Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Құралай сұлу кесенесі көлеңкеде қалмаса…

0 94

Құпиясын құшағына көмген даламызда әлі де толық ашылмаған, зерттелу жағынан кенжелеп қалған тарихи орындар мен тұлғалар аз емес. Солардың бірі – қазақ халқының тарихында сұлулықтың символына айналған Құралай сұлудың кесенесі.

Тарихқа көз жіберсек, Мойынқұм ауданы, Кіші Қамқалы ауылының маңындағы Құралай сұлу кесенесі – XVIII ғасырдың аяғында бой көтерген ерекше тарихи-мәдени мұра. Аңыз желісінде әділдігімен елге танылған Монтай би мен Келден батырдың тағдыры, Құралай сұлудың махаббаты суреттеледі. Аңыз бойынша Келден батыр жас кезінде қалмақтардың қолына түсіп, ханның тұтқынында бес жыл өмір сүреді. Сол жерде ол ханның қызы Құралаймен танысып, екеуінің арасында терең махаббат орнайды. Анасының қазақ қызы екенін білген Құралай Келденмен бірге елге қашуға бел буады. Бірақ қазақ жеріне оралғанда Құралай жолбарыстың шабуылынан қаза табады. Жас батыр сүйген жарына 40 нар жүк кірпіш артып, осы күнге дейін сақталған кесенені тұрғызады. Бұл оқиға – ел тарихындағы махаббат, ерлік пен адалдықтың көрінісі, ал Құралай бейнесі – мәңгілік сүйіспеншілік пен аналық рухтың символына айналған тұлға.
Жуырда Тараз қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Айым Абай тарих пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Айгүл Танибекованың жетекшілігімен «Құралай сұлу» тарихи ескерткішінің ұлттық мәдени маңызы» атты ғылыми жұмысты қолға алған екен. Әрине, жас буынның төл тарихымызға түрен салып, қадым заман көшіне қалам тартуы қуантады.
– Қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұралары ұлттың рухани қазынасы мен болмысының айнасы. Сол мұралардың бірі – Құралай сұлу кесенесі. Бұл ескерткіш тек сәулет өнерінің үлгісі ғана емес, сонымен бірге ел тарихындағы махаббат пен адалдық, адамгершілік пен қайсарлықты дәріптейтін аңызбен сабақтас киелі орын саналады. Құралай сұлу туралы аңыз ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа ауызша таралып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен эстетикалық талғамы жөнінде құнды деректер береді. Ал аңызбен байланысты салынған кесене – қазақ халқының тарихында әйел затына деген құрмет пен ұлттық құндылықтарды бейнелейтін ерекше ескерткіш, – дейді Айым Ерланқызы.
1996 жылы құлап қалған мазар 2014 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіріліп, суретші Айдархан Сихаевтың жобасымен биіктігі 9,5 метр кесене тұрғызылған. Бұл жұмыстарға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов пен жергілікті әкімдік өкілдері бастамашы болған екен. Сонымен қатар Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының қарамағына алынған бұл нысан бүгінде мемлекеттік қорғаудағы тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесіне ие.
Айым Абай зерттеу жұмысы аясында Мойынқұм ауданына арнайы барып, Құралай сұлу кесенесіне, аңыз бойынша оқиға болған аймаққа аялдап, ауыл ақсақалдарымен тілдесіп, көп дүниеге қанығып қайтыпты. Оның сөзінше, мемлекеттік қорғаудағы тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесіне ие нысан мен Құралай сұлудың бейнесі әлі де тасада қалып келеді, дәріптеу нашар. Тарихи нысанның танымалдығын арттыру үшін бірқатар өңірде жүзеге асқан «Мектеп – мұражай – киелі орын» атты жоба Құралай сұлу кесенесіне де керек.

– Құралай сұлу кесенесі жанында интерактивті ақпараттық стендтер, QR-код арқылы танымдық мазмұнға қолжетімділік, жас экскурсоводтар мектебі сияқты жобаларды ұйымдастыру заманауи мәдени-ағартушылық бағыттың бір көрінісі болар еді. Сонымен бірге жергілікті туризм инфрақұрылымын дамыту да маңызды. Құралай сұлу кесенесі мен оның айналасындағы табиғи-көркем ландшафтты біріктіріп, «Құралай сұлу ізімен» атты этнотуризм бағытын құруға толық мүмкіндік бар. Дегенмен, кесенеге баратын жол өте нашар, жол талғамайтын көлік болмаса, қарапайым машинамен жету мүмкін емес.
Жалпы, Құралай сұлуға байланысты оқиға Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасында көркем бейнеге айналып, халық жадындағы ауызша дәстүрді сақтап қалды. Сондықтан кесене туралы деректі фильм, виртуалды тур, мультимедиялық материалдар әзірлеу аса маңызды. Сондай-ақ мектептер мен колледждерде «Мәдени мұра және менің борышым», «Киелі жерлерге саяхат», «Өлкемнің аңыздары» сияқты сабақтар мен жобаларды жүйелі түрде енгізу қажет. Мәдени мұраның мәңгілік болуы қорғау, зерттеу және насихаттау үштігіне байланысты. Егер зерттеу ғылыми негізде жүргізілсе, қорғау заң мен тәртіп арқылы, ал насихат білім мен тәрбие арқылы жүзеге асырылады. Құралай сұлу мұрасын сақтау ісінде осы үш бағыт қатар дамуы қажет. Бұл бағытта жергілікті мәдениет басқармалары, тарихшылар, мектеп мұғалімдері мен қоғам белсенділері бірігіп жұмыс атқаруы маңызды, – дейді жоба авторы.
Айым Абайдың жетекшісі Айгүл Танибекованың айтуынша, бұл тақырыптың өзектілігі қазақ халқының ежелгі аңыздары мен тарихи деректерін байланыстыра отырып, ұлттық мұраларды қорғау мен насихаттау мәселесімен тікелей сабақтас.
– Қазіргі таңда тарихи ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру және келешек ұрпаққа жеткізу – ұлттық сананы нығайтудың басты бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда жоба жұмысы ғылыми және тәрбиелік маңызы зор еңбек. Жұмыстың ерекше жетістігі – автордың аймақтық тарихқа, яғни жергілікті ескерткіштерге деген құрметпен қарауы және олардың қазақ мәдениетінің тұтастығын көрсететінін дәлелдеуі. Кесененің халық жадындағы орны мен оны қорғау қажеттілігі жөніндегі ойлары ғылыми тұрғыдан дәйекті жазылған. Бұл жұмыс жас зерттеушінің ізденімпаздығы мен мәдени-тарихи сана деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді, – дейді педагог-зерттеуші.
Бүгінде «Алтын белгіге» үміткер Айым Ерланқызы – үздік аттестат иегері, Тараз қаласы шеңберінде жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық олимпиадалар жеңімпазы. Айталық, 2021 жылы Жаратылыстану пәні бойынша ІІ орын, 2023 жылы 14-17 жас категориясы бойынша қалалық «Үздік мақала» байқауының ІІІ орын, ал өткен жылы Қазақстан тарихы пәні бойынша Айгүл Танибекованың жетекшілігімен ІІІ орын иегері атаныпты.
Біз де өз кезегінде Айымның зерттеу еңбегіне толағай табыстар тілей отырып, көтеріп отырған мәселесін ел ағалары ескерусіз қалдырмайды деп сенеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.