Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әркім есте ұстауы тиіс ережелер

0 212

Өзінің жеке үйі туралы армандамайтын жан жоқ. Біреулер бар жиған-тергеніне, біреулер ипотекаға пәтер сатып алса, басқалары өз арманындағы жеке үйін тұрғызуға білек сыбана кірісіп жатады.

Алайда жеке үй тұрғызудың өзіндік ережелері бар екенін көпшілік біле бермейді. Ендеше, келеңсіздіктер орын алмас үшін жер телімін алып, жеке үй тұрғызу алдында қандай ережелерді ұстануды және жеке тұрғын үй құрылысын қалай рәсімдеу керектігі жөнінде назарларыңызға ұсынамыз.
1. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жерді сатып немесе қала, ауданнан кезекпен алмас бұрын таңдалған қоныс жер телімі ҚР заңдарында белгiленген тәртiппен жеке тұрғын үй орналастыру және шаруашылық жүргiзу үшiн азаматқа берiлген жер учаскесi екеніне, бұл учаскені белгілі уақыттан кейін мемлекет қажеттілігіне тартып алмайтынына көз жеткізіңіз.
2. Таңдаған жер теліміңіз бөлінбейтін және оның үлескер қожайыны болсаңыз, мамандардың айтуынша, сатып алу-сату келісімшартын жасамас бұрын, алдағы салынатын жеке тұрғын үй құрылысына көршіңіздің келісімін алғаныңыз абзал.
Ең дұрысы – рұқсатты нотариалды түрде рәсімдеу қажет.
3. Жер телімін сатып немесе кезекпен алғаннан кейін сәулет-жоспарлау тапсырмасын, яғни болашақ үйіңіздің жоспарын жобалау мен әзірлеуге рұқсат құжаттарын алуыңыз қажет. Ол үшін алдымен www.egov.kz, www.elicense.kz «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне өтінішіңізді, бекітілген жобалау тапсырмасын, жер учаскесінің құжаттарын, техникалық шарттарға арналған сауалнамалық парақты тапсырасыз.
4. Тапсырыс беруші сәулет-жоспарлау тапсырмасын алғаннан кейін эскиздік жобасы әзірленеді. Салынатын үйдің жоспарын жекеменшік кәсіби мамандары дайындауы тиіс. «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» ҚР (03.11.1994 ж N213) Заңының 3-бабына сәйкес, құрылыс салушы тұрғын үйдi белгiленген құрылыс және мiндеттi қалыптар ережелердi бұзбайтын және облыстық маңызы бар қаланың, ауданның жергiлiктi атқарушы органының сәулет және қала құрылысы бөлімімен келiсiлген кез келген жоба бойынша салуға құқылысыз.
5. Дайын болған эскиздік жобаны келісу – маңызды қадам. Барлық құжаттар www.egov.kz, www.elicense.kz «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жергілікті сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне жіберіледі. Эскиздік жобаның көшірмесі болуы шарт. Құжаттарды қарау мерзімі 10 күнді құрайды.
6. Тұрғын үй құрылысының құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталғаннан соң, «Меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау қағидаларын, сондай-ақ қабылдау актісінің нысанын бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 867 бұйрығына сәйкес, пайдалануға қабылдау Актісі арқылы жүзеге асырылатынын назарларыңызға жеткіземіз.
Жеке тұрғын үй пайдалануға қабылдау актісімен қабылданғаннан кейін жергілікті қалалық және аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеуден өткізу міндетті.

Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.