Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сұлулық пен шеберліктің ғажайып туындысы

0 77

Адамзат баласы әрқашан әсемдікке құштар болған. Табиғаттағы гүлдердің нәзіктігі мен көркемдігі адамдарға шабыт сыйлап, сан түрлі өнер туындыларының дүниеге келуіне себеп болды. Солардың бірі – соңғы жылдары кең таралып келе жатқан сабыннан гүл жасау өнері. Қарапайым ғана сабыннан көздің жауын алатын әсем гүл жасау – нағыз шеберлік пен талғамды қажет ететін нәзік қолөнер.

Сабыннан гүл жасау – тек әсемдік үшін жасалатын бұйым ғана емес, ол адамның шығармашылық қабілетін дамытатын өнер. Бұл іспен айналысқан адам ұқыптылыққа, шыдамдылыққа және талғампаздыққа үйренеді. Әрбір гүлдің күлтесін жасау барысында шебер бар ықыласын салып, әр бөлшегіне мән береді. Соның нәтижесінде қарапайым сабыннан ерекше көркем туынды дүниеге келеді.
Қазіргі уақытта бұл өнер әлемнің көптеген елінде кең таралған. Әсіресе, Еуропа мен Азия елдерінде қолдан жасалған сабын бұйымдары сәндік әрі пайдалы сыйлық ретінде танымал болып отыр. Әлеуметтік желілер мен шығармашылық шеберханалардың дамуы да бұл өнердің кеңінен таралуына ықпал етті.
Біздің шаһарымызда да аталмыш қолөнерді дамытып, бүгінде кәсіпке айналдырып отырғандардың бірі – көпбалалы ана Айдана Мыңжасарова. Мереке қарсаңында қолөнер шеберімен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Гүл сыйлау – кез келген мерекенің ажырамас белгісі. Алайда соңғы жылдары табиғи гүлдермен қатар ерекше әрі есте қаларлық сыйлық түрлері де көбейіп келеді. Соның бірі – сабыннан жасалған әсем гүлдер. Қарапайым сабыннан шынайы гүлге ұқсайтын нәзік бұйым жасау – үлкен шеберлікті қажет ететін өнер.
Сабыннан гүл жасау үшін арнайы сабын негізі қажет. Ол көбіне табиғи майлар мен глицериннен дайындалады. Оның құрамына кокос, пальма, зәйтүн майлары сияқты табиғи компоненттер қосылады. Мұндай құрам сабынның жұмсақ әрі қауіпсіз болуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар сабынға түрлі хош иісті майлар мен табиғи бояулар қосылады. Лаванда, раушан, лимон, жалбыз сияқты хош иістер сабын гүлдеріне ерекше жағымды иіс береді. Ал түрлі түсті бояулар гүлдің табиғи түсін бейнелеуге көмектеседі. Осылайша біздер қызыл, қызғылт, сары немесе көгілдір түсті әдемі гүлдер жасай аламыз. Гүл жасау барысында әуелі сабын негізі ерітіледі. Кейін оған бояу мен хош иіс қосылып, арнайы қалыптарға құйылады. Қалыптарда гүлдің жапырақтары немесе күлтелері жеке-жеке дайындалады. Сабын қатқаннан кейін сол бөліктер біріктіріліп, біртұтас гүлге айналады. Бұл жұмыс үлкен ұқыптылықты талап етеді, себебі әрбір күлтесі дұрыс орналаспаса, гүлдің пішіні әдемі шықпайды.
Сабыннан жасалған гүлдер сырттай қарағанда нағыз гүлден аумайды. Раушанның үлбіреген
жапырақтары, қызғалдақтың сымбатты бейнесі немесе басқа да әсем гүлдердің пішінін сабыннан жасап шығаруға болады. Мұндай гүлдер тек әдемі көрініп қана қоймай, жағымды хош иіс таратып, үй ішіне ерекше сән береді. Оның сақталу мерзімі ұзақ және кейін де пайдалануға болады.
Мен бұл істі декреттік демалыста отырғанда бастадым. Шыны керек, ә дегеннен тапсырыс көбейіп, өткен жылы мереке қарсаңында үлгермей қалдым. Содан өзім жалға кеңсе алып, шағын кәсіпті бастап кеттім. Бүгінде тапсырысты әлеуметтік желі арқылы қабылдаймын. Бір құшақ гүлдің бағасы 3 500 теңгеден басталып, гүлдің санына байланысты құны да арта береді – дейді іскер келіншек.
Бүгінде сабын жасауға арналған шикізаттар шетелден жеткізіледі. Мысалы, сапалы глицерин көбіне Англия, Германия, Түркия және Қытай елдерінде өндіріледі. Ал түрлі хош иісті майлар мен қоспалар Франция мен Италия сияқты елдерден келеді екен. Бұл елдер парфюмерия және косметика саласында танымал болғандықтан, олардың өнімдері де жоғары сапалы болып саналады. Сонымен қатар Оңтүстік Корея мен Жапонияда да сабын жасауға арналған заманауи құралдар мен қалыптар шығарылады. Осындай материалдардың арқасында шеберлер түрлі пішіндегі, ерекше безендірілген сабын гүлдерін жасай алады.
Кейіпкеріміз өзіне қажетті құралдардың басым бөлігін бүгінде Қытайдан келетіндігін айтады. Ал бір құшақ гүлді жасауға шамамен 1-2 сағат кетеді екен.
– Әр гүлдің қауашағын ашып, безендіріп, мерекеге сай, тапсырыс берушінің талғамын ескере отырып жасаймын. Одан бөлек, бүгінде қырқынан шығару, тұсау кесер сынды рәсімдердің бұйымдарын да қолдан жасаймын. Бұл – менің хоббиім. Негізгі жұмысым – мұғалім. Жамбыл жоғарғы медициналық колледжінде информатика пәнінің оқытушысымын. Көпбалалы ана ретінде қыздарымды да осы қолөнерге баулып келемін, – дейді Айдана Мыңжасарова.
Сабыннан жасалған гүлдердің тағы бір ерекшелігі – табиғи гүлдер бірнеше күннен кейін солып қалса, сабын гүлдері ұзақ уақыт бойы өзінің әсемдігін сақтайды. Олар бөлмеге сән беріп қана қоймай, жағымды хош иіс таратады.
Сабыннан гүл жасау – тек ересектер үшін ғана емес, балалар мен жасөспірімдер үшін де пайдалы іс. Қазіргі кезде мектептер мен шығармашылық үйірмелерде осындай қолөнер түрлері үйретіліп жүр. Бұл балалардың қиялын дамытып, еңбекке баулиды. Өз қолымен әдемі гүл жасаған бала үлкен қуаныш сезінеді. Сонымен қатар ол еңбектің нәтижесін көріп, шығармашылыққа қызығушылығы артады.
Шебер адамның қолында қарапайым сабынның өзі гүлдей құлпырып, көздің жауын алатын көркем туындыға айналады. Ал мұндай өнер адамдарға тек әсемдік сыйлап қана қоймай, еңбектің қадірін түсінуге де үйретеді. Қарапайым сабынның өзінен гүлдей нәзік өнер туындысын жасау – шебер адамның қиялы мен еңбегінің нәтижесі.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.