Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әр жеміс – бір өмір

0 252

Адамның арман-қиялына шектеу жоқ. Сондықтан да өмірде өнердің сан алуан түрі іспетті қызық пен құпияға толы мамандық та көп. Әсіресе, шығармашылық адамының ой-өрісі ерекше. Оның ішінде режиссердің жан дүниесі қоршаған ортаны басқаша қабылдайды. Олар күннің көзі, гүлдің өзегі мен бәйшешектің бүршік атқан бейнесінен де қарапайым адамның ойына кіріп-шықпайтын дүниелер тауып алады. Олар үшін өсімдік те жай жеміс емес, оның түсі, өңі, түрі, тіпті дәмі әлдененің бастауы болуы мүмкін.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен Абжапаров

Оған дәлел – өңірдегі ауқымды іс-шаралардың өтуіне өз үлесін қосып, атсалысып жүрген талантты режиссер, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Облыстық халық шығармашылығы орталығы» РМҚК көркемдік жетекшісі Нұрали Абдуллаевтың бау-бақшаға деген қызығушылығы. Ол көктем келісімен жап-жасыл бақшасына кіріп, қолына кетпен алып, жер қопарып, жеміс егіп, сүйікті ісімен айналысқанды жаны сүйеді. Кетпеніне сүйенген сәт қиялына қанат бітіп, ерекше күйге бөленеді екен. Ол өзі өсірген алқызыл құлпынайдан да құпия іздеп, оның күн көзінен нәр алып, жапырағын жайып жетілген әр сәті қызықтырады.

Иә, өмірге көзқарасы ерекше, эстетикалық талғамы жоғары, бәрін басқаша ұғып, басқаша көзқараспен ұқтыра алатын мамандығы іспетті ол кісі өзінің әр ісінен өмір іздейтінін ұқтым…

Біздің бүгінгі мәтінге де жүк болған әңгіменің арқауы – аймаққа танымал режиссердің бақшаға құмартып, бағбандықпен айналысуында. Оның өзге бағбандардан ерекшелігі жер мен ердің сәнін ойлап, таңнан қара кешке дейін егін егіп, бау-бақшаға жегілгенімен қоймай, дәл сол жұмыс істеу процесінен жан ләззатын алатындығында болып тұр.

Күннің көзі жылынып, көгілдір көктем туа сала алақанын дәнге толтырып, бақшасына беттейді. Сол дәнді жерге сеуіп, түптеп, қопсытып, ағаш бұтақтарын кесіп, будандастырып, көшет отырғызып, арам шөбін жұлып, жеміс ағаштарының сапасын арттыру үшін барын салады. Әр процесс өзекті. Әр сәт өмірге деген қызығушылыққа, өсімдіктің өсіп-жетілудегі қызықты процестеріне толы. Міне, өз алақанымен мәпелеп, баптап өсірген еңбектің жемісін көру – бұл бағбанның ең ізгі жеңісі.

– Бақша өсіру – менің хоббиім деп айтпас едім, тек өз бақшам болған соң, осы іспен айналысқан ұнайды. Мұны бала кезімнен ата-анам үйретті. Өз қолымызбен көкөністер мен түрлі ағаштар отырғызып, одан жеміс алудың ләззатын балалық шақтан бері көріп өстік. Демек, еңбектің бұл түріне деген сүйіспеншілік тәрбиеден. Біреулер үшін бұл ауыр еңбек болса, мен үшін бақша – демалыс, қуаныш алаңы. Оның үстіне қазіргі уақытта бау-бақша көптеген отбасылардың асыраушысы болып табылады. Біріншіден, бұл – экологиялық таза өнімдер. Көкөністі, жемісті базардан немесе дүкеннен сатып алғанша, өз қолыңмен егіп, жемісін жегенге не жетсін?! Екіншіден, бәрін өзің отырғызу – көп отбасы үшін бюджетті үнемдеу. Білесіз бе, жұмыс күнінен кейін мен шынымен де бау-бақшамды аралап, рахаттана аламын! Мен әкем Өзбекстаннан маған әкелген анар ағашын да өсіріп жатырмын. Менің бақшамда інжір, алма, алмұрт, шие – бұлардың бәрі жайқалып тұр. Ал ең қызығы, әр ағаштың өз тарихы бар. Бақтағы әр талдың өз өмірі маған түрлі естелік сыйлайды, – дейді Нұрали Абдуллаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.