Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс индустриясындағы қарышты қадам

Таразда автоклавты газблок өндіретін зауыт ашылды

0 1  187

Кеше Тараз қаласында «ALASHPROM» ЖШС-нің құрылыс материалдарын өндіретін зауыты ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков және облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысты.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ә.Тамабек өңірде құрылыс индустриясы қарқынды дамып келе жатқанын, оған мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетіліп отырғанын тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық өнім көлемін көтеру үшін қолданыстағы зауыттарды жаңғыртумен қатар, жаңа өндіріс ошақтарын ашу туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі өнеркәсіп орны осы тапсырманың аясында ашылып отыр. Жалпы облысымызда құрылыс индустриясында 117 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп келеді. «ALASHPROM» зауыты да аталған саланың дамуына сүбелі үлесін қосады деп сенеміз, – деді Әбілхайыр Ғалымұлы.
Келесі кезекте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Мұқаш Ескендіров, Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев сөз алып, өңірде теңдесі жоқ жаңа кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі.
«ALASHPROM» ЖШС-нің жаңа зауытында автоклавты газблоктар өндіріледі. Кәсіпорын жылына 50 мың текше метр дайын өнім шығаруға қауқарлы. Мұнда сонымен қатар құрамы күшейтілген желім, қарапайым желім, сылақ секілді құрғақ құрылыс қоспалары да шығарылады. Қазіргі уақытта мұнда 85 адам еңбек етуде. Олардың орташа айлық жалақылары 150 мың теңгеден асады.
Зауыттың құрылтайшысы Талғат Жолтаевтың айтуы бойынша, жобаны жүзеге асыруға жеке қаражаты есебінен 1,6 млрд теңге жұмсалған. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджет есебінен 48,7 млн теңгеге электр желісі тартылған.
Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Мұқаш Ескендіров, Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев және Ерболат Саурықов кәсіпорынның лентасын қиды. Содан соң меймандар өндіріс орнын аралап, жұмыс барысымен танысып шықты.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.