Қалалық қоғамдық-саяси газет

Республика күніне арналған патриоттық өлеңдер

0 9  994

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 маусымда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаратынын мәлімдеген еді. Республика күні – ел тарихындағы айтулы күн. Биыл араға 13 жыл салып, 25 қазанда Республика күнін алғаш рет ұлттық мереке ретінде атап өтеміз. Бұл – маңызды мереке. Осынау тарихи күнге арналған ақындардың патриоттық өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.  

25 қазан – Республика күні

Жақсылар жанын қиды қасіретпен,

Алаштың ерлері бар асыл өткен.

Арманым болмас еді – ау туған елім,

Гүл жайнап, қазақ болып тасып өтсем.

 

Өр Елім, маңдайыңнан жарық көрдім,

Бабалар өнегесін алып келдім.

Ескерткіш Елім үшін орнатпасам,

Мына жалған өмірге неғып келдім?

 

Рухынан жақсылардың нұр саулаған,

Жанымды мейірімі құрсаулаған.

Жайсаң өлке, жайдары Қазақстан,

Шуақ шашқан сәулелі күнсің маған!

 

Нұрына шомылдырып алтын күннің,

Республикам ертеңге талпындырдың.

Өзінен шабыт алып ақын қиял,

Шалықтап кең далада шалқып жүрмін.

 

Егемен елім десем, сенім кіріп,

Бойымды билеп кетер сенімділік.

Ешкімге ауыстырмас алтын Отан,

Жырлаймын қасиетіңді төгілдіріп.

 

Жарқырап жанған күндей азаттығы,

Көрінер ұлтымның да ғажаптығы.

Республика күнімен құттықтаймын,

Өйткені ол – Ұлт күні, Қазақ күні!

Дереккөз bilim-all.kz

Отан

Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,

Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!

Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,

Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.

Туған жұртқа тірек болу ерге-сын,

Құлдықты енді құдай басқа бермесін.

Атаң өлсе, өзің ата боларсың,

Ешқашанда Отан өле көрмесін!

Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың,

Балаң өлсе, бір жығылып тұрарсың.

Отан өлсе, опырылып түскенің,

Күңіреніп көрге бірге құларсың.

Біздің Отан өліп, қайта тірілген,

Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.

Опат болған ерлер рухы оянар,

Отан деген лебіз шықса тілімнен.

Отанменен аспандағы Күн егіз,

Екеуінің амандығын тілеңіз.

Жас азамат, бұл Отанның қадірін,

Отансыз боп көрген біздер білеміз!

Керек қылса, жолында оның құрбанбыз,

Бәріне де белді бекем буғанбыз.

Бір кеудеге екі жүрек сыймайды,

Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!

Несіпбек Айтұлы

Жан дала – жәннат дала

Өзіңсің, Қазақстан, ән, арманым да,
Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар
Өзіңдей ұлан байтақ далам барында.
Гүл дала – Қазақстаным.

Сен үшін бар сөздіктен сөз таңдайын көп,
Сен барда басылмайды жез таңдайымда от.
Мен сенен кете алмаспын, амалсыздан
Бір кетсем, оралармын бозторғайың боп.
Ән дала – Қазақстаным.

Сен барда ғажап шебер, ғажап ұстамын,
Түсінем өзендердің саз ағыстарын.
Қалай ақын болмайын, мен түгілі
Ұшады көгіңе жыр жаза құстарың.
Қырандар қанатында даңқы кеткен,
Дән дала – Қазақстаным.

Сен менің шұғылаға толған даламсың,
Жасампазым, сан асу жолдарды аларсың.
Бабамның көздерінің қарашығы ең,
Баламның бақытына да қорған боларсың.
Жан дала – Қазақстаным.

Керемет өріледі гүл өңірде өлең,
Кезің қандай өрік пен шие гүлдеген.
Жүрегіме сыйғызып бар бейнеңді,
Қалсам деп ем өзіңнің жүрегіңде мен.
Кең дала – Қазақстаным.

Керегі жоқ даңқ дейтін маған сөренің,
Жетер біраз есіңде қала алса өлеңім.
Халқым маған сенеді әлсіз демей,
Үйткені мен, туған жер, саған сенемін.
Жасай бер , Қазақстаным.

Күләш Ахметова

 

ЕРІМ мен ЖЕРІМ

Алласы қолдап, дем берер

Ақының толғап, термелер.

Сығандай босып, сандалып,

Жөнім жоқ бүгін сенделер.

Егемен көктем Елім бар,

Көнеден жеткен Жерім бар,

Жан дертім содан емделер.

Ел десем – ойға Жер келер,

Жер десем – ойға Ер келер!

 

Емеспін халық ақтабан,

Ақтабан емес Сақ бабам.

Атамның бәрі ой баққан,

Тек қана қойды бақпаған.

Тұлпардың мөр боп табаны,

Ұлан да ғайыр даланы

Ұрпағын ойлап сақтаған.

Ұйқымен таңы атпаған,

Күлкімен күні батпаған!

 

Азамат сайлап жігіттен,

Арғымақ байлап күліктен.

Қайран да қайран бабам-ай,

Өмірден өткен үмітпен.

Күнге еріп жүріп күн кештің,

Айға еріп жүріп Түн кештің,

Айбатыңнан жау үріккен.

Тоқымдай Жердің тағдыры

Тоқымын аттың шіріткен!

 

Тұяғы тозған құланның,

Қанаты талған қыранның

Төгілді қаның һәм терің

Топырағында Тұранның.

Сарысүйек болған бабалар,

Сұңғыла, ділгір даналар,

Иесі менмін мұраңның.

Ерлігің ессіз емінтіп,

Әлі де талай жылармын!

 

Сөзімді болса салмақтар,

Бабамды балам ардақтар.

Тарихтан тәлім термесе,

Тістелер неше бармақтар.

Алсыншы қабыл Құдай-Хақ,

Арнадым саған жыр-аят,

Шейіт боп кеткен аруақтар.

Сүйемдей жердің қамы үшін

Сүйегін берген саңлақтар!

 

Тұлғам бар бөлек басқадан,

Тумай ма төбел қасқадан.

Қансіңді Жерім қастерлі,

Түкіруге де жасқанам.

Қарыңды жылы көрпе ғып,

Жамылып, жанып-өртеніп,

Тасыңды басқа жастанам.

Алаштай байтақ Елімнің

Асықтай жері – астанам!

Серік Сейітман 

 

Ұлттық сезім

Елім менің ұлы отаным өз елім,

Өн бойыңды от жырыммен кеземін.

Жүрегімнен шығып жатыр жауһар жыр,

Жүрегіммен сені жақсы көремін!

 

Ұлан ғайыр жеріңменен танылған,

Сезім тұнған қаны бірге бауырдан.

Елім менің алтын ордам отаным,

Бір өзіңе таудай сезім ағылған.

 

Тауың қандай сағындырар дауылың,

Ыстық маған әрбір жарқын ауылың.

Баурайыңнан соғатын сал самалың,

Ұлы отаным ыстық сайран сауығым!

 

Кіндік қаным тамған өлке, тамған маң,

Жырым осы жүрегімнен арнаған.

Асқар тауым Қазақстан мекенім,

Мәңгілік ел тілейтінім Алладан!

 

Мұнай толы байлығың бар бақытым,

Өзіңменен өтер алтын уақытым.

Өр өлкеге өшпес өлең арнауға,

 

Жүрегімнен келіп жатыр шабытым!

Биік болсын барша елден байрағың,

Қора толы мал ырысты жайлауың.

Елім менің қасиетті қазағым,

 

Менің мына өмірдегі байлығым!

Сенсің менің тазалығым, тұнығым,

Сенсіз менің үзіледі үмітім,

Сен бар жерде жыр тұнады көңілге,

 

Сен бар кезде құлшынамын өмірге.

Тау көгіңде самғап биік қыраның,

Ерлік жайлы шырқалады жыр әнім.

 

Қазақстан менің жақұт мекенім,

Ерлік жайлы шырқалады ұраным!

Достықты әркез биік ұстап мақсаттан,

Жаңылмаған менің елім жақсы аттан.

Әлия Маншүк қорғап өткен нар елім,

Қас жауының қос аяғын ақсатқан!

Көлдерімен теңіздері көз тоймас,

Қазы қарта жал жаясы болған ас.

Жүрегімде сақталады мәңгілік,

Менің қайран қазағымдай ел болмас!

Әмина Алдонғарова 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.