Қалалық қоғамдық-саяси газет

Республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтеді

0 5  161

Жуырда Ұлытау облысының құрылуы және киелі өңірдің тарихи тұлғаларын дәріптеу мақсатында «Алаша хан, Жошы хан – жыр арқауы» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтеді.     

Ұлытау топырағы – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, Едіге мен Тоқтамыс сынды алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер. Бұл жерде  Әулие- тау­дай киелі орын бар.   Ұлытау – ұлттық бірлігіміздің символы. Ұлытау облысы Жезқазған қаласының әкімдігі ұйымдастырып жүрген дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі аясында өтетін «Алаша хан, Жошы хан – жыр арқауы» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасының басты мақсаты да осы – бабалар тарихын дәріптеу, ұлт бірлігін ұлықтау.  Жас ақын-жазушыларды қолдау, олардың шығармашылығын халыққа таныстыруды көздейтін жыр сайысына республикалық «Ана тілі» ұлт газеті қолдау көрсетіп отыр, – деп хабарлайды turkystan.kz

Мүшәйраға 18-40 жас аралығындағы ақындар қатысады. Әр ақын Ұлытау жерінің тарихына, әйгілі тұлғаларға қатысты екі өлең және еркін тақырыпта бір өлең жібереді. Өлеңдер бұрын жарияланбаған болуы тиіс.  Үміткерлердің шығармалары 2022 жылдың 20 тамызына дейін қабылданады. Қорытынды шара 2022 жылдың  10 қыркүйек күні өтеді деп жоспарланып отыр. Қазылар алқасының сараптауынан өтіп, лайықты деп танылған шығармалардың авторлары ақшалай сыйақылармен марапатталады.  Ақындарға тағайындалған жүлделердің арасында еңбек жолын Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде бастаған, «Егемен Қазақстан» газетінің Жезқазған облысындағы меншікті тілшісі, «Ана тілі»  газеті бас редакторының орынбасары болған, осы өңір туралы өзекті мәселелер көтерген  белгілі журналист, марқұм Нұрперзент Домбай атындағы арнайы сыйлық бар.

Мүшәйра жүлдегерлерін белгілі тұлғалардан құралған қазылар алқасы анықтайды. Жыр сайысының ережесі туралы толық ақпарат әлеуметтік желілер мен интернет-сайттарда жарияланады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.