Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрмет пен алғысқа лайықты

0 223

Құрылғанына ширек ғасырдан асқан Қазақстан полициясының өткен-кеткені өз алдына бөлек әңгіме десек те, тәртіп сақшыларының қарбаласқа толы бүгінгі тірлігі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Ел тыныштығын сақтау жолында қиындықтан да, қатерден де қайыспайтын қоғамдық тәртіптің қырағы сақшылары – полицейлердің еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайықты. Соның ішінде үй-үйді аралап, өз аймағының тыныштығын күзететін учаскелік инспектордың жұмысы қауырт.

Арайлым ШАбденова

Учаскелік полиция инспекторлары адамдардың құқығын, еркіндігі мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Азаматтарды құқыққа қарсы қастандық жасаудан, әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, сақтандыру жағдайларын жасайды. Қызмет көрсететін аумақта қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды. Мереке қарсаңында №1 полиция бөлімі №20 әкімшілік-тірек пунктінің инспекторларымен жолығып, олардың жұмыс барысымен танысқан едік. Өзінің еңбек жолын 2008 жылы қатардағы тәртіп сақшысы болып бастаған Бауыржан Иманбеков 2012 жылдан бері Жамбыл облысы ПД ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы қызметін атқаруда. Бүгінде ол – полиция капитаны. Жамбыл даңғылы мен Ниетқалиев және Қойгелді батыр көшелерінің тәртібіне жауапты Бауыржан Смайылұлы 3500 тұрғынмен тікелей жұмыс жасайды. Өзінің жұмысына ерекше ыждағаттылықпен қарайтын полиция капитаны бос уақытында Полиция департаментінің құрама командасында футбол ойнайтындығын, бұл жолда талай жетістікке жеткендігін сөз етті.
– Жалпы біздің жұмыс тұрғындармен тікелей байланысты. Өз аймағымызда жалға берілетін пәтерлерді анықтау, азаматтық қару иелерінің қару-жарақты сақтау талабының орындалуын қадағалау, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрақты немесе уақытша тіркелген мекенжайы бойынша тексеріп, заңды рұқсат бұзылған жағдайда миграциялық полицияға арнайы рапортпен хабарлау. Ауланың тыныштығы мен тұрғындардың арыз-шағымын қарастырамыз. Ұрлық, қылмыс болған жерге алғашқылардың бірі болып жетеміз. Жалпы бүгінде көп тіркелетін қылмыс – қалта ұрлығы, – дейді полиция капитаны Бауыржан Иманбеков.
Уақытқа бағынбайтын, жұмыс кестесі тығыз учаскелік инспектордың бірі – полиция аға лейтенанты Жамбыл Жакен. Ол да халықпен тығыз жұмыс жасап, Қонаев, Желтоқсан, Төле би мен Қойгелді көшелеріндегі екі жарым мың тұрғынмен қоян-қолтық жұмыс жасайды екен. 2017 жылдан бері ішкі істер саласында қызмет етіп жүрген Жамбыл бала арманының орындалғанын айтады.
– Бала күнімде әкемнің ағасы формамен үйге келгенде қызығатынмын. Мен де өскенде ішкі істер саласында қызмет етемін деп алдыма мақсат қойып, бүгінде сол мақсатыма жетіп отырмын. Ішкі істер органдары – жеке және заңды тұлғалардың, жалпы қоғамның қауіпсіздігін, құқықтық тәртібін қорғауды қамтамасыз етуде маңызды институт. Сол себепті де, полицейлердің мәртебелі қызметі қай уақытта болмасын жауапты әрі қажетті мамандық саналған. Қиын-қыстау жағдайға тап болған кез келген адам алдымен полицейлерден көмек сұрайды. Ал полицейлер болса, өз өміріне қауіп-қатердің төнерін біле тұра қылмыскерлермен шешуші шайқасқа түсіп, адамдардың ар-ожданын қорғайды. Осындай батыл да қайсар жандардың өнегелі істері ішкі істер органдарының тарихи жылнамасында, отандастарының есінде мәңгі сақталары даусыз. Мен де өз саламда жоғары жетістіктерге жету үшін қолымнан келгенін аямаймын, – дейді Жамбыл Жакен.

Бүгінгі таңда қала бойынша 29 учаскелік полиция пунктінде 123 учаскелік инспектор анттарына адал қызмет етіп жүр. Биылғы жылы ол пункттердің барлығына Полиция департаментінің басшылығымен 29 жаңа қызметтік автокөлік беріліпті. Ал осы жылдың екінші жартыжылдығында ауыл, аудандардағы пункттерге де автокөлік беру жоспарлануда екен. Жасалынып жатқан жағдайдың барлығы тәртіп сақшыларының қолын ұзартып, түрлі қылмыстың алдын алуға өз септігін тигізері хақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.