Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс қарқынды жүруде

0 421

Бүгінде Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі ұсынған мәліметке сәйкес, шаһар аумағында 98 нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аталмыш нүктелерге жүргізген зерделеу жұмыстары аясында құрылыс сапасын, жұмыс барысын көзбен көріп, мердігер компания өкілдерімен тілдестік.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бағыт алған алғашқы нысан Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның жанынан салынып жатқан жапсарлас ғимараттың құрылысы болды. Білім ошағының директоры Ләззат Қызылқұлованың айтуынша, 769 орындық мектепте 1773 бала оқып келген. Салынып жатқан жаңа нысан алдағы оқу жылын кең, биік, ыңғайлы ғимаратта бастауға мүмкіндік бермек.
– Алдағы оқу жылында бірінші сыныпқа тағы 200 оқушы қабылдануы ықтимал. Мұндай жағдайда 3 ауысыммен оқуымыз мүмкін еді. Алайда дер кезінде облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, қалалық құрылыс бөлімі құжаттарын әзірлеп, мердігер компания құрылысты шілде айының соңында аяқтамақ ниетте. Жаңа ғимаратта екі қабат, 12 кабинет және 2 интерактивті кабинет болады, – деді Ләззат Әбілдақызы.
Мердігер компания «ТаразҚұрылысИнвест» өкілі Нұржан Әділовтің айтуынша, жобаны жүзеге асыруға 30 құрылысшы атсалысып жатыр. Бүгінде нысанның іргетасы құйылып, қабырғасы көтерілуде. Осыған дейін 1773 бала оқып келген мектепке қосымша 300 орындық ғимараттың салынып жатқанына ата-аналар да бек қуанышты. Себебі олар бала саны көбейген сайын мектеп 3 ауысымдық оқу режиміне көшеді деп қауіптенген.
– Бұл мектепте 2-3 сыныптарда екі ұлым оқиды. 16 наурыздан бастап балаларымыз қашықтан білім алып келді. Дегенмен гимназияның аумағы кеңейіп, жаңа ғимарат салынатынын естігенде, қуанышымызда шек болмады. Жаңа оқу жылын жаңа үлгідегі ғимаратта, жаңа жабдықтармен қарсы алатынымызға дән ризамыз, – деді ата-ана Алтынай Жайлышева.
Бұдан әрі құрылыс барысымен танысу үшін «Арай» алқабындағы әлеуметтік осал топтарға арналған көпқабатты үйлерге ат басын бұрдық. Былтырғы жылдан өтпелі құрылыс аумағында 4 бірдей 5 қабатты үй бой көтерген. Әр кіреберісте 15 пәтер бар. «Бином» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс нысанының әр бөлігінің сметалық құны 363 миллион теңгені құрайды.
Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан нысанның соңғы әрлеу жұмыстары маусым айының басында аяқталмақ. Бұл жөнінде аталмыш мекеменің құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру секторының меңгерушісі Шыңғыс Алиасқар баяндады.
– «Бином» ЖШС салып жатқан үйлердің құрылысы желтоқсан айынан басталған болатын. Әр пәтер 2 бөлмелі. Бой көтерген пәтерлер әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындарға арнайы салынуда. Сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталған соң, үй қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің балансына беріледі. Аталған мекеме арнайы әзірленген тізімдегі тұрғындарға пәтердің кілттерін табыстайтын болады. Алдағы айдың басында алғашқы екі үй пайдалануға беріледі. Айдың соңында қалған екі нысан тапсырылады. Бүгінде барлық үйге санитарлық жабдықтар, өлшеуіш құралдар толық орнатылған, – деді маман.
«Бином» ЖШС бас директорының орынбасары Мәди Изенбаевтың айтуынша, әр пәтердің аумағы 53-54 шаршы метрді құрайды. Қауіпсіздік мақсатында әр кіреберіске бейнебақылау камералары орнатылған. Құрылыс жұмыстарына 200-ге тарта адам жұмылдырылған. Сондай-ақ компания өкілінің айтуынша, құрылысқа пайдаланылған материалдардың барлығы – отандық өнім.
Жалпы алғанда, бүгінгі таңда шаһар аумағында Тараз қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен 98 нысанның құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оның қатарында 6 мектеп, 54 тұрғын үй, шалғай алқаптардағы инженерлік желілер бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.