Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өрт қауіпсіздігі – басты назарда

0 65

Өрт – адам өмірі мен мүлікке ең қатерлі апаттардың бірі. Көп жағдайда оның салдары адам өміріне қауіп төндіреді. Мұндайда адамдар құтқарушылардың қызметіне жүгінеді.

Әрине, құтқарушылардың жұмысы әрдайым күтпеген жағдайлармен және қиындықтармен байланысты. Олар төтенше жағдай туындаған кезде тәуліктің кез келген уақытында шақыртылып, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылдауға міндетті. Бұл қатарда тараздық Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері де бар. Олар құтқару жұмысымен бетпе-бет келуімен қатар, халыққа түсіндіру шараларын жиі өткізіп тұрады.
Мәселен, жуырда Тараз инновациялық көпсалалы колледжі мен Тараз теміржол көлігі және коммуникациялар колледжінің 2, 3 және 4-курс студенттерімен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Шара барысында азаматтық қорғау қызметкерлері білімгерлерге Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы жөнінде ақпарат беріп, аталған оқу орнына түсудің шарттары мен талаптарын түсіндірді.
Сонымен қатар шаһарда тұрғын үйлердегі және автокөліктердегі өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатымен профилактикалық акция өткізілді. Шара аясында автосервис орталықтарында, гараж кооперативтерінде және автотұрақтарда көлік иелері мен сала қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Акция барысында өрттің негізгі себептері мен оның алдын алу жолдары түсіндірілді.
Сондай-ақ Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының мәжіліс залында Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлерімен бірлесіп «Өрт немесе өзге де түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері» тақырыбында сабақ өткізілді. Аталған шараға қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің өрт сөндіруші-құтқарушылары қатысты.
Дәріс барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Ертай Раимбеков төтенше жағдай аймағынан құтқарылған адамға дұрыс бағытта медициналық көмек көрсетудің әдіс-тәсілдері құтқарушылар үшін аса қажетті білімдердің бірі екенін атап өтті.
Сабақта зардап шеккен адамды төтенше жағдай аймағынан көтеріп алып шығу кезіндегі дұрыс ұстау әдістерінен бастап, жасанды тыныс алдыру секілді жаттығулар тәжірибелік тұрғыда пысықталды. Мұндай бағыттағы жаттығулар құтқарушылар үшін артық емес екені анық.
Балалардың өрт қауіпсіздігі туралы білімді болуы – олардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі. Өрт оқиғасы күтпеген жерден туындауы мүмкін, сондықтан балалардың мұндай жағдайда өзін-өзі дұрыс ұстауды, қорықпай әрекет етуді және қауіпті жағдайдан дер кезінде шыға білуді меңгеруі аса қажет.
Осыған орай облыс орталығындағы №38 «Толағай» бөбекжай-балабақшасында өрт қауіпсіздігі бойынша ашық сабақ өткізілді. Балалар өздерінің дайындықтарын көрсетіп, қауіпсіз мінез-құлық ережелері туралы айтып берді, ал құтқарушылар негізгі қауіпсіздік талаптарын еске салды. Сондай-ақ өрт тақырыбында балалардың қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды.
Балабақша ауласында тәрбиеленушілерді өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қарсы алып, балалар өрт сөндіру автокөлігінің ішіне отырып көрді. Арнайы қорғаныс киімдерін киіп, жедел-құтқару жасағының техникасымен және Холмс атты іздестіру-құтқару итімен танысты.
Жалпы, өрттің алдын алу – әр азаматтың басты міндеті. Тұрмыста электр сымдарының жарамдылығын үнемі тексеріп, бір нүктеге бірнеше құрылғы қоспау қажет. Газ плитасын қараусыз қалдырмау, шам мен жылытқышты жанғыш заттарға жақын қоймау, балаларды от көзінен алыс ұстау – өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең негізгі шаралары. Жұмыс орнында өрт қауіпсіздігі нұсқаулығын қатаң сақтау, эвакуация жолдарын бос ұстау, өрт сөндіргіштердің жарамдылығын тексеру, жанғыш материалдарды белгіленген орындарда сақтау маңызды.
Қоғамдық орындарда шығу жолдарының орналасуын алдын ала біліп, ашық от көздерін қолданбау және электр жабдықтарын өз бетіңізше қоспау керек. Табиғатта отты тек рұқсат етілген жерде жағу, қараусыз қалдырмау, шоқ пен күлді толық өшіру және құрғақ шөпке от тастамау қауіпсіздікті арттырады. Егер өрт шықса, дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлап, мекенжай мен өрт орнын нақты айту қажет. Қауіп төнген адамдарға ескерту жасап, кіші көлемдегі отты ғана өрт сөндіргішпен сөндіруге әрекет етуге болады, бірақ өрт ұлғайса, өмірді қатерге тігіп, өз бетіңізше әрекет жасамаңыз.
Эвакуация кезінде түтін көп болса, еңкейіп немесе жорғалап шығу, ауыз бен мұрынды дымқыл матамен жабу, лифт қолданбау, балалар мен қарттарға көмектесу керек. Егер шығу мүмкін болмаса, есікті дымқыл мата арқылы тығыздап, терезеден көмек шақыру, балконға немесе таза ауа бар жерге шығу ұсынылады. Далаға шыққаннан кейін қайта ішке кірмеу, құтқарушылардың нұсқауын орындау және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету өте маңызды. Өрттің алдын алу әр азаматтың міндеті екенін есте сақтаңыз, өйткені дұрыс әрекет адам өмірін сақтайды және өмір – ең басты құндылық.

Карина КАРТАШОВА,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі,
азаматтық қорғау аға лейтенанты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.