Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рамазан айының ерекшелігі неде?

0 300

Сауаптар еселенеді

Имам Мүсілім таратқан риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Даңқты да ұлы Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан». Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі – оразасын ашқанда, ал екіншісі – Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық». Хадисте былай делінген: «Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай». Атақты ғұлама Ибн Ражаб әл-Ханбали өзінің «Латаифул-маъариф» атты кітабында былай дейді: «Ізгі амалдың сауабының ерекше еселенуінің себептері бар. Біріншісі, ізгілік жасалған жерге қатысты. Яғни орынның құрметтілігіне қарай онда орындалған іс-амалдың сауабы да еселенеді. Сондықтан да Мекке мен Мәдинадағы қасиетті мешіттерде оқылған намаздың сауабы айрықша. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Менің мешітімде оқылған бір намаз әл-Харам мешітінен өзге мешіттерде оқылған мың намаздан артық», – деген. Қасиетті мешіттерде орындалған ғибадаттардың сауабы да үлкен.
Ізгі амалдың сауабының еселенуінің тағы бір сыры оның орындалған уақытына байланысты. Мысалы, зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде және Рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік. Бір хадисте «Қай садақа қайырлы?» – деп сұраған кісіге Пайғамбар (с.ғ.с): «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берген». Басқа бір хадисте адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с.): «Рамазан айында орындалған ұмраның сауабы қажылықпен тең», – деген.

Азғырушы шайтандар кісенделеді

Тирмизи таратқан тағы бір риуаятта адамзаттың асыл төресі (с.ғ.с.) ұлық айдың ерекшелігі жайлы былай тарқатады: «Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен дүлей жындар кісенделеді. Тозақтың қақпалары тарс жабылады да, біреуі де ашылмайды. Жұмақтың қақпалары айқара ашылады да, біреуі де жабылмайды. Бір жаршы: «Ей, жақсылық қалаушы, баста! Ей, жамандық қалаушы, таста! Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады».

Жәннат есіктері ашылып, тозақ жабылады

Бұған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
هذا شهر رمضان جاءكم تفتح فيه أبواب الجنة وتغلق فيه أبواب النار وتسلسل فيه الشياطين
«Бұл келген Рамазан айы, онда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», – деген.

Күнәлар кешіріледі

Бұхари мен Мүсілімнің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.

Жүрек тазарады

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Күнделікті бес уақыт намаз, жұма намазы келесі жұма намазына дейін, Рамазан оразасы келесі Рамазан оразасына дейін осы аралықтарда жасалған күнә-қателіктерді, егер пенде үлкен күнәлардан сақтанса, кетіреді», – деген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.