Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Құрмет құшағындағы құтқарушы

0 109

Өрт сөндіру қызметі тарихында қызмет өкілдері көптеген қызықты және мағыналы дәстүрлерді қалыптастырды. Солардың бірі – еңбек сіңірген қызметкерлерді зейнетке шығару рәсімі. Тараз қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Ғалымжан Дәулетбақовты салтанатты түрде зейнетке шығарып салу рәсімі өтті.

Ғалымжан Жарылқасынұлы азаматтық қорғау жүйесіне 2003 жылдан бастап 20 жылдан астам уақытын арнады. Қызмет барысында ол өзін тәртіпті, жауапкершілігі жоғары және өз ісіне адал өрт сөндіруші ретінде көрсетті. Сала ардагері өзі еңбек атқарған жылдар ішінде түрлі марапаттарға ие болған. Оның кәсіби дайындығының жоғарылығы, күрделі жағдайларда жылдам шешім қабылдау қабілеті және адамдарға көмектесуге деген шынайы ниетімен ерекшеленеді. Әріптестері оны жас қызметкерлерге үлгі боларлықтай тәлімгер, ізгі жан және ұжымда сыйлы қызметкер ретінде жоғары бағалайды.

Дәстүр бойынша өрт сөндіруші өзінің үстінен өрттің иісін жуу арқылы ғана зейнетке шыға алады. Әріптестері құрметті зейнеткерді таза жол мен жаңа өмірге қадам басуының белгісі ретінде су шашу дәстүрін орындады. Су ағыны мен сиреналардың дауысының астында тұрып, әріптестерінің қошеметіне бөленді.

Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен бөлім ұжымы Ғалымжан Жарылқасынұлына адал қызметі үшін алғыс білдіріп, оған мықты денсаулық, отбасына амандық және өміріне жарқын жол тіледі.

Өз кезегінде сала ардагері өзімен бірге жұмыс атқарған өрт сөндіру бөлімінің ұжымына, осындай шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған жауынгер жолдастарына ризашылық пейілімен алғысын білдірді.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.