтуде. Мұның басты мақсаты – аталған аурудың алдын алу шаралары, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, скринингтік тексеру кезінде қатерлі ісікті ерте анықтау, онкологиялық сақтықты және өз денсаулығына жауапты қарым-қатынасты қалыптастыру туралы білім деңгейін арттыру арқылы онкологиялық аурудың ауыртпалығын төмендету жолдары туралы халықты ақпараттандыру.

Сүт безі қатерлі ісігі әлемде, оның ішінде елімізде аса өзекті мәселе болып отыр. Оны ерте анықтау мақсатында әйелдер скринингтік тексеруден өткізіліп тұрады. Бұл кеселдің алдын алуға біршама әсер етуде.
Қазіргі таңда сүт безіне маммологиялық көмек көрсетуде облыс бойынша 22 кабинет жұмыс істейді. Оның ішінде аудандар бойынша – 12, Тараз қаласы бойынша 10 кабинет бар. Барлық маммологиялық кабинеттер білікті дәрігерлермен қамтамасыз етілгенін де айта кеткен абзал. Осы орайда жергілікті емханалардағы әйелдерді тексеру кабинеттерінің жұмысына аса назар аударғымыз келеді. Себебі әр әйел емханаға қаралуға жүгінгенде осы кабинеттерден тексеруден өтіп, міндетті түрде сүт безі тексеріледі. Осы кабинеттің акушерлері қатерлі ісіктің белгілері анықталған жағдайда маммолог дәрігерге немесе басқа мамандарға кеңес беруге жібереді. Жыл сайын осы кабинеттерден 25-30 қатерлі ісік аурулары анықталуда. Сондықтан әр әйелдің жылына бір рет осы кабинеттен тексеруден өтіп тұрғаны дұрыс.
Жалпы онкологиялық аурулар бойынша биыл облыста 8 119 адам есепке алынса, оның алғаш рет анықталғаны 1 186-ны құрайды. Ал осы кеселден өлім көрсеткіші әр 100 мың адамға шаққанда 47,3-ке жетті. Яғни бұл көрсеткіштің төмендеп келе жатқанын көрсетеді. Алайда онкологиялық аурулардың құрамы бойынша сүт безі қатерлі ісігі 11-12 пайызды құрап, алғашқы орында тұрса, екінші орында – өкпе қатерлі ісігі, үшінші орында – асқазан қатерлі ісігі.
Ал статистикаға жүгінсек, облыс бойынша ағымдағы жылы сүт безі қатерлі ісігімен 1 672 әйел есепке тұрды. Оның ішінде алғаш рет анықталғаны – 135, аурушаңдық көрсеткіші – 13,2. Алғашқы анықталған 136 қатерлі ісіктің I-II сатысындағысы 88,1-ді құрайды. Яғни емдеу сапасы жоғары болмақ.
Әдетте сүт безі қатерлі ісігінің алғашқы белгілері қазірдің өзінде айқын көрінеді. Бірақ олар әйелге физикалық ыңғайсыздық пен алаңдаушылық тудырмайды. Бұл ауру жасырын келетіндігін науқасты алдын ала ештеңе алаңдатпайды. Алғашқы белгі – сүт бездерінің бірінде кішкене түйіннің пайда болуы. Ол сүт безін қоршап тұрған тіндерден көрнекі түрде ерекшеленеді. Ал шамамен 85 пайыз жағдайда әйелдер ауруды өздері анықтайды. Егер сізде осы белгілер болса, бұл сізде ісік бар дегенді білдіргенімен, бірақ ол әрқашан қатерлі емес. Бұл кез келген басқа сүт безі ауруы болуы да мүмкін. Бірақ егер сіз кем дегенде бір белгіні тапсаңыз, дереу медициналық кеңеске жүгініңіз.
Сүт безі қатерлі ісігінің белгілері: емізікті тарту, одан ағын пайда болуы, сүт безіндегі немесе емізік аймағындағы ауырсыну, сол маңдағы терінің инфильтрациясы, қолтық аймағында тығыз түйіндердің көрінуі, терінің жаралануы, бүкіл сүт безінің немесе оның бір бөлігінің ісінуі, себепсіз салмақ жоғалту, әлсіздік, сүт безі терісінің қызаруы, қабыршақтануы немесе қалыңдауы.
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша нысаналы топтағы 39 713 әйелдің 37 283-і тексеруден өтіп, 93,8 пайызға орындалды. Тексеру барысында 6 675 әйелден сүт безінің әртүрлі аурулары табылды. Бұлардың негізгі бөлігі фиброзды-кистозды мастопатия және қатерлі ісік емес аурулар (доброкачественное образование). Олар жергілікті маммолог дәрігерлерде ем қабылдауда. Бұған қоса 19 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталды. Олардың емдеу нәтижесі жақсарып келеді.
Бастапқы медициналық көмек мамандары мен емхана дәрігерлері онкологиялық сақтықты ұмытпағаны жөн. Себебі тұрғындар аурудың алғашқы белгілері жайлы толық білмегендіктен, осы мамандарға жүгінеді.
Осыған байланысты облыстық онкология диспансері тарапынан бастапқы медициналық көмек мамандары және емхана дәрігерлеріне қатерлі ісікті ерте анықтау туралы әдістемелік, практикалық көмектер көрсетіліп тұрады. Бұл жұмыстар қатерлі ісіктің алдын алуға септігін тигізуде.

Айбаз АЛИХАНОВ, облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.