Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысандарды аралады. Әуелі қала әкімі өз мәселесі бойынша шағымданып келген «Қарасай» алқабының тұрғынымен жүздесті.
Тұрғынның негізгі мәселесі электр энергиясы мен табиғи газ. Барлық мәселеге әбден қаныққан шаһар басшысы жауаптыларға айтылған проблемаларды тез арада шешіп, абоненттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Бұдан кейін қала әкімі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №9 бөбекжай-балабақшаға барды. Бақытжан Әмірбекұлы мұндағы жұмыс барысы көңіл көншітпейтінін қадап айтты.
– Құрылыс барысында адам санының жетіспеушілігі, кей жұмыстардың талапқа сай еместігі көзге анық көрініп тұр. Мұндай кемшіліктер біріншіден құрылыстың сапасына, екіншіден аяқталу мерзіміне кесірін тигізеді, – деген шаһар басшысы құрылыс сапасы өзінің тікелей қатаң бақылауында екенін жеткізді.
Осы орайда айта кетерлігі, балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстарын «Әль Мансур» ЖШС жүргізсе, техникалық қадағалаушы – «Акгем Строй» ЖШС.
Келесі кезекте қала әкімі Желтоқсан көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын көзбен көрді.
Бүгінгі күні Төле би даңғылынан Сүлейменов көшесіне дейінгі аралықтағы құрылыс алаңында қазіргі таңда жол негіздемесі дайындалып, жаяу жүргіншілер жолына асфальт төселді.
Ұзындығы 416 метрді құрайтын жолдың құрылыс жұмыстарын «B grass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Техникалық қадағалаушы «АКГЕМ СТРОЙ» ЖШС.
Қазіргі таңда мұнда 7 техника, 20-ға жуық жұмысшы еңбек етуде.