Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құран оқудың сауабы мол

0 507

Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі. Құран – құндылығы еш ескірмейтін кітап. Құран – бүкіл заман үшін бүкіл адам баласы үшін жарамды қағидаттар мен құндылықтарға толы қасиетті кітап.

Құранды оқыған және оған амал қылған адамның қол жеткізер дүниесі өте үлкен. Алла Тағала Құран Кәрімде «Алланың кітабын шынайы түрде (яғни амал ете отырып) оқитын, намазды толық орындайтын және өздеріне берген рызық-несібемізден ізгілік жолында жасырын-жария жұмсайтындар ешқашан зиянға ұшырамайтын сауданы үміт ете алады. Өйткені Алла оларға тиісті сауабын толық береді. Сондай-ақ Өзінің шексіз шарапатымен олардың сыйын одан сайын арттыра түседі. Алла өте кешірімді және шүкіршіл (яғни әрбір ізгі ниет пен амалдың қарымын еселеп, артығымен беруші)», – дейді («Фатыр» сүресі, 29 аят). Яғни Құранды оқыған және оған амал қылған адамның еңбегі еш кетпейді. Алла Тағала оның бұл амалына еселеген сауап жазатынын уәде етіп тұр.
Бұл ақиқатты ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай баяндайды: «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, оған он сауап жазылады» (Термизи). Ал басқа бір өсиетінде: «Кімде-кім Құранды оқыса және оған амал қылса, Қиямет күні ол адамның ата-анасына нұры күннің нұрынан да әдемі болған тәж кигізіледі. Ендеше, амал қылған адамның өзі жайлы не ойлайсыңдар?» – деген (Әбу Дәуіт). Демек, Құранды оқып, оған амал қылған адамның өзіне бұдан да артық сый-сияпат көрсетіледі деген сөз.
Құран оқыған адам өзінің де, тыңдаушылардың да жанына рахат сыйлайды. Сондай-ақ өзін де, тыңдаушыларды да сауапқа кенелтеді. Бұл турасында Алла Тағала: «Құран оқылған кезде оған құлақ салып, үнсіз тыңдаңдар! Сол кезде Алланың рақымына бөленесіңдер», – деген («Ағраф» сүресі, 204-аят). Ал Құранды үйрену және оны басқаларға үйрету бізді ең жақсы адамдар қатарынан қылады. Себебі Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйренген және басқаларға үйреткендерің», – деп айтқан (Бұхари). Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Адамдар Алланың үйлерінің біріне жиналып, Алланың кітабын оқыса және бәрі бірге үйренсе, оларға тыныштық түседі (жүректерін тыныштық баурайды), оларды мейірім қаптап, жан-жағынан періштелер қоршап алады және Алла Тағала оларды періштелердің ішінде еске алады», – деген (Мүслим). Бұл хадистен Құранды көпшілікпен бірге оқып, Құранның үкімдерін көпшілікпен бірге үйренудің қаншалықты маңызды екенін байқаймыз.
Құран оқудың осындай артықшылықтары себепті үмбетіне деген махаббаты ерекше Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді Құран оқуға шақырып: «Бұл Құранды оқыңдар. Себебі ол Қиямет күні өз иелеріне (яғни Құранды лайықты түрде оқып, амал қылған кісілерге) шапағатшы болады», – деген (Мүслим).
Құран иманды күшейтеді. Бұл жайлы Құранда былай делінген: «Нағыз мүминдер – Алла еске алынса, жүрегі қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, иманы артып, Раббысына тәуекел қылатын (жандар)» («Әнфал» сүресі, 2-аят).
Құран жанға тыныштық сыйлайды. Құранда бұл жайында: «Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады» («Рағыд» сүресі, 28-аят), – делінген.
Құран оқыған адам жаны мен тәніне шипа табады. Бұл жайлы Құранда былай делінген: «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді» («Жүніс» сүресі, 57-аят), «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят).
Құран кісіні ең жақсы адамға айналдырады. Бұл жайлы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны басқаға үйреткендерің» (Бұхари) деген болатын. Демек, Алланың сөзін оқуды білсек, жиірек оқығанымыз жөн. Ал оқи білмесек, үйренуге ден қоюымыз керек.

Ерболат ЖҮСІПОВ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.