Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс сапасын бақылау күшейеді

0 351

Еліміз жыл өткен сайын алып құрылыс алаңына айналып келеді. Өйткені республиканың түкпір-түкпірінде мыңдаған құрылыс жобалары жүзеге асуда. Нәтижесінде білім мен денсаулық сақтау нысандары, өндіріс орындары, жүздеген шақырым автомобиль жолдары мен инфрақұрылым желілері іске қосылып, пайдалануға беріліп жатыр.

Мыңдаған адамның жұмыспен қамтылуына себеп болып, тұрғындардың тұрмыстық әлеуетін жақсартып отырған бұл жобалардың «қап» дегізер тұстары да жоқ емес. Әсіресе мердігерлердің сапасыз жұмысы, атқарушы органдар мен құрылыс компанияларымен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баруы салынған нысандардың сапалылығына күмәнмен қарауға әкеліп отыр.
Аталған мәселе Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалған емес. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұл жайтқа ерекше тоқталды.
Бұл тұрғыдан келгенде, Тараз қаласында жүріп жатқан құрылыс нысандарына қадаға қатаң. Арнайы топ мүшелерінің ұдайы бақылауында болатын бұл жұмыстардың қорытындысы Тараз қаласы бойынша құрылыс нысандарындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысы туралы кеңес отырысында мұқият қаралады.
Осындай кеңестің бірі қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил мен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаевтың қатысуымен өтті. Басқосуда әуелі Қайрат Әшірәліұлы сөз алып, атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
– Ағымдағы жылы Тараз қаласы бойынша жалпы мемлекеттік бюджет есебінен 159 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 81 нысан 2022 жылдан өтпелі болса, оның 32-сі пайдалануға қабылданды. Сондай-ақ биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 294 хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 78 нысанның құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен, 216-сы жеке инвестиция қаржысы арқылы жүзеге асуда. Сонымен қатар бюджет есебінен жүргізіліп жатқан 127 нысанның техникалық қадағалаушы ұйымдардың ай сайынғы негізде объект құрылысының жай-күйі және барысы туралы 82-нің есептері толық ұсынылуда. Бұған қоса 40 нысанның жаңадан басталуына байланысты мерзімдері бар, ал 3 нысан тоқтап тұр, 2 нысан түзету- де, – деген басқарма басшысы құрылыс сапасына байланысты орын алған кемшіліктерді де жасырмады.
Айтуынша, қала шеңберінде жалпы 74 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 118 әкімшілік хаттама толтырылып, 30 656 730 теңге әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ 20 нысанның құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген 16 мердігер мекеме Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 312-бабының 1-тармағымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 8 мердігері Тараз қаласына тиесілі.
Жиынды қорытындылаған басқарма басшы құрылыс қателікті кешірмейтінін, сондықтан олқылықтарға жол беруге болмайтынын баса ескертті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.