31 желтоқсан күні, тура Жаңа жыл мерекесінің алдында Тараз қаласы, «Қарасу» (5) шағынауданындағы 5 қабатты, 90 пәтерлік №15 тұрғын үйдің 5-қабатындағы балконнан өрт шыққан еді. Кейіннен ғимараттың шатырына жайылған тілсіз жау жұртшылықты біраз әбігерге салған болатын. Нәтижесінде аумағы шамамен 900 шаршы метрді құрайтын шатырдың күлі көкке ұшты.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде үйдің балконы мен шатыры жанып жатқан. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарды баспалдақтар арқылы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Қызыл жалынды сөндіруге 62 қызметкер мен 22 техника жұмылдырылып, сағат 23:41-де тілсіз жау толығымен оқшауланды. Бір қуанарлығы сол, өрт салдарынан ешкім қаза тапқан жоқ.
Төтенше жағдайға байланысты оқиға орнында жылыту пунктері ұйымдастырылып, жедел штаб құрылды. Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті үздіксіз қамтамасыз етті.
Оқиға орнына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы барып, өртенген үйдің тұрғындарының жағдайымен танысты.
– Өрттің шығу ошағын, себебін және шығын көлемін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Тұрғын үйге нысандық төтенше жағдай жарияланды. Әр пәтер бойынша келтірілген шығын есептеліп, заң талаптарына сәйкес қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетіледі, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Қала әкімі де өз кезегінде тілсіз жаудан зардап шеккен әрбір тұрғынның жағдайы назардан тыс қалмайтынын қадап айтты.
Зардап шеккен тұрғындарды уақытша орналастыру мақсатында №25 орта мектеп базасында эвакуациялық пункт ашылды. Сондай-ақ 8 отбасы, (барлығы 32 адам, оның ішінде 16 бала) «Жасмин» және «24/7» қонақүйлеріне орналастырылды. Қонақүйде уақытша тұрып жатқан тұрғындар ыстық тамақпен, қажетті тұрмыстық заттармен толық қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда отқа оранған үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда шатырды демонтаждау жұмыстары толық аяқталып, жаңа шатырларды орнату жалғасуда. Бұл жұмыстарға 60 адам, 2 кран, 2 автокөтергіш (вышка), 2 жүк көлігі және 1 трактор жұмылдырылды.
Арнайы құрылған комиссия тарапынан 90 пәтерге зерделеу (тексеру) жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 54 пәтердің зардап шеккені, оның ішінде 36 баспанаға нақты су өту фактілері тіркелгені анықталды. Қазіргі уақытта №45, 46, 58, 69, 89, 29, 83, 90, 9, 20, 60, 88 – жалпы саны 12 пәтерде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Су, газ, электр жарығы және жылу жүйелері толық қосылды.
Тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайы – жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.
«JT»-ақпарат