Құрметті ұстаздар, профессор-оқытушылар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаздық – ұлы қызмет, қадірлі мамандық. Сіздер ұрпақ тәрбиесінде өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Білікті маман болу үшін сіздер жастарға біліммен қоса, тәлім-тәрбие бересіздер. Үлкен өмірге қадам баспас бұрын жастардың бойына ізгілік пен адамгершілік, ізденімпаздық пен еңбекқорлық қасиеттерін сіңіруде еңбек етудесіздер. Бұл үлкен қажырлықты, күш-жігерді, тәртіп пен төзімді қажет етеді.
Студенттеріміз өте дарынды, қабілетті, жан-жақты. Бүгінгі жастар өте белсенді, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Дамудың даңғыл жолында тек алға ұмтылуды көздейді. Міне, осындай жігерлі, жанарында от бар жастарды қолдауда, оларды қанаттандыруда ұзтаздың рөлі ерекше. Сіздер сол жастарымыздың өмірден өз орнын тауып, кірпіші болып қалануда еселі еңбек етіп келесіздер. Хакім Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деген екен. Яғни, ұстаз ең алдымен тәрбиеші, жол сілтеуші, бағыт-бағдар беруші. Осы орайда Дулати университетінің ұстаздары ұрпақ тәрбиесінде елеулі еңбек етіп келеді! Бар еңбектеріңіз үшін өздеріңізге алғыс білдіремін! Ұстаз алдында бар адамзат әрқашан бас иеді!
Қадірлі де қасиетті жолда өздеріңізге мықты денсаулық, шығармашылық табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Оқуда озат, білімді, тәрбиелі, саналы жастарымыздың қатары арта берсін!
Құрметпен, Мұхтар Байжұманов