Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс сапасы жіті бақылауда

0 231

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы құрылыс жұмыстарының барысын көзбен көрді. Әуелі шаһар басшысы «Тектұрмас» этнотарихи кешеніндегі «Ежелгі бекініс» имаратына барды.

«Нұр Тұрсын» ЖШС-нің мердігерлігімен соғылып жатқан нысанның сметалық бағасы 629 921 600 теңгені құрайды . 2022 жылы 1 мамырда басталған имарат құрылысы ағымдағы жылдың 1 маусымында аяқталуы тиіс. Алайда қала әкімі мұндағы құрылыс қарқынына көңілі толмайтынын жасырмады.
– Имараттың құрылысы өте баяу жүріп жатқаны көрініп тұр. Мұндай қарқынмен бұл жұмыстар дер кезінде аяқталарына күмәнім көп. «Тектұрмас» көне шаһарымыздың туристік орталығына айналуы тиіс. Ол үшін мұндағы әрбір нысан сапалы әрі көрікті болуы шарт. Аталған имарат кешеннің кезекті бөлігі болмақ. Сондықтан нысанды межелі мерзімде тәмамдау үшін қарқынды үдетіп, жұмыс күшін арттыру қажет. Онсыз тірлік алға баспайды, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Келесі кезекте шаһар басшысы «Құмшағал» алқабындағы №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне арналған денешынықтыру кешеніне атбасын бұрды. Аталған кешеннің де мердігері – «Нұр Тұрсын» ЖШС. Осы жылдың шілде айында аяқталуы тиіс ғимараттың жалпы ауданы 1267 м2 алып жатыр. Нысанның жобасына сәйкес мұнда балалардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалмақ. Мұндай кешендердің тұрғындардың денсаулығын нығайту үшін аса қажет екенін айтқан қала әкімі құрылысты белгіленген уақытта тапсыру керектігін баса жеткізді.
Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы М.Масанчи көшесі мен «Құмшағал» алқабындағы су желілерінің құрылысы және тұрғындарды абоненттеу жұмыстарымен танысты. Өз кезегінде шаһар басшысы су желілерін жүргізген мердігерлердің асфальт жолдарды қайтадан қалпына келтіруге міндетті екендігін айрықша атап өтті.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.