Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рухани жаңғыру – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы

0 557

Қай заманда болмасын, қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы – адамның рухани байлығын, ұлттық тәрбиесін арттыру. Ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы. Ол жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, керісінше, үндеседі. Бұлар бір-бірін байытып, құнарландырады. Ұлттық тәрбиенің тереңінен нәр алған адам – рухани бай адам. Ол мәдени-рухани құндылықтарды бойына тез сіңіреді, осылай толық әрі кәміл адам дәрежесіне көтеріледі. Адам табиғаты тек тиімділік пен ұтымдылықты негізге ала бермейді. Адамға ең алдымен рухани негіз керек, яғни адам үздіксіз өзгеру үстінде болып, әсіресе, ұлттық дамудың тиімді үлгілерін іздеу жолында жүруі керек.

Отанымызды өркениет көшінің алдына бастайтын рухани жаңғыру – адам баласының, оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Рухани жаңғыруда өркениеттің өрге жүзуімен байланыстырамыз. Кез келген қоғам ұзақ уақыт бойы жинақталған тәжірибені келесі ұрпаққа ізгі дәстүрінсіз жеткізе алмайтынын есте сақтағанымыз абзал. «Сондай-ақ замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кез келген қоғамдық, әлеуметтік үдеріске қазақы салт-санамен бейімделу қажеттілігін баса айтқан. Көреген көшбасшы Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігін беріп: «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», – деп ел келешегіне үміт артты. Ендеше, сол сенімге сай келіп, ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын барша қазақстандықтар келелі ойға салып, салиқалы пікір мен батыл шешімдерге ұмтылғаны абзал.

Қазақ халқы ғасырлар бойы жерін, ұлттық салт-дәстүрін, тілін, дінін, мәдениетін, әдебиетін, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухын сақтауға, ұрпақтан ұрпаққа қалдыруға тырысты. Себебі ұлттық құндылығын жоғалтқан халық еш уақытта еңсесін көтере алмайды, ондай елді ешкім де мойындамайды. Қаншама халықтың дүниетанымынан, жерінен, тілінен, дінінен айырылып, біреулерге кіріптар болып отырғандығы тарихтан белгілі. Елбасының рухани жаңғыруда осындай ұлттық құндылықтарымызды сақтауымыздың маңыздылығын көтеруінің мәнісі де – осында.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оны баланың бойына сіңіріп, ата-бабамыздың қалдырған мұрасын естен шығармау үшін біздің Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің балалар көркемөнер мектебінің мұғалімдері өз үлестерін қосуда. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген іс-шаралар да осы мақсатқа негізделген. «Жемқорлықпен күресейік!», «Ризашылық пен алғыс айту», «Біз бақытты баламыз», «Нұр-Сұлтан – болашақтың қаласы», «Қазақтың ұлы тұлғалары», «Ата Заң – бейбіт өмір бастауы», «Мейірімділік планетасы», «Татулық пен бірлік» атты Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған сурет көрмелері. «Бояулар құпиясы» атты жас суретшілердің байқауы, «Шеберлер қаласы: ата-бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз!» өлкетану сәндік-қолданбалы шығармашылығының көрмесі, «My funny story» комикс-шоу, «Домбыра – ұлт байлығы» мүсін көрмесі, «Өнегелі әже, өнерлі немере!» атты киіз басу шеберлік сағаттары өткізілді.

Рухани жаңғыру – ұлтымыздың ұлт болып ұйысуының, тарихымызды сақтаудың, тұлғаларымызды танытудың, өткенімізді білудің, болашаққа бағдардың, келешекке кемел ғибратты із қалдырудың мәйегі. Әр халықтың рухани дамуында уақытқа тәуелсіз халықтың құндылықтары болады, мағыналы түрде жаңаша ойлау осындай құндылықтарды бекерге шығармайды. Олардың жаңа ойлармен, жаңа принциптермен диалектикалық түрде сабақтас екені еш уақытта ұмытылмайды. Тек бұрынғы тамаша құндылықтар мен жаңа ойлардың, жаңа принциптердің ішкі диалектикалық байланысын дұрыс түсінгенде ғана мағыналы түрде алға жылжу жүзеге асады.

Ендеше, рухани жаңару арқылы әлем мойындар табысты ел болып, жарқын болашаққа деген сенім мен үмітті үндестіре отырып, баршамыз бірлік туы астында бақытқа бірге жетейік!

Балдай ЕРТУГАНОВА, Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің «Балалар көркемөнер мектебі» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.