Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Сұлу» статистика халықты қымбатшылықтан құтқармайды

0 1  543

Бүгінде азық-түлік бағасы бұлқынып, жүгенсіз кеткені жасырын емес. Мониторингтік топтар мәселеге майшам салып, шенділер шарқ ұрып дүкен сөрелерін тексергенімен, бұдан келер пайда шамалы болып тұр. Бағаның өскені-өскен. Ал оның зардабын қара халық көруде. Мұндайда енді қайтпек керек? Осы сауалды облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов төтесінен қойып, сала мамандарынан жауап алды.

Ең алдымен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов көктемгі дала жұмыстары мен өніммен өңір халқының қамтылу деңгейіне тоқталды.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларына сәйкес, жалпы облыс халқының тұтынуы үшін жылына 762,5 мың тонна (41 тауар түрі) қажет. Былтыр өңірде 2 286,2 мың тонна өнім өндірілген. Бұл ішкі тұтынымның 33 пайызын қамтиды. Оның ішінде 19 әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 10 түрінен ішкі тұтынымды толық қамтамасыз етілсе, қалған тауарлар сырт өңірлерден тасымалданады. Сонымен қатар өндірілген өнімнің экспортына 468,5 мың тоннасы шығарылса, ішкі тұтынымға қажеттілікті қажет ететін 49,0 мың тоннасы импортталды, – деді Е.Жиенқұлов.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста жалпы сыйымдылығы 255,9 мың тоннаны құрайтын 236 қойма бар екен. Оның 81-і мұздатқышпен десек, олардың сыйымдылығы – 47,2 мың тонна. Қазіргі таңда 52 қоймада 15,9 мың тонна өнім сақталуда. Алайда мерзімаралық кезеңді толық қажетті өніммен қамту үшін сыйымдылығы 40,0 мың тоннаны құрайтын мұздатқышы бар қоймалар әлі де қажет. Бұл тұста облыс әкімі қайта өндеу цехтарын салу, кәсіпорындардың жүктемесін еселеу, ішкі қамтуды арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудің маңыздылығын баса айтты.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті. Алайда аймақ басшысы «сұлу» сандармен суреттелген статис- тикадан гөрі нақты жұмысты көрсету қажеттігін ескертті.

– Есеп бергенде бәрі жақсы, ал нақтысына келгенде олай болмай шығады. Бәрі жақсы болса, халық бағаның тұрақсыздығына қатысты шағымданбас еді. Мониторингтік топтардың жұмысы ойдағыдай емес. Зерделеу жүргізіп, нақты шаралар қолдану керек. Аудандарда тұрақтандыру қорларын ашу бойынша тапсырма орындалмай отыр. 10 күннің ішінде ұсыныстарыңызды жолдаңыздар, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі бағаның тұрақтылығы қатаң бақылауда болуын, үстемақының шекті мөлшері сақталуын, дүкендерге әлеуметтік маңызы бар өнімдердің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді жауаптыларға шегелеп тұрып тапсырды.

Дедек Төлен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.