Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құс шаруашылығын дамытудағы қарышты қадам

0 2  613

Тәуелсіздік жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң ықпалын тигізу мақсатымен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, түрлі жобалар қолға алынуда. Бұл жобалардың нәтижесі Әулиеата өңірінде де көрініс беріп келеді.

Жергілікті билік өкілдері де облыс халқымен кездесулерінде экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы – шағын және орта бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар туралы үнемі айтып, халықты кәсіппен айналысып, еңбектенуге шақыруды естен шығарған емес. Осының нәтижесінде өз ісін бастап, адал еңбегімен ризығын арттырғысы келетін тұрғындар қатары жыл санап өсіп келеді.
Таудай талап пен талпыныстың арқасында тірлігін бастап, бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жетіп отырған кәсіпорынның бірі – «ECO CHICKEN» құс фермасы. Қордай ауданында құс етін өндіруді алғашқы болып бастаған ферманың жобасын аудандағы «Қордай-Жем» ЖШС-нің басшысы Талғат Сәрсенбаев қолға алған болатын. Құрама жем өндіру нарығында жемісті еңбек етіп жүрген серіктестік жиналған тәжірибесінің арқасында, нарықты зерттей келе құс өсіру және оның етін өндіру ісін бастаған.
Жалпы қай елде болмасын құс етіне деген сұраныс қашанда жоғары. Біздің елімізде де ірі қара мал етінен кейін ең көп тұтынылатыны да құс еті екен. Мұның бір себебі – ол өзге еттерден бағасының салыстырмалы түрде төмендігінде болып отыр. Десе де өзге азық-түлік тауарларымен бірге құс етінің бағасы жылда тұрақты түрде өсіп келеді. Мамандардың айтуы бойынша, елдегі өндірілетін құс еті ішкі нарық қажеттілігінің 60 пайызға жуық бөлігін ғана қамтамасыз етеді екен. Ал Жамбыл облысына шамамен 18 мың тонна құс еті сырттан келеді. Яғни өңір экспортқа тәуелді.
Осы мәселені назарға алған қордайлық кәсіпкер 2018 жылдан бастап құс өсіріп, жергілікті халықты отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуді мақсат еткен. Ал 2019 жылдың қараша айында «сэндвич-панельдерден» құрастырылған алғашқы модульді құс фермасы іске қосылды. Осы уақытта тәжірибе жүзінде аталмыш модульдердің тиімділігі анықталып, кемшіліктері жетілдірілді. Қыс мезгілінде -35 градус, жаз айларында +40 градус температурада модульдегі құстардың жай-күйі бақыланды. Бройлер балапандары 43-45 күнде пісіп-жетіліп, союға дайын болады. Модульдің ішінде өзіндік микроклиматты автоматтандырылған жүйе қадағалайды. Сонымен қатар су және жем де автоматты түрде жеткізіліп тұрады. Қанаттыларға берілетін дәрумендер мен вакцина қатаң қадағаланады. Құстарға серіктестіктің өзі өндіретін «ECO JEM» құрама жемі беріледі. Бұл жем табиғи таза дәнді дақылдардан дайындалып, құрамы бройлер балапандарына қажетті дәрумендер және минералдармен толық қамтамасыз етіліп, қосымша азықтандыруды қажет етпейді. Атап өтетіні, «ECO JEM» құрамында гормондар, тез өсіргіш заттар мен антибиотиктер жоқ. Сондықтан да құс еті «ECO CHICKEN» брендімен нарыққа ұсынылады.
Қарқынды дамып келе жатқан шаруашылық жалпы саны 21 модульді құс фермасын салған. Онда 40 мың бас құс өсірілуде. Осы жылдың соңына дейін қосымша тағы 10 модульді құс фермасы орнатылып, жоба қуаттылығы жылына 1 мың тонна құс етін өндіруге жетеді деп көзделуде. Бұл аудан тұрғындарын құс етін тұтыну көрсеткішінің 10 пайызын құрайды. Ал 2025 жылға дейін қосымша 100 модульді құс фермасын салу жоспарлануда.
Айта кетер жайт, «ECO CHICKEN» құс фермасының серіктесі болуға кез келген азамат өтініш білдіре алады. Осы бағытты қолға алам деушілерге көлемі 120 шаршы метрлік модуль орнатылып беріледі. 1 500 бройлерге арналған модуль толықтай керек-жарағымен жабдықталып, жұмыс істеуге дайын болады. Бұл жеке шаруашылық жүргіземін деушілерге керемет мүмкіндік екені анық. Әрі «ECO CHICKEN» құс фермасының серіктесі болғандарға мамандар дайын модульді ұсынып қана қоймай, бұл істің қыр-сырын үйретіп, әрдайым ақыл-кеңес беріп, сүйемелдеп отырады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.