Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрбан айттың маңызы неде ?

0 427

Құрбан айт мейрамы Рамазан айт мейрамы біткеннен кейін жетпіс күннен соң, зул хиджа айының оныншы жұлдызында келеді. Бұл күні күллі мұсылманға парыз етілген Исламның бес тірегінің бірі қажылық амалдары орындалады және құрбан шалынады. Құрбан шалудың тарихы сонау Ибрахим пайғамбардың уақытымен тоғысып жатыр. Алла тағаладан уахи түсіп, баласы Исмаилды құрбанға шалмақшы болғанда, Алла ол кісінің сынақтан сүрінбей өткенін білдіріп көктен қошқар түсіріп, сол қошқарды құрбандыққа шалады. Осы сәттен бастап құрбан шалу ұғымы пайда болды. Құрбан араб тілінде «қурба», «жақындау» деген мағынаны береді, яғни, құл Раббысына жақындау үшін, жылқыдан басқа төрт түлік малдың бірімен құрбан шалады. Бұл туралы Алла тағала қасиетті Құран кәрімде былай деп баян еткен:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ
«Намаз (айт намазы) оқы да, Раббың үшін құрбан шал»
Кәусар сүресі 2-аят

Бұл аятпен Алла тағала әрбір шамасы жеткен мұсылман үшін құрбан шалу уәжіп екенін білдірген және пайғамбарымыз да құрбан шалудың міндеттілігі турасында: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп айтқан.
Ғалымдарымыздың құрбан шалудың абзалдығы жөнінде: «Үш амал бар, ол амалдардың қабыл болуында ешқандай күман жоқ. Біріншісі, Ал-харамда Қағбада қылған дұға тілектерде, екіншісі, Рамазан айында ораза ұстаған адамның аузын аштыруда, үшіншісі, құрбан айтта құрбан шалған адамның құрбандығының бірінші тамшы қаны жерге түскенше, оның күналары кешіріліп, қылған амалының қабыл болуында күман жоқ»- деген.
Құрбан шалу үшін қой, ешкі секілді жандық малдардың бір жасар, сиырдың екі жасар, түйенің бес жасар, бас аяғы бүтін, сау болуы шарт. Егер алты айлық қой, ешкі бір жасар секілді ірі болса, онда оны құрбанға шалуға болады. Жандық малдарды бір адам, ірі қара малдарды жеті адамға дейін бірігіп союға болады. Бірақ, барлық адамның ниеті құрбан шалу болу керек. Араларындағы бір адамның ниеті тек етке қол жеткізу болса, шалған құрбандықтары есептелмейді. Сол себепті де, әр адам өз атынан шалғаны дұрысырақ. Шалынған құрбандықты үшке бөліп, бір бөлігін тума- туысқа, екінші бөлігін көрші-көлемге, үшінші бөлігін өз отбасына алып қалу абзал, дегенмен толығымен мұқтаж жандарға таратып жіберу де өте сауапты іс болып табылады.
Құрбан айт мейрамының мейрам болуындағы негізгі мәні ол – Құрбан айт намазында. Сол себепті де, айт намазын ұлықтап, ғұсыл құйынып, әтірленіп, ең жақсы киімдерді киіп барған абзал. Айт намазына үйден ештеңе жемей бару сүннет. Ештеңе жемеудегі мақсат, айт намазы біткеннен кейін шалған құрбандығынан жеу.
Құрбан айттың алдындағы күнді арафа күні деп атайды. Бұл – Зул хиджаның айының тоғызыншы күні. Арафа күнінің таң намазының парызынан кейін, құрбан айттың төртінші күнінің аср намазына дейін ташриқ тәкбірі айтылады.
Құрбан шалу ата бабамыздан бері келе жатқан амалдардың бірі. Халық аузында «еркек тоқты құрбандық», «жаным құрбан» деген секілді сөздердің қолданылуы бұл сөзімізге дәлел.
Биылғы жылы құрбан айт мерекесі шілде айының тоғызыншы жұлдызына сай келіп отыр. Шамамыз жетсе, дүние ақыретімізге пайдалы болған, Аллаға жақындаудан құр қалмайық! Алла тағала шалған құрбандықтарымызды қабыл етіп, елімізді түрлі бәле жаладан аман сақтасын!

О.Дәуренбеков,
Тараз қаласы «Әулие ата» мешітінің бас имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.