Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұрпақ саулығы – ұлт болашағы

0 1  176

«Дені сау адам – табиғаттың ең  қымбат жемісі» деп тегін айтылмаса керек. Жас ұрпақтың дені сау, білімді болса, болашағымыз жарқын болмақ!  Сондықтан да дана халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген.

Басты байлығымыз туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Атырау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында арнайы тоқталып, жас ұрпақты жаман әдеттен аулақ болуға шақырған болатын.

–   Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын.

Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін», – деді Президент.

Әрине, Президент атап өткендей елімізде қауіпті нашақорлықпен айналысатындар саны өсіп барады. Есірткінің медициналық-әлеуметтік проблемалары республика орталығының мәліметіне қарағанда, бүгінде елімізде қауіпті нашақорлықпен айналысатындар саны өсіп барады. Әсіресе кәмелетке толмағандардың осындай дертке әуестенуі барлығымызды қатты ойландыруы керек.

Негізгі денсаулықты нығайту бағдарламалары білім беру мекемелерінде жүйелі түрде оқытылып отырады. Салауатты өмір салты қағидаларын орындау да оқу орындарының рөлі өте үлкен екені даусыз. Дегенмен, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының дерегі бойынша халық денсаулығының 49-50 пайызы өмір салтына, яғни адамның өз денсаулығына қалай қарайтынына тәуелді, 17-20 пайызы қоршаған орта ерекшеліктеріне байланысты екен.

Әрине, адам тірі кезінде қадірін білмейтін екі асыл құндылық бар. Оның бірі уақыт болса, екіншісі – денсаулық. Расында да, көбіміз денсаулықтың қадіріне ауырып, қиналғанда ғана жететініміз анық. Денсаулық – табиғаттың адамзатқа тарту еткен ең асыл сыйы.

Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну. Онсыз өмірді емін – еркін сүре алмайсың. Ол жақсы болу үшін не уақытты, не күш – күш жігерді, не еңбекті, тіпті барлық дүниені аямай жұмсау керек. Денсаулығы сыр берген адам, қоршаған ортаның керемет тылсымдарын көре алмайды. «Тірі адам түбінде бір ауырмай тұрмайды» деп айтқан Баласағұнидің сөзі рас сияқты. Себебі, бүгінде аурудың түрлері өте көп.  Ал қазіргі кезде жастардың басым бөлігі денсаулыққа басты назар аудармайды. Жастар арасында кеңінен белең алған шылым, ішімдік және тағы да басқа зиянды заттар денсаулықтың қас жауы. Қандай да болмасын, олар адам өмірін өте қысқартап жіберетіні сөзсіз.Сонымен қатар бірнеше айлар немесе жылдар бойы дәрігерлерден кеңес алмай ұзақ уакыт бойы жүріп қалады. Бір жері сырқаттанған жағдайда үйден дәрі – дәрмек ішіп оңай жазылуға тырысады. Алайда мұның барлығы аурудың асқынуына алып келеді. « Ауруын жасырған өледі » ,- демекші аурудың дер кезінде емін жасаған жөн. Қазіргі таңда мемлекетіміздің медициналық әл – ауқаты бұрынғыға қарағанда әлдеқайда дамыған. Әлемдік дамыған елдермен салыстырғанда терезесі тең деуге болады.

Бүгінде елімізде бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Айталық,  ҚР Үкіметінің  2021 жылы 12 қазандағы № 725 қаулысымен 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы дайындалған болатын. Аталған жобаны іске асыруға бюджеттен 3,6 трлн. теңге бөлінген. Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады: бірінші бағыт – қолжетімді және сапалы медициналық көмек; екінші бағыт – эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру; үшінші бағыт – отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары; төртінші бағыт –  саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту.

Жоғарда атап өткеніміздей, Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал біздің болашақтағы бағытымыз – салауатты өмір салты. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыру қажет.

Эльниза КЕМЕЛБАЕВА, 

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының

2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.