Қалалық қоғамдық-саяси газет

Республикалық этнофестивальде Жамбыл облысының тіккен киіз үйі үздік шықты

0 450

Шымкент қаласында өткен «Great Qasaq Games» республикалық фестивалі – Ұлыс күнін ұлыс болып тойлаудың ерекше үлгісі болды.

Этнофестивальде 17 облыс 17 киіз үй тігіп, ұлттық өнерді көпшілікке паш етті. Жасау-жабдығымен жасанған ақбоз үйлерге қараған жанның көзі сүйсенеді. Осы ақ ордалардың ішінде жайылған дастархан, ұлттық тағам түрлері, киіз үй алдында өнер көрсеткен өнерпаздар бәрі-бәрі бір-бірін толықтырып, ұлттық өнердің ұлылығын паш етіп тұрды.

Айта кету керек, этнофестивальге келушілердің, өнер иелерінің ішінде Жамбыл облысының атынан киіз үй тіккен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің өнер туындыларына таңданып, таңдай қақпағаны кемде-кем.

Этнофестивальдің қорытындысы бойынша да әділ қазылар осыны ерекше атап өтті. Жамбыл облысы этнофестивальдің жеңімпазы атанды!

Бірнеше күнге созылған фестиваль  ұлттық спорт түрлері, ұлттық тағамдар, ұлттық киімдер, ұлттық шығармашылық секілді төрт номинация бойынша байқау форматында өткен болатын. Барлық жарыстың жүлде қоры 100 000 000 теңгені құрады.

Фестиваль қонақтарына ипподром жанынан сауда алаңдары ашылды. Ал әртістер мен сәнгерлерге арналған сахналар, балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық алаңдары да жұмыс істеп тұрды. Сонымен қатар шеберлік сағаттары, қолөнершілердің көрмелері мен жәрмеңке өткізілетін 160 киіз үйден тұратын этникалық ауыл бой көтергенін де айта кеткен жөн.

 

Дулати университетінің медиа-қызметі

 Фото Бағлан Батырбектікі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.