Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сүрбойдақтарға салық салына ма?

0 450

Соңғы күндері ақпарат айдынында «бойдақтар салығы» қызу талқыға түсуде. Желіде желдей ескен хабар кеш үйлену үрдісіне алаңдаған Мәжіліс депутаты Болат Керімбектің бастамасынан туған. Әзірге көпшіліктің пікірін екіге жарған жайттың шешімі мен кесімінің қалай болары белгісіз. Жалпы, мұндай салықтың берер пайдасы бар ма, әлде бұл қазына қаражатын толтырудың тағы бір тәсілі ме? Осы орайда біз халықтың пікіріне құлақ түрген едік.

Сүрбойдақтарға салық салу мәселесі бұған дейін елімізде бірнеше рет көтерілген. Ал кеңестік кезеңде 1941 жылы 21 қарашадан бастап енгізілген. Аталмыш салықтың салынуына ашаршылық пен жұттан, екінші дүниежүзілік соғыстан соң халық санының азаюы, сансыз әйелдің жесір қалуы себеп болған екен. Осылайша ел азаматтарын отбасы құруға «ынталандыру» арқылы мемлекет сиреп қалған тұрғындарының санын арттырып, бұрынғы деңгейіне жеткізуге тырысқан. Сонымен қатар алапат соғыстан кейін қирандыға айналған елді қайта қалпына келтіретін жұмыс күшін көбейту де аталған салымның енгізілуіне себеп болған деген пікір бар.
Заңның талабы бойынша 20-50 жас аралығындағы еркектер мен 20-45 жас аралығындағы әйелдер үйленіп, тұрмыс құрмағаны үшін және балалы болмағаны үшін жалақысының 6 пайызын мемлекетке аударуға тиіс болған. Дегенмен, құжаттың тәртібі бойынша, денсаулығына байланысты балалы бола алмайтындар, арнайы орта және жоғары оқу орындарында оқитын 25 жасқа дейінгі азаматтар мен бала асырап алғандар салықтан босатылған. Тарих көшінде құлдырап кеткен халық санын көбейту бағытында енгізілген уақытша салық өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басына дейін тоқтамапты. Халық арасында оны «жұмыртқа салық» деп те атайтын болған.
Кеңес одағынан қалған «дәстүрлі» салықты дәл бүгін өмірімізге ендірмекші болған Болат Керімбектің қиялы – қазақтың санын көбейтуге үлес қосу болса, сарапшылар мұндай салықтық шаралар жастардың елден кетуіне әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Сонымен қатар мамандар әуелі бала мен отбасының өмір сүру сапасын арттыруға көңіл бөлу қажет деп санайды.
– Бұл ретте балалардың жағдайы, мектепке дейінгі және қосымша білім беру мекемелері, орта және жоғары білім беру жүйесі, жастарды жұмыс орындарымен қамту мәселелері қарастырылғаны жөн, – дейді «Цифрлық әлеуметтік зерттеулер» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Жанна Әубәкірова.
Ал белгілі демограф Әзімбай Ғали бойдақтарға салық салғаннан ештеңе өзгеріп кетпейді деген пікірде.

– Салт бастыларға салық міндеттеу олардың жанұя құруына көмек бола алмайды. Керісінше олардың әлеуметтік наразылығын тудыруы мүмкін. Былай айтқанда, жастардың ішінде бұл басы артық әңгіме болады. Бізде қазір ажырасу үрдісі көп. Сол себепті бойдақ салығын енгізгенше, оның орнына екінші некені ынталандыру керек. Мәселен, кейде ажырасқан жастар үйленбей жүріп қалады. Өйткені олар бірінші некеден жолы болмағаны үшін күйзеліске түседі. Жалпы, қоғамда екінші некеге психологиялық дайындық аз. Сол себепті де олар отбасылық өмірден бір рет опық жеу трагедия емесін білуі керек, – дейді демограф.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылғы санақ бойынша елімізде бойдақ қыз-жігіттердің саны 4 миллионға жеткен. Олардың қатарында жігіттердің үлесі көп екенін де сандерек көрсетіп отыр. Психолог Жайсан Ибадуллаеваның пікірінше, бойдақтардың саны сәт санап артып бара жатқаны олардың отбасылық жауапкершіліктен қашуынан болуы мүмкін.
– Бұрынғы «үйленіп алсақ, бәрін бірге көреміз» деген түсінік өзгерген. Қазіргі таңда жастар арасында жауапкершілікті жалғыз өзі сезіну басым. Жастар үйленіп, үй болу, сәби сүю секілді жауапты істерге мойынсұнғысы келмейді. Жалғызбастылардың өзімшіл болып, өзгені менсінбей, әркез өзінікін дұрыс санауы да үлкен проблема. Эгоцентризмнің басым болуы салдарынан бойдақтар өзін қай мәселеде де әркез бірінші қояды. Салт жүрген адам өзін еркін сезінеді, соны кейбірі сән көруі де мүмкін, – деген психолог бүгінде дүркіретіп той жасау сәнге айналып, үйленгісі келетіндердің кейбірі осындай тойға шашатын қаражаты болмаған соң отбасын құруға талпынбайтынын жеткізді.
Сүрбойдақтар мәселесі туралы тараздық жастармен тілдескенімізде де олардың ойы психологтың пайымымен үндес екенін аңғардық.
– Қазір жастар әуелі үй-күйін түзеп алып, үйленуді кейінге ысырып қоятыны жасырын емес. Мектеп бітіріп, университетке түседі. Бітірген соң «жалақысы жақсы жұмыс тапсақ» дейді. Жұмыс істеп жүріп, көлік мінгенді қалайды. Карьера қуып, кеш қалатындар да аз емес.
Үй-күйсіз жүру жас отбасылар үшін өте қиын екені бәрімізге мәлім. Сондықтан бойдақтарға салық салудың орнына оларды ертерек үйленуге ынталандыратын жобалар мен заңдар жасалуы керек деп санаймын, – дейді шаһар тұрғыны Мадияр Нұрдәлі.
Ал бұл мәселені көтеріп жүрген депутат Болат Керімбек жастардың «жағдай» дегені сылтау деп санайды.
– Біз өзіміз де, әке-шешеміз де, ата-бабаларымыз да жағдайын жасап, «көлік, үй алайын, оқу бітірейін, екі-үш диплом керек» деп күткен жоқ. Отбасы болуға еш кедергі жоқ. Менің ойымша, екі жас сол үйді бірге алғанда ғана оның қадір-қасиеті болады. Қазір ажырасу көп. Өйткені бірігіп таппаған дүние-мүлік жастар үшін құнды болмайды. Сол үшін олардың ерте үйленгені абзал, – дейді халық қалаулысы.
Ғайыптан тайып депутаттың ұсынысы жүзеге асса, 35 жастан асқан азаматтар тапқан табысының 5 пайызын Үкіметке салық ретінде төлеуі керек болады. Десе де, бұл онсыз да үйленуге құлқы болмай жүрген сүрбойдақтың бетін қайтарып тастамасына кепіл жоқ. Әрине, тарихта жастарды айттырып, атастырып үйлендірген оқиғалар мыңдап кездеседі. Дегенмен, жетектеп қосқан тазы түлкі алмайтынын ескерсек, әр істің шын қалаумен ғана болғаны дұрыс секілді…

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.