Қалалық қоғамдық-саяси газет

Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді

0 306

2022 жылы 1 қаңтарда КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, кеңестің және қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Әншінің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек, деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Роза Бағланова 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы өңірінде туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсеткен, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан. 1947-1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949-1960 жылдары – Қазақ филармониясының, 1960 жылдан бері – Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға үлес қосқан.

Ол 2011 жылы 8 қаңтарда Алматыда 89 жасында дүниеден өтті. Әншінің орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор М. Төлебаевтың ақын өлеңіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», С. Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» әндері Қазақ радиосы фонотекасында сақтаулы, оның орындауындағы әндер бірнеше рет күйтабаққа жазылып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылған.

Өткен жылы 24 қарашада ЮНЕСКО-ның (БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы) 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Роза Бағланованың 100 жылдығы енді. Олардың мерейтойлары ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.