Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман

0 313

Жүректілік пен батылдылықты талап ететін ең қауіпті мамандық иелері – өрт сөндірушілер. Олар үнемі өмір мен өлім арасында арпалыста жүреді. Біз оларды бейбіт күннің батырлары десек те жарасады. Дәл осындай қала тұрғындарының тыныштығы, амандығы үшін тынымсыз қызмет атқарып жүрген шаһар төріндегі №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері көпке үлгі.

БӨЛІМ ТАРИХЫНА БІР МҮШЕЛ

Заман өзгеріп, қоғам алмасқанда, әр дәуірдің өзіне қажетті мамандарына деген сұраныстың болатыны даусыз. Кешегі қиыр жайлап, шет қонған көшпелі өмірге қош айтып, отырықшы елге айналған бүгінгі заманда қоршаған орта түрлі апаттарға, тосын жағдайға тап келуде. Солардың бірі – халқымыз тілсіз жау атап кеткен өрт. Көне шаһарда оқыс жағдайды болдырмау, айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін қалада арнайы өрт сөндіру бөліміне деген қажеттілік туындады. Өткен жылдарға сәл шегініс жасасақ, Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құрылу тарихы 2011 жылдың 18 шілдесінен бастау алады. Себебі дәл осы күні қалаға қарасты Саңырық батыр көшесінің бойынан 6 шығуы бар өрт сөндіру бөлімін тұрғызу үшін арнайы жер бөлініп, сол кездегі Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Талғат Сабиров жаңа өрт сөндіру бөлімінің алғашқы қазығын қағыпты.
Ал 2012 жылы мамыр айында «Арайстроймаркет-2003» ЖШС өрт сөндіру бөлімі кешені құрылысының жұмыстарын бастап, 20 айдың ішінде 4 қабатты жаңа өрт сөндіру бөлімінің ғимараты тұрғызылса, аталған ғимарат аумағында өрт сөндіру автокөліктеріне жанармай құю бекеті, жылыту кешені, жатақхана бөлмелері мен балалар ойын алаңы және өмірге қажетті байланыс, электр тораптары іспетті коммуникациялар салынған. Осылайша 2013 жылдың қазан айында Тараз қаласы №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі облыстық ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» (Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі) мемлекеттік мекемесінің құрамына қабылданып, халықты өрт пен түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жолында өз жұмысын бастаған болса, кейін №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі болып өзгерген.
– Осы орайда айта кеткен жөн, ҚР ТЖ министрлігінің 2023 жылғы 3 мамырдағы №231 бұйрығымен Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне үлкен еңбегі сіңген, бөлім аумағын абаттандыру мен халықты түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жолында өрт сөндіруші-құтқарушылардың кәсіби шеберліктерін арттыру мен оларды оң бағытта тәрбиелеуге зор үлес қосқан, алайда 2021 жылы Байзақтағы өрттен туындаған жарылыс салдарынан қызмет бабында ерлікпен қаза болған Халық қаһарманы Мейіржан Аймановтың есімі берілген болатын, – дейді облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобының баспасөз хатшысы Нұрболат Өмірзақов.
Әрине, батырға көрсеткен бұл құрмет өз кезегінде кейінгі өскелең ұрпаққа тәрбиелік және патриоттық тұрғыдан өзіндік оң әсерін тигізетіндігі сөзсіз.

ЖҰМЫСЫНА ЖҰРТ РИЗА

Күнделікті қызмет барысында бастарын тәуекелге тігіп, адамдардың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу үшін жан алысып, жан берісетін құтқарушыларды бейбіт күннің батырлары десек те болады. Дәл осындай көптің алғысын арқалаған тараздық құтқарушылар да аз емес. Сөзімізге дәлел, 2017 жылдың 14 наурызында Тараз қаласы, Абай көшесі, №192 мекенжайында орналасқан үйде айтып келмейтін апат орын алады. Сол күнгі жағдай шаһар тұрғыны Зарина Дутбаеваның әлі есінде.
– Бұл уақытта мен жедел түрде «101» телефон нөміріне қоңырау шалдым. Көп уақыт өтпей, өрт сөндіру көліктері келіп жетті. Бұл уақытта пәтер алаулап жанып, бүкіл подъезд қою түтінге оранған болатын. Кейбір тұрғындар үйлерінен өз күшімен шығып жатты. Ал мен екі балапаныммен бесінші қабаттағы ашық тұрған пәтер терезесі арқылы айқайлап, адамдарды көмекке шақырдым. Бірінші келіп жеткен автоцистернадан түскен тыныс алу аппаратын киген және су бүркитін түтікшелерін ұстаған өрт сөндірушілер подъезге қарай жүгіріп бара жатты. Көзді ашып-жұмғанша өрт сөндіруші қызметкерлер келіп есік қақты, ал мен ізінше барып есікті аштым. Өрт сөндіруші қызметкерлер мені сабама түсіру үшін бізді дін аман құтқаратындықтарын қайталай айтып, «бәрі де жақсы болады» деп басу сөздерімен жұбата жүріп құтқару жұмыстарын жалғастырды. Олар шұғыл түрде ылғал сүлгімен аузы-мұрнымызды тұмшалай орап, қою түтін арасындағы пәтерден сыртқа алып шықты. Өрт сөндірушілер мені екі бүлдіршініммен бірге қауіпсіз орынға жеткізіп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Міне, осылайша біздің өрт сөндірушілердің шұғыл әрекетінің арқасында біз дін аман қалып, өмірге қайта келгендей күй кештік. Кейіннен ойлап қарасам, егер де өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғандығына қарамастан, өрт сөндірушілер дер кезінде келіп қол ұшын созбағанда, не боларын елестетудің өзі қорқынышты еді. Әрине, жолында кездескеннің барлығын да жалмап өтетін алапат өрттің өзге пәтерлерге ауыз салғанда орын алатын шығынын есептеудің өзі қиынға соғар еді. Алайда өрт сөндіруші мамандардың сауатты әрі шұғыл атқарған іс-әрекеттерінің арқасында қызыл жалынның беті қайтты, – дейді Зарина Ахметқызы.
Өз кезегінде қала тұрғыны сол қиын жағдайда ажалдан аман алып шыққан азаматтық қорғау аға лейтенанты Ж.Бекбергенов, азаматтық қорғау старшинасы Қ.Садуахасов және азаматтық қорғау сержанты К.Шегебаев сынды азаматтарға айрықша алғысын білдірді.
– Міне, осы және өзге де жігіттердің арқасында тілсіз жау өзге тұрғын үйлерге жайылмай, дер кезінде ауыздықталып, толығымен сөндірілді. Өз тарапымнан айтарым осы өрт оқиғасына қатысқан барша өрт сөндірушілер мен өзге қызметкерлерге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Олардың еңбегі өлшеусіз, және ешқашан да ұмытылмақ емес, – дейді З.Дутбаева.

БАЙРАҚТЫ ҚҰЛАТПАҒАН БАҚТИЯР

Халқымызда «Туың жығылмасын!» деген әдемі тілек бар. Дәл осындай елдіктің символына айналған туымызды оқ пен оттың ортасынан аман алып шыққан азаматтарымыз аз емес. Солардың бірі – қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы болған Бақтияр Аралбеков.
Аралбеков азаматтық қорғау органында 2004 жылдан бері қызмет атқарып келген болатын. Ол 2022 жылы 6 қаңтарда қалада орын алған ереуіл кезінде өртке оранған мемлекеттік маңызды нысандардағы өртті сөндіру жұмыстарына белсене қатысып, қызыл жалынды ауыздықтау жұмыстарын жүргізу барысында Мемлекеттік Тудың өртенуіне жол бермеген болатын.
Басын бәйгеге тігіп, байрақты отқа орамай аман алып түскен Бақтияр 1977 жылы 13 мамырда Талас ауданы, Ақкөл ауылында туған. Аталған ауылдағы Ы.Ылтынсарин атындағы орта мектепті аяқтаған ол 1994-1996 жылдары Тараз қаласындағы мәдениет және өнер колледжінде білім алған. Ал 1996-1998 жылдары Өскемен қаласындағы №6638 әскери бөлімінде ішкі әскер жауынгері болып 2 жыл Отан алдындағы борышын өтеп, ең алғашқы еңбек жолын Ақкөл ауылындағы өрт сөндіру бекетінен бастаған ол 2015 жылы қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде адам өмірі мен құнды мүліктерді өрттен қорғау және төтенше жағдайларды жою бойынша қызмет атқарған екен.
Бүгінде бөлім балансында 12 техника, 91 қызметкер жұмыс істесе, оның алтауы – азаматтық қорғаныс офицері. Олар шаһар тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін күні-түні қызмет етіп келеді. Бізде осы ретте қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысына сәттілік тілеп, шексіз алғысымызды білдіреміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.