Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өркендей бер, өндірісті өңір!

0 626

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

Биыл құпиясын құм жасырған киелі өңіріміз – Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Мерейлі мерекеге жамбылдықтар бекем бірлік, тату тірлігінің арқасында жақсы нәтижелермен жетті.

Қазақы қалпының қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан Әулиеата жерінің қазақ тарихындағы орны ерекше. Ел қорғаған батырлар мен талантты ақын-жазушылар, даңқты еңбеккерлер мен ел намысын әлемдік ареналарда қорғаған спортшылар тамыр тартқан аймақтың тарихы өте терең әрі тағылымды. Бұл өлкенің әр тасы мен әр түп жусаны шежіреден сыр шертеді.
Елімізге өзінің тарихи, көрікті жерлерімен және әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктерімен белгілі болған тарихи өлкеге мемлекет тарапынан әрдайым зор үміт артылған және артылып та келеді. Тәуелсіздік жылдарында Жамбыл облысы табысы зор, ырысы мол өлкеге айналды. Жамбылдықтар өз татулықтарының, жүкті жұмыла көтеретін бірліктерінің арқасында барлық қиындықтарды еркін еңсеріп келеді.
Облыстың қазіргі даму үрдісіне көз салсақ, химия өнеркәсібі, көлік логистикасы, агроөнеркәсіп кешені және құрылыс материалдарын өндіру салалары үлкен басымдыққа ие болып отырғанын байқау қиын емес. Соңғылары кейінгі кезде даму қарқынын үдетіп, белең алып, көш бастап жатса, химия өнеркәсібі аймақтың байырғы кезден бергі төл кәсібі, былайша айтқанда бренді болып қалыптасып кетті. Облыста осы сала бойынша өндіріс дамып, өңір экономикасының ілгерілеуіне өзіндік септігін тигізіп келеді.
Қойнауы құт, даласы дархан Жамбылдағы жасампаз жобалардың барлығы – бекем бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында жеткен жетістігіміз. Әлі де межелі міндет мол, алар асуларымыз алда.
Осы орайда бүгінгі мерейлі күнді пайдалана отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін! Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Жайнай бер, жасай бер, Жамбыл!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.