«Құрбымның бет-әлпетін көріп, шошып кеттім»: Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі әйелін ұрып-соқты деп айыпталды
Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі, Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібеков әйелін ұрып-соқты деп айыпталып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде өзін Мұрат Телібековтің әйелінің құрбысымын деген арудың видеосы таралды. Елена Кимнің айтуынша, қоғам белсендісі әйелін үнемі соққыға жығады.
«Екатерина Чеканова маған телефон соғып, көмек сұрады. Ол күйеуі Телібековтің ұрып-соғып жатқанын, қайтып хабарласа алмайтынын айтты. Жақын құрбымның өмірінен қорқып, оның нөміріне қайта қоңырау шалдым, бірақ оның телефоны өшіп тұрды. Мен оның қайда тұратынын біле сала, анаммен бірге олардың үйіне бардым. Біз келгенде үй қоңырауына ешкім жауап бермеді. Екатерина көшеден менің дауысымды естіп, терезеден «Телібеков ұрып-соғып, үйде күштеп ұстап отыр» деп айқайлады. Артынша есікті ашқанда құрбымның бет-әлпетін көріп, шошып кеттім. Оның бет-аузы көгеріп, сау-тамтығы қалмаған екен”
Айтуынша, осы оқиғадан кейін ерлі-зайыптының 10 жастағы қызы Наргиза қатты шошып қалыпты.
“Мұның бәрін көрген анам Мұратқа айқай салып еді, ол екеуімізге де жұдырық ала жүгірді», – дейді Елена.
Ал Мұрат Телібековтің өзі әлеуметтік желіде жазба жазып, керісінше әйелінің досын өзіне шабуыл жасады деп айыптаған. Ол белгісіз біреулер оның үйіне басып кіріп, ірі көлемдегі ақшаны ұрлап, 10 жасар қызын ұрламақ болғанын айтады.
«Баланың көзінше бұзақылар мені ұрып-соғып, балағаттап, масқаралады. Қызым психологиялық ауыр соққы алды. Әуезов аудандық полиция бөлімінің басшылығы объективті тергеу үшін барлық шараларды қабылдайды деп сенемін», – деп мәлімдеді Телібеков.
Елена Ким қазір оның Facebook арқылы жала жауып жатқанын айтады. Мұны Мұраттың әйелі де бейнежазбасында растап, Facebook-ке күйеуі жариялаған мәліметтің жалған екенін айтты.
Екатерина Чеканованың айтуынша, бірнеше жылдан бері ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс болып, арты жанжалға ұласқан. Бір күн бұрын олардың арасында қатты ұрыс шығып, Телібеков әйелін баланың көзінше ұрып-соққан. Мұсылмандар одағы президентінің әйелі досына телефон соғып, баланы біраз уақытқа келіп алып кетуді өтінгенін айтты. Алайда олар келгенде күйеуі оларға да шабуыл жасапты.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл іспен Әуезов аудандық бөлімі айналысып жатқанын хабарлады. Сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады.