Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өрт өршіп тұр

0 251

Қыстың көзі қырауда қала ішінде өрт жалыны арта түсетінін мамандар растайды. Ал төтенше оқиғаның орын алуына көбіне тұрғындар себепкер көрінеді. Өйткені олар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды.

Арайлым Шабденова

Өрттердің ең көп саны тұрғын үй секторында болады. Тараз қаласы аумағында жылдың басынан 203 (2019 жылы – 249) өрт тіркеліп, оның 138-і (2019 жылы – 171) тұрғын үй секторында орын алған, өрт салдарынан 6 адам (оның ішінде – 2 бала) қаза тапса, 2 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Өрттен келген материалдық шығын 25 млн 841 мың теңгені құраған. Өрттердің негізгі шығу себептері электр қондырғыларын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, тұрғындардың отпен абайсыздығы, пештерді қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін толық орындамау және балалардың отпен ойнауы екен. Жамбыл облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің жұртшылықпен байланыс тобының берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, 12-13 қарашаға қараған түні, яғни тәулік ішінде Жамбыл облысының өрт сөндіруші-құтқарушылары 5 өрт оқиғасына шыққан және 1 рет тұрғындардың үйлерінің есігін ашу жұмыстарын атқарған. Атап айтқанда, Тараз қаласы №10 мөлтек ауданында көпқабатты тұрғын үйдің бірінде өрт оқиғасы орын алған. От жауынгерлері пәтердегі өртті 14 минутта ауыздықтап, оқиға орнынан 15 адамды қауіпсіз орынға көшірген. От жауынгерлері сондай-ақ «Байлық» ЖШС пластик өңдейтін цехта шыққан өртті сөндірген. Аталған өрт оқиғасына өрт сөндіру бөлімдерінен 6 өрт сөндіру автокөлігі мен 1 автосаты, 30 адам жеке құрам, сондай-ақ кезекшілік өрт сөндіру қызметі шыққан. Өрт ауданы 150 шаршы метрді құрап, тілсіз жауды мамандар жарты сағатта сөндірген. Сонымен қатар сол тәулікте Шу, Байзақ аудандарында да өрт оқиғалары тіркелген.

– Ағымдағы жылдың 21-22 қарашасында, яғни өткен демалыс күндері Жамбыл облысының өрт сөндіруші-құтқарушылары 5 автокөліктегі өрт оқиғаларын сөндіруге шыққан. Атап айтқанда, «Бәйтерек» (13) мөлтек ауданы, №20 үйдің ауласында жеңіл автокөлік өртенген. Сондай-ақ «Арай» иінінде, «Ақжол» иінінде жеңіл автокөлік өртенген. Сонымен қатар қалған өрттер аудандар бойынша орын алған. Жалпы әр автокөлік міндетті түрде алғашқы өрт сөндіру құралдарымен (ұнтақты немесе көмірқышқылды өрт сөндіргішпен) қамтамасыз етілуі және салонда, оңай қолжетімді жерде өзімен бірге болуы тиіс. Негізінен аса кішкене және ықшам өрт сөндіргіштерді таңдамаған жөн. Сіз ондай құралмен өртті сөндіре алмайсыз. Ал егер автокөлікте өрт туындаған кезде көлікті жол жиегінде тоқтату және қозғалтқышты сөндіріп, клеммниктерді аккумулятордан ажыратып, борттық электр желісін тез ажырату қажет. Болған жағдай туралы өрт сөндіру қызметіне «101» немесе «112» телефондары арқылы кез келген тәсілмен хабарлау міндеттеледі, – дейді облыстық ТЖД бас маманы Сәуле Мұнатаева.

Жалпы қыркүйек айынан бастап мамандар өрт қауіпсіздігін сақтау, жылыту маусымына дайындық барысын тексеру, үй секторларын аралау бойынша рейдтік шаралар мен сенбіліктер ұйымдастырған.

– Жылыту маусымында тұрмыстық өрттердің және улы газдың алдын алу мақсатында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, Жамбыл облысы «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» ММ қызметкерлері, «ҚазТрансАймақ» ЖПФ АҚ мамандарымен және қала волонтерлерімен бірлесе отырып өрт қауіпсіздік сенбілік күні өткізілді. Жылыту маусымында өрт және улы газбен улану оқиғаларына жол бермеу мақсатында Тараз қаласы 4 аумақтық округінің тұрғын үй секторының көшелерінде және көшелері мен бұрылыстарында өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатында аулаларды аралау жүргізілді. Осындай алдын алу іс-шараларын жүйелі түрде өткізу, тұрғындармен әңгімелесу және өрт қауіпсіздігі туралы жадынамалар таратудың басты мақсаты – апатты оқиғалар мен адамдардың қаза болуына жол бермеу. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары, көпбалалы отбасылар мен тұрмысы нашар отбасылар тұратын тұрғын үйлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге басты назар аударылады. Үйде тек жылу ғана емес, қауіпсіз болу үшін бірнеше ережелерді сақтау ұсынылады. Өзінің үйінде газбен жылыту бар, электр құралдарын пайдаланатын азаматтар үшін өрт қауіпсіздігінің басты ережелері жан-жақты айтылады. Өзіне және айналадағыларға ең үлкен қауіп-қатерді адамның өзі тудырады, отқа және оның көздеріне ұқыпсыз қарайды, – дейді Тараз қаласы ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде департамент қызметкерлері өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің жеке құрамымен және ерекшелейтін элементтері бар киім киген еріктілермен бірге 8909 адамды қамтыған 4122 ауланы аралап, жылыту пештерін, электрлі және газ құралдарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары туралы жадынамалар таратқан.

Жеке тұрғын үйлерде өртті болдырмау, өрт қауіпсіздігін сақтау, өрттің тілсіз жау екендігі аз айтылып жүрген жоқ. Сонда да болса, жеке тұрғын үйлерде өрт оқиғалары көп орын алып отыр. Қыс мезгілінде жеке тұрғын үйлерде ережеге сай салынбаған жылу пештерінің ақаулығынан өрт оқиғаларынан зардап шеккендердің саны азаяр емес. Осы орайда сала мамандарынан білгенімізді сіздермен де бөлісуді жөн көрдік:

– Ереже бойынша пештің түтін жолдары 3 айда бір рет ыстан тазартылып отыру қажет.

– Пештің түтін жолдары үйдің негізгі құрылысынан дербес орналастырылады. Үйдің қабырғасы және жабуы қималарындағы жанбалы құрылыс материалдарымен түтін жолы аралығында бос аралық (противопожарная разделка) кесекпен қаланған көлемі 38 сантиметр, отқа төзімділік құраммен өңделген қорғағыш пайдаланғанда 25 сантиметрге дейін бос аралық қалдырылуы тиіс. Мұндай бос аралық көлем балабақша, аурухана, мектептерде, асханаларда көлемі 51 сантиметр болуы шарт.
– Жылу пешінің алдындағы еденге көлемі 50х70 сантиметр қаңылтыр қағылады. Жылу пешін еденнің бетіне орнатуға болмайды. Уақытша қолдан жасалған темір пештерін орнатқан жағдайда, темір пештерінің аяқтарының биіктігі 0,2 метрден кем болмауы тиіс, еденнің бетіне бірқатар кесек өріліп батпақпен сыланып, темір пеш орнатылады.
– Ағаш конструкцияларынан және ағаш жиһаздарынан 1 метр қашықтықта, беті сыланған қабырғалардан 0,7 метр қашықтықта орнатылуы тиіс. Негізінен келгенде, пешті арнайы мамандығы бар кісілерге соқтырған жөн. Пеш дұрыс жанбаған немесе жан-жағынан жалын шашқан жағдайда тездетіп арнайы маманға көрсетіп алған дұрыс.
– Газды пайдалану өмірімізге мықтап енгендігі соншалық, газсыз ас-суды дайындау қиын-ақ. Яғни газ тұрған бөлменің желдеткішін ашып, ауасын тазартып алу, газ жүретін түтікшелердің жабық жағдайда екендігін тексеріп отыру керек. Газ баллондары мен газ плиталарын жалғастырып тұрған шлангалары жарамды, жыртылмаған болуы қажет және редукторға, газ плитасына арнайы хамут арқылы бекітілуі тиіс. Үйде газ болған жағдайда оны есікке жақын қою керек. Өрт бола қалған жағдайда сыртқа шығаруға қолайлы.

Түйін: Газет беті қатталып жатқанда «Шалғай Қарасу» иіні, Әбдиев көшесі №191 үйде қатты жарылыс болғандығы туралы ақпарат «ҚазТрансАймақ» ЖПФ АҚ-ның диспетчерлік қызметіне түсті. Жарылыстың шығу себебі сала мамандарынсыз газ құбырын жылыту пешіне қосып, салдарынан ас үй жарылып, 10 жасар бала күйікпен ауруханаға жеткізілген. Бұл өрттің орын алуына да қауіпсіздік шараларын сақтамаған тұрғындар кінәлі. Сондықтан үйіңізді, мүлкіңізді, баспанаңызды, сондай-ақ өз өмірімізді, балалар мен жақын адамдарымыздың өмірін сақтау үшін әрқайсымыз өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауымыз керек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.