Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сәләфизмнен сақтану жолдары

0 402

Қазақстан жерінде тұратын мұсылмандар сүнниттік бағыттағы негізін Әбу-Ханифа Нұғман ибн Сәбит қалаған ханафиттік мәзhабты ұстанып келеді. Ханафиттік мәзһабта басты сенім, ұстанымдық тірек ретінде Құран, хадис, ижма (ғұламалар шешімі) және қияс (ұқсастық бойынша үкім шығару (аналогия) болып есептеледі әрі шариғатқа қайшы болмаған, исламға дейінгі қалыптасқан ата-баба дәстүрін де шариғат шеңберінен шеттетпеген.

Жергілікті дәстүрлерді шариғатқа сай, ой-пікір айырмашылықтарына сыйластықпен қарайтыны тұрғысынан да ерекшеленеді, сондықтан да осы мәзһабты көп өлкелерде мұсылмандар өз еріктерімен қабылдады.
Қазақ халқының дін туралы танымы, сенімі ерекше. Дінді жаратылыстан тыс құдіретті құбылыс, тылсым ретінде тани отырып бабаларымыз Жаратушы мен жаратылғандар арасындағы қарым-қатынаста трансценденттік (ақыл шеңберінен тыс) пен дүнияуилік талап-заң қағидаларына ерекше мән берген. Діннің адам мен қоғам арасын жалғастырушы, жарастырушы һәм үйлестіруші қасиетін жете түсініп, оны жан мен тән тазалығын сақтайтын, парасат тағылымдарын демеуші, адамға өнеге, тәлім-тәрбие беретін, көңілге мейірім ұялатар рухани күшке бағалаған Әбу Ханифа мәзһабы қазақ руханиятына ет пен сүйектей бітісіп ажырамас ғұрыпқа айналған.
Ал сәләфизм Қазақстанға 1990-шы жылдары араб елдерінен оқып келген азаматтар арқылы тамыр жайды. Сәләфизм атауы қазіргі таңда түрлі пікірлер мен таластар тудырған терминдердің бірі. Ол негізінен «Уаһабизм» терминінің синонимі, яғни бұл екі атаудың еш айырмашылығы жоқ деген сөз. Ағымдардың атауын және функцияларын өзгертуі – негізгі мақсаттарына жету жолындағы заманға сай түрлену. Ал бұл құбылыс Ислам тарихындағы ағымдарға тән сипат. Идеологиялардың атауларын бұлайша өзгерту – жаңа миссионерлік ұйымдарда қалыпты жағдай. Атауын түрлендіру ағымға өміршеңдік пен қоғамға жеңіл ену функциясын әкеледі.
Сәләфизмнің негізін ХІV ғасырда Шам қаласынан шыққан Ахмед ибн Таймия (1263-1328) мен ибн әл-Қайим әл-Джаузия (1292-1350) қалады. Сәләфизм – Ислам әлемін консерваторлыққа, алғашқы халифалыққа жетелеуші идеология-мыс, сонымен қатар ақидалық сенімі жағынан Ислам дінінің алғашқы қалыптасқан «Әһлу сунна уәл жамағат» сенім мектебінің төрт мәзһабына (Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали) түбегейлі қарсы. Сәләфизм төрт мәзһабтың беделін бидғат (дінбұзарлық жаңашылдықтар) пен айыптау арқылы түсіндіріп, рухани сананы ақсатуды және Ислам дінінің дамуына тежеу салуды көздейді.
ХІV-ХV ғасырлар мұсылмандар үшін ауыртпалық пен шиеленіске толы болды. Осы кезеңде Исламның шекарасы кеңейіп, көптеген халықтар мұсылмандықты қабылдады. Шариғатты, дінді түсінуде неше түрлі көзқарастардың көбеюі себепті дін ғалымдары Ижтиһад (ғұламалардың шариғи ой қорытындылары) есігінің жабылуын мәлімдеді. Енді мұсылмандар ғалымдардың классикалық шариғат түсіндірмелерімен ғана әрекет ететін болды. Осы жүйеге келіспеген Ибн Таймия өмірдің кез келген кезеңінде шариғат адамдарға қолжетімді болуы керек екенін ұрандады. Ол қай ғасырда да Құран мен сүннетке тікелей әрекет етуге және өзінің құдайтану қөзқарастарының таралуын қалады. Ибн Таймия осы әрекетімен Алла Тағалаға антропаморфтық сипаттарды абсолюттік бейнеде теңейді. Құран мен хадистердегі метофоралық аяттарын тікелей мағынада түсіндіріп пәтуә шығарды. Ол Ислам ғұламаларының үлкенді-кішілі еңбектерін толығымен оқып шығып, өзіне дейінгі ғалымдардың кітаптарын оқу харам деген үкім шығарады. Өз заманына дейінгі қалыптасқан маңызды қағидаларға реформа жасауға тырысты. Бұл жайында Ислам теологы Б.Топалоғлу өзінің «Ислам теологиясы» атты еңбегінде «Қазіргі кездегі көптеген террористік және экстремистік ұйымдар Ибн Таймияның теориялық еңбектеріне сүйенеді. Мәзһабтар арасындағы айырмашылық тек шариғи нормаларда, ал сенім жүйесінде ешқандай келіспеушілік жоқ. Осыған байланысты атақты ғұлама имам әс-Субуки өзінің «Муъид ән-ниъам уа мубид ән-ниқам» атты еңбегінде былай дейді: «Осы аталған ханафи, шафиғи, мәлики, ханбали мазһабтары, әлхамдулилләһ, ақида (Аллаға сенім) мәселелерінде барлығы Сүннет және жамағат жұртының пікірін ұстанады», – деп, төрт мәзһабтың сенімі бір әрі ақиқат екенін айтқан.
Батыс дінтанушысы Карен Армстронг өзінің «Иудаизм, Христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты еңбегінде былай деп баяндайды: «Ахмед ибн Таймия бастаған ілім консервативті тенденция, Ибн Таймия халық арасында қошеметке бөленіп, шариғатты жаңаша дәріптеу жолын тапты. Осы әрекетімен халықты ескі заңдар мен ережелерден тазартқысы келді», – деп шариғат нормаларын халыққа жеңілдеткенін һәм ғасырлар бойы жалғасын тауып келген, өзгермейтін Құдайға деген сенімге реформация жасағанын айтып өткен.
Уаһабизм сенімі Исламның алғашқы дәуіріндегі ақиқат сәләф (Пайғамбардың (с.а.у) шәкірттері) сенімінен айырмашылығы – ақиқат сәләфтардың Құдайтануы, Құдайдың затын сипаттап келген аяттар мен хадистерді астарлы немесе трансцендентті түсінеді. Мәшһүр Жүсіп өз сөзінде: «Алла тағаланың затына періште, бұрынғы пайғамбарлар да ойлау арқылы жете алмағандүр, бірақ Алла Тағаланың бұйрығына мойынсұндыдүр, ешбір оның затына пікір қылмадыдүр», – деп, өзіне дейінгі сенім жүйесін растаған.
Ал уаһабизм (Сәләфизм) түсінігі – тура мағынада. Мысалы, «Мүлік» сүресінің 16-аятында: «Жер теңселген сәтте аспандағының сендерді жерге жұттыруынан аман қаласыңдар ма?» – делінеді. Аятта келген аспандағының деген сөз астарлы немесе транцендентті түсінілуі дұрыс, тура мағынада түсіну күпірлікке жатады. Осы аяттағы «аспандағы» сөзін Пайғамбардың (с.а.у.) немере ағасы, ғалым, сахаба Абдуллаһ ибн Аббас «қаһары мен жазалауы аспаннан болады» деген астарлы мағынада айтылған деп бекіткен.
Құдайдың затына байланысты ашу, күлу, аяқ, қол, жүз сияқты сипаттар көптеп келеді, осылардың барлығы тілдік тұрғыдан астарлы түсінуге немесе трансценденттік тұрғыдан қабылдаса ешқандай күпірлік болмайды. Пайғамбар (с.а.у.) дәуірінде өмір сүрген сәләф (алғашқы ақиқат) сеніміндегілер «Алланың затын сипаттап келген хабарларды, Құран мен хадистегі сипаттарын көбіне трансцендентті мағынада қабылдаған». Сондықтан бұл мәселеде алғашқы ғалымдардың еңбектері аз [3, 87б.]. Бүгінге дейін сақталып, маңызын жоймаған еңбектер: Әбу Ханифаның «әл-Фиқһул-акбар», Ахмед ибн Ханбалдың, Тахауидің, Табаранидің ақида жазбалары, мұсылмандардың ақиқат сенім жолы жайлы жазғандары.
Осы екі Құдайтану жолының алғашқысын Пайғамбар (с.а.у.) мектебін дәріптейтін қазақ ғұламаларының бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болды. Ол Аллаға дұрыс иманды дәріптеп кеткен.
Қазақ ақидалық сенімі осындай, яғни Алланы дұрыс тану, Мұхаммедтің (с.а.у.) жеткізген хабарларын ғұламаларымыз жалпақ тілмен, өлең жолдарымен жас ұрпақтың бойына сіңіріп отырған.
Иә, әр қазақ, тіпті әрбір мұсылман рухани жаңғыруын өзінен бастайды, өзінің кім екенін білген соң, бабаларының Иләһи сенімі қандай болғанын білгеннен соң адаспайды. Шығысқа немесе Батысқа жалтақтап, түсінілуі жеңіл, қабылдаумен қазақылық руханияттан, салт-санадан айыратын идеологияларды қабыл ету өте жеңіл, бірақ бұлай етумен қазақи болмыстан айрылады. Ал, өз жұртының теңдесіз ғұламаларын түсінуге қажырлы харекет керек. Қай саланың маманы болсын рухани жаңғырудың алғашқы баспалдағы Алланы дұрыс тану арқылы ғана болмысын сақтайды, жетістікке жетеді.
Тарихта қазақты ислам дінінен айыруға жасалған түрлі идеологиялық шабуылдар айтарлықтай нәтиже бермегені ақиқат. Ислам діні қазақтың қантамырлары арқылы бойына нықтап сіңген. Ал бүгінгі таңдағы жастардың уаһабизмнің жетегінде кетуі діни сауатсыздықтан емес, бәлкім өзін-өзі танымаудан, тарихын танымаудан, тілін ұқпаудан, рухани тұлғалардың келешекке қалдырған білім мұраларын түсіне алмауында болар. Мәшһүр Жүсіп бір сөзінде: «Дүниеде 77 тіл бар, соның ішінде араб тілі – асыл тіл. Өйткені, Құран ғараби, араб тілінде түскен. Екінші асыл тіл – қазақтың тілі. Қазіргі жүрген замандастарымыздың (ХІХ ғ.) бірде-біреуі қазақ тілін білмейді. Шіркін, білсе ғой. Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр», – дейді.
Мәшһүрдің заманы қазақтың қаймағы бұзылмай, сөз арасы қазіргідей бөтен сөзбен былғанбай тұрған ХІХ ғасыр еді. Сол кездің өзінде Мәшһүр Жүсіп осылайша дабыл қақса, қазақ тілін білемін деп жүрген қазіргілердің жайын не деуге болады?! «Туған тілім ертең өшсе, мен бүгін өлуге дайынмын» деген сөздің астарында қазақ тілінің құдіреттілігі, руханиятты, дінді, білімді, әулиелікті толығымен қамтыған құзіретті құрал екенін айтқан. Қазақ тілін түсіну үшін терең ілім керек, себебі ұлттың коды – тіл. Тілді қалыптастыруға талай тұлғалардың еңбегі сіңген, талайы шаһит кешті.
Қазіргі заманда еліміздегі сәләфизм бағытына тосқауыл болатын тілдің мәртебесін көтеру, сөз қадірін, сөзге тоқтау қасиеттерімізді жастардың санасына құюдың жолын, сан қырын табу керек. Құран мен хадисті түсіну үшін де сөзге тоқтау қабілеті керек, Ақиданы, Ислам сенімін түсіну үшін тауилді (сөздің астарлын ұғыну) тауфидті (транценденттілікті) дұрыс түсіну маңызды.
Ислам негіздерінде Ибн Таймиядан кейін аталған идеологияны ағылшынның арнайы қызметі Саудиялық Мухаммад ибн Абдул Уәhhаб (1703- 1792) арқылы қайта жандандырып, үлкен күшке айналдырды. Қазіргі таңда елімізде, өкінішке қарай, осы бағыттар жас ұрпақтың арасында көптеп жайылған. Ислам әлемінің атақты ғалымы шейх Рамазан әл-Бутый «Сәләфизм – ауру іспетті, онымен ауырған адамды қайтару өте қиын, сәләфизмді жоюдың ұтымды жолы – жаңа толқын жас өспірімдерді сақтандыру, тәрбиелеу арқылы болмақ», – деген тұжырым айтқан. Сәләфизм идеологиясына кіріккен адамның өз шындығы болады, сол шындығы арқылы ол үйінде туыстарынан, айналада достарынан, мешітте жамағаттан қашықтап жайсыздыққа тап болады, бұл – қоғамдағы үлкен індет.
Қорыта айтар болсақ, әрбір мұсылман рухани жаңғыруын өзінен бастайды, өзінің кім екенін білген соң, бабаларының Иләһи сенімі қандай болғанын білгеннен соң адаспайды. Қазақ жастарының санасында қалған сәләфизм іздерін ортодоксалды Исламды дұрыс түсіндірумен, қазақ даласында өткен ғұламалардың ғылыми ұстанымдарын тәпсірлеп түсіндіру арқылы, қазақ тілінің құдіреттілігін түсініп, бабаларымыздың бізге қалдырған асыл сөздерін түсіндіру арқылы ағымдарға имунитеттер түзе аламыз.

Дидар МАМЫРБАЕВ,
гуманитарлық ғылымдар магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.