Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрбан айт құтты болсын!

0 227

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Қадірлі отандастар!
Сіздерді мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Алла Тағала бәріміздің мерейімізді үстем етсін!
Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.
Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдайдың нәсіп еткен нығметтің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау», – деген.
Халқымыз «Бота алғанша, бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөле-ну – айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, оны мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, алғысын алуға тырысатыны сондықтан.
Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.
Ардақты ағайын!
Алла қаласа, биыл елімізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни басқарма ел азаматтарына, әсіресе қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайтын іске қосты. Барша мұсылман қауымын мүфтияттың «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық акциясына үлес қосып, сауапты істерде белсенді болуға үндеймін.
Бүгінде әлем мұсылмандары Мекке қаласында қажылық жасауда. Солардың қатарында парызын өтеп жүрген 4 мың отандасымыздың ниеті мен дұғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз.
Алла Тағала еліміз бен жерімізге берекесін жаудырып, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істерімізді қабыл еткей. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.