Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

0 378

Жуырда Тараз қаласы Әл-Фараби көшесінің бойында орналасқан «Ақсай» базары отқа оранған еді. Өрттің салдарынан сауда орталығының екінші қабатында орналасқан жалпы аумағы 1 050 шаршы метрді құрайтын 44 дүңгіршекке зақым келіп, кәсіпкерлер шығынға батты.

Осы мәселеге орай қала әкімі Бақытжан Орынбеков, қала прокуроры Жамбыл Сматов, Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Әскер Сарбатов және қалалық полиция департаментінің бастығы Ардақ Мадимаров «Ақсай» базарындағы өрттен зардап шеккен саудагерлермен арнайы кездесті.
Әуелі Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Әскер Сексенқалиұлы оқиғаның мән-жайына тоқталды.
–Тараз қаласындағы Әл-Фараби көшесі, №7/1 мекенжайында орналасқан «Ақсай» базарында тіркелген тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің 64 қызметкері мен 17 бірлік техникасы жұмылдырылды. Осылайша өрт 14:29-да оқшауланып, 14:56-да толығымен сөндірілді. Оқыс оқиға салдарынан сауда үйінің шатыры мен 44 бутик жойылды. Алдын ала мәлімет бойынша 90 кәсіпкер шығынға батқан, – деді басқарма бастығы.
Ал қалалық полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаровтың айтуынша, төтенше жағдайға байланысты ҚР Қылмыстық Кодексi 292-бабы – «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бойынша іс қозғалған. Сондай-ақ оқиғаның алдын ала себебін анықтау мақсатында 2 тергеу тобы құрылып, өрт-техникалық сараптама тағайындалыпты.
Бұл жердегі кәсіпкерлер тарапынан көтерілетін негізгі сұрақ шығын мен залал мәселесі екені белгілі. Осы тұрғыда қала прокуроры Жамбыл Сматов: «Сіздер құрылған тергеу тобының мүшелеріне кәсібіңізге қатысты барлық мағлұматты, оның ішінде құжаттар мен келісімшарттарды, тауар саны мен көлемі туралы мәліметті ұсынуларыңыз қажет. Нәтижесінде шығын көлемі толыққанды есептеледі», – деді.
Шаһар басшысының сөзінше, 2022 жылы 15 желтоқсанда сауда орындары басшылығының қатысуымен өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары бойынша арнайы басқосу өткізілген.
– Жиын барысында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Әскер Сарбатовтың тарапынан сауда орындарындағы кемшіліктер мен оларды жою бойынша нақты ұсыныстар айтылған. Аталған ұсыныстар негізінде хаттама толтырылып, тиісті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік нысан басшыларына жолданған. Сол жиында «Ақсай» сауда орталығының қауіпсіздік мәселелері бойынша жауапты өкілі де қатысқан. Өкінішке орай, бүгінде осындай жағдай орын алуда.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, зардап шеккендерге өз кәсібін жалғастыру үшін қаладағы өзге сауда орындарынан уақытша орын ұсыну қарастырылуда. Нәтижесінде, қалалық әкімдік «Grand Bazаar» және Орталық базардың басшылығымен келісімге келді. Олардың алғашқысы 1 500 шаршы метрді құрайтын сауда орнын 3 ай мерзімге (шартқа қол қойылған сәттен бастап) тегін ұсынуға дайын. Кәсіпкерлер бұл мерзімде тек коммуналдық қызмет шығынын ғана төлейтін болады. Сондай-ақ 3 ай мерзім өткеннен кейін сауда орнын жалға алу құны коммуналдық қызмет шығынын қоса есептегенде, шаршы метр үшін 800 теңгені құрайды. Ал Асқаров көшесіндегі Орталық базардың басшылығы шамамен 2 мың шаршы метрді 5 айға тегін беруге әзір. Бұл мерзімде кәсіпкерлер тек коммуналдық қызметтер үшін ақы төлейді. Сондай-ақ 5 ай өткеннен кейін жалдау құны шаршы метрі үшін 500 теңге болмақ. Бірақ коммуналдық қызметтер шығыны жалға алушы кәсіпкер тарапынан бөлек төленеді. Сонымен қатар кәсіп үшін алған несиесін шегеру мен уақытша тоқтату жұмыстары бойынша банктермен де келіссөздер жүргізілуде. Тергеу жұмысы толық аяқталғанша базар жұмыс істемейді. Сараптама қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге келген шығын көлемі толық есептеледі, – деген шаһар басшысы «Ақсайдағы» алапат өртке қатысты барлық мәселе жеке бақылауында болатынын баса айтты.
Жиын соңында қала әкімдігінің қызметкерлері мен өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер бірлесе арнайы белсенді топ құрды. Бұл топ өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге барлық жағдайды, қажеттілік пен сұранысты жеткізетін болады.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.