Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Рухты әйелдер – қоғамның қозғаушы күші

0 311

Қазіргі заманда әйелдің рөлі тек отбасы шеңберімен шектелмейді. Әйел – өмірдің мәнін, мейірім мен даналықты бойына сіңірген, қоғамның дамуына серпін беретін тұлға. Осы идеяны дәріптеу мақсатында Республика күні қарсаңында Қазақстан Халық партиясының Жамбыл облыстық филиалы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен ТEDx форматында кездесу өтті. Жиында айтары мол нәзікжандылар жастармен кездесіп, өмір жолдарының ұрпаққа тағылым болар тұстары жайында баяндады.

Рухы мықты, жүрегі кең, ел дамуына өз үлесін қосып жүрген арулар – қоғамның тірегі. Аналар отбасының ұйытқысы бола жүріп, еңбек майданында да табандылық танытуда. Қазіргі таңда әйелдер жұмыстың жеңіліне де, ауырына да қарамастан білек сыбана кірісіп, қоғам өміріне белсене атсалысып жүр.
– Бұл TEDx кездесуі – өңірдің дамуына зор үлес қосқан, табандылығы мен еңбегі арқылы ел игілігіне қызмет етіп жүрген әйелдердің өмір жолы, жетістігі және рухани күші туралы шынайы әңгімелер алаңы. Сол себепті ол өмірдің түрлі саласында жетістікке жеткен, табандылық пен ерік-жігердің символына айналған әйелдердің басын қосқан ерекше шара болды.
TEDx форматындағы басқосудың басты ерекшелігі – әрбір спикердің өз тәжірибесін бөлісіп, шынайы оқиғалар арқылы тыңдарманға ой салуы, – деді қалалық мәслихаттың депутаты Әсел Жапарова.
Сонымен қатар шараға қоғам белсендісі, әлеуметтік жобалар бастамашысы Назима Жұбандықова, жас кәсіпкер, әйелдер көшбасшылығын дамыту бағытындағы бастамалардың авторы, қалалық мәслихат депутаты Әйгерім Дәулетбаева, мәдениет саласының өкілі, рухани құндылықтарды дәріптеуші Нүрила Есім мен Эльмира Құрманалиева қатысып, өз ойларын ортаға салды. Кеш барысында әр саланың өкілдері өз жолындағы қиындықтар мен жеңістерді баяндап, қатысушыларға шабыт пен үміт сыйлады.
– Сәтсіздік – тоқтау емес, жаңа бастамаға мүмкіндік. Рухы мықты әйел тек өз өмірін емес, айналасындағы адамдардың тағдырын да өзгерте алады. Оның табандылығы, сенімі мен махаббаты қоғамды алға жетелейді. Рухты әйел – отбасының тірегі, қоғамның тіреуі, ұлттың намысы.
Менің де атқарып жатқан жұмысым – ол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын алғы шепке шығару, тең құқылы азамат ретінде олардың қоғамдағы орнын қалыптастыру. Бұл бағытта атқарған жұмыстар жетерлік. Әр сессияда мүмкіндігінше сол жандардың жан айқайын депутаттық сауал арқылы жеткізіп келемін, – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Әйгерім Дәулетбаева.
Шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ортақ жобалар мен бастамалар жайында ой бөлісті. Көпшілігі мұндай кездесулердің жастар мен әйелдерге мотивация беріп, олардың әлеуетін ашуға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.