Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сұлулық салтанаты

0 263

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Сымбаты мен сұлулығы астасқан сән мектебінің оқушылары ортаны қақ жарып өтіп, қарышты адымдап, ілтипатты жүріп-тұрудың мәдениетін көрсетті. Шара басталар сәт сөз алған Жамбыл облысы өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова сұлулық әлемді құтқаратынын айтып, қатысушылардың қадамына сәттілік тіледі.
Салтанатты шеруге аталмыш мектепті бітірушілерден бастап аяғын апыл-тапыл жаңа басқан бүлдіршіндер де қатысуға мүмкіндік алды. Бұл көрсетілімге киім үлгілерін «Vatisa_kam», «Altezza_fashion», «Luxury_house_tz», «Freemoda_taraz», «Modnyi_rai_taraz», «Fashion_style», «Руслан и Амина» тараздық киім дүкендері мен тігін шеберханалары ұсынған.
«Fashion show Taraz – 2019» әсемдік қыздарға ғана емес, ер азаматтарға да жарасатынын дәлелдеп бақты. Шаш қою үлгісінен бастап үстіне ілген жеңіл күртешесі, маңғаздана қараған ұлдардың көзқарасынан ерлерге тән еркіндік ессе, аяқ алысы, жүріс-тұрысынан өзіне деген сенімділігі байқалды. Ақ көгершіндей қалықтап барып, гүлге қонған көбелектей көркем әрі көз ілеспес жылдамдықпен жарасымды қозғалған қырмызы қыздар да көпшіліктің назарын өзіне аудара білді.
Өңірі алтын жіппен әдіптелген ақ көйлектердің топтамасын ұсынған бір топ бойжеткен бірде теңіз жағасындағы ақ шағаладай шалықтаса, енді бірде аппақ арман болып елес бергендей. Етегі жер сүйген әсем көйлектер аспаннан жауған раушан гүліндей ортада шыр айналды. Одан кейінгі күлгін гүлді топтама да ғанибет көйлектердің көрінісін көрсетті. Етек-жеңіндегі желбіршектері желмен ойнаған топтама кішкентай қыздарға арналған. Бұл көйлекті киген жауқазын қыздар кез келген алаңның ханшайымы болары анық.
– Мен бала күнімнен сән әлеміне атсалысуды арман тұтқанмын. Түрлі байқауларға қатыстым. «Тараз аруы – 2006» атағын жеңіп алдым. Бүгінде «Enigma models» сән мектебін ашып, арманымды жалғадым. Биыл екінші жыл қатарынан осылай сән көрсетілімін ұйымдастырдық. Ең бастысы – қимыл-қозғалысты үйлестіріп жүріп-тұрумен қатар талғаммен киім таңдап, сұлулықтың әлемді құтқаратынын естен шығармау, – дейді «Enigma models» сән мектебінің директоры Разалия Нигматулина.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.